Исламдағы ерлер мен әйелдердің теңдігі

0
186

Көп адам барлық  дін  әйелдердің ерлерге бағынышты болуына қарай бағытталған деп ойлайды. Кез келген дінді оқып-үйренуде, оны құру мен дамытуда және басқаруда дінбасылары ер кісілерден болған. Олар әйелдерге толық жетілмеген, ақылы төмен, баршаға тәуелді, тұрақты бақылауда болуы тиіс бейшара жан ретінде қарады. Әйел қауымына деген мұндай жаңсақ көзқарас әйелдердің діндегі роліне қарап емес, белгілі бір тарихи кезеңдегі   әрекет беініне қарай туындаса  керек.

Исламда басқа діндерге қарағанда  ерлердің ролі  әйелдерден анағұрлым басым болып келгенін байқауға болады. Көптеген мұслман ғалымдарының еңбектерінде осындай пайымдауларды көптеп кезіктіреміз. Олардың көпшілігі әйелдерді әлсіз, жалтаң, күрделі мәселелерді шешуде ерлерден төмен тұратын  жан деп санауға әдеттенген. Осылардан да барып мұндай көзқарас шындығында  Исламға тән ба деген заңды сұрақ туады.  Бұл орайда, әрине тән емес және тіпті шариғат талаптарына қарсы деп айтар едім.

Ерлер мен әйелдер теңдігінің ережесін терең ұғына түсу үшін біз әйелдердің отбасындағы, қоғамдағы, экономика мен құқықтық және тұлғааралық әрекеттестіктегі орнын анықтауда бұгінге дейін айнымас құқықтық негіз болып келген Құран мен оның хадистеріне сүйенуіміз керек.

Құранда  ерлер мен әйелдердің Алла алдында тең, яғни пенде ретіндегі міндеттері бірдей екендігі айтылған және олардың әрқайсысы өзіне тән анатомиялық, физиологиялық, психологиялық қасиеттерімен ерекшеленеді.  Әрқайсысының қоғамда өзіндік қызметі бар. Әрбірі соны дұрыс атқарған кезде ғана мінсіз қоғам пайда болады.

Құранда «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар. Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық…» (2:228) деген аят бар.  Әйелдерді ерлерге бағынышты етіп ұстауды қалаған кейбір ер азаматтар осы аятты алға тартады.

Осы жерде әйел теңдігі мәселесіне қатысты түсінбестік тудырып жүрген бір жайтқа назар аударған жөн. Діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылады. Өйткені табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеттерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады.

Жоғарыдағы «Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық…» аятының тәпсірінде: «Егер осы (күйеуіне берілген) дәрежені мойындаса, әйелдің құқығы мен міндеттері (күйеуінікімен) бірдей», – деп жазылған. Міне, сондықтан отбасылық өмірде басшылыққа алынатын жалпы қағидат: «Қарым-қатынаста мейірімділік пен ізгілік және зиян тигізуден сақтану».

Ислам қоғамындағы әйелдердің басты ролі ана атану болып табылдады. Әйел күнкөріс үшін жанын аямай және адал еңбек етіп отбасы бірлігін сақтайды.Бала тәрбиесі әйелдердің негізгі міндеті деп есептеледі және әйелдің бұл тұрғыдағы міндеттері әкеден жоғары болып саналады. Содан да барып  әйелдердің балаларға қатысты құқы және балалардың анасына қатысты міндеттері әкеге қарағанда жоғары саналады. Анаға әкеге қарағанда  балаларға жоғары дәрежедегі жауапкершілік жүктелген, ал балаларға – анасына жоғары дәрежедегі жауапкершілікпен қарау міндеті жүктелген.

Осы орайда мына тамаша хадиске тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Онда пайғамбарымыз Мұхамедке (с.ғ.с.) оның мына дүниеде кімге айырықша құрмет көрсететіні жөнінде сұрақ қойғанда Мұхаммед(с.ғ.с.) оған «Өз анамды» деп жауап берген және осы сұрақты үш рет қайталағанда да үш рет осы жауабын қайталаған.Тек төртінші рет «Одан кейін мына жарық дүниеде кімді құрметтеуге тиістісіз?» деп сұрағанда барып: «Өз әкемді» деп жауап берген.

Дін мәселесінде Құран жалпыға бірдей ортақ өлшем   — Құдайға сенім мен тақуалық тұрғысынан  ерлер мен әйелдерді бөлектемейді. Дегенмен де әйелдер өздеріне тән физиологиялық ерекшеліктеріне қарай  ерлермен бірдей  міндеттердің кейбірін атқарудан босатылады.Мысалы, бала туғаннан кейінгі кезеңде бірқатар діни міндеттемелерді орындаудан босатылады.Сондай-ақ етеккірі келген әйел намазын қаза қылып оқымайды, ұстай алмаған парыз оразаларын қаза етіп ұстайды. Бұл әрине, әйелдердің мұсылман ретіндегі және қоғамдағы жағдайына нұқсан келтірмейді.

Құранда: «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы» деген. Ендеше, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасынының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым болдыға» салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс.

Иә, әйел болмысы басшылық не қаттылыққа емес, керісінше, мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттілікке бейім. Ал еркектердің болмысы дөрекілік пен қатігездікке емес, жауапкершілікке,  отбасына қамқоршы, қорған болуға бейім.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерлер мен әйелдердің арақатынасын сипаттағанда олардың екеуінің де Алланың алдында тең екенін атап көрсетеді. Адам баласы Ұлы Жаратушының алдында еркек немесе әйел болғандығымен немесе  байлық, мансабымен емес, иманының деңгейімен өлшенеді. Олай болса, еркек пен әйелден, оларға Жаратушы тарапынан асқан хикметпен берілген асыл  міндеттердің қаншалықты дәрежеде  атқарылғандығы маңызды болып табылады.

Гүлмира ШЕТЕНОВА,
Шымкент қаласы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ психологы.