Діни сауатсыздық діни экстремизмнің бастауы

0
480

Соңғы жылдары біздің жуас халықтың зәресін ұшырып, бүкіл әлемде бүлік тудырған терроризм және экстремизм белең алып, бейбітшілікті ұстанған мұсылман жұртшылығына үлкен жала жабылып, маңдайға қара күйе жаққандай.Бейкүнә бауырыңды өлімге қима, адам өлтіру үлкен күнә деп үнемі үгіттейтін ақиқат діні Исламның шын мәнісінде қандай екенін әлем мұсылмандары барынша дәлелдеуге тырысып жатыр. Дегенмен, кері жолға түсіп, біздің дінге сай емес ағымға ұрынған азаматтар,жалған сенімнің жетегіне еріп,әлі де тыныш елдің ұйқысын бұзып,түн ұйқысын төрт бөлуде.

Қазақстан әлем елдеріндегі рейтингте көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас болғанымен,діни экстремизм мәселесі елімізде әлі де қарастырылуда.

Осы таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспасөздерде,газеттерде және ғаламтор желілерінде шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм мәселәсі белең алуда.Бұл аталған мәселе әлемдік деңгейде орын алып отырғандығының белгісі болып табылады.Қазіргі қоғамда Ислам десе зәре-құты қашып қорқатын заманға да жетті.Себебі Ислам дінін жамылып көптеген жаман пиғылдарын іске асырып жаткан жат ағымдар жетерлік.

Алла тағала Құран Кәрімде: «Аллаға бағыныңыздар, оның пайғамбарына бағыныңыздар және өз араларыңыздан болған басшыға бағыныңыздар», — деп айтылып кеткен болатын.Құран Кәрімде айтылғандай: ел арасында ірткі салудың күнәсі,адам өлтіргеннің күнәсінен де ауыр.Егерде жазықсыз бір адамды өлтіретін болса, бүкіл адамды өлтіргендей күнә жазылады делінген. Тазалық пен бейбітшілікті ұстанған дініміз адам баласына имандылықты, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды,адамгершілікті насихаттайтындықтан мұсылманға көптеген жауапкершіліктерді жүктейді. Соның ішінде шынайы дінімізді насихаттау, халықты дұрыс жолға шақыру – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда ел мұсылмандарының орталығына айналып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан ел бірлігі, ішкі саяси біртұтастық мәселелері басты орындарға қойылып, тиісті деңгейдегі жұмыстар жүзеге асырылуда.

Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауыз біршілігін күшейтіп отыр. Алайда, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге кедергі жасап, түрлі іс-әрекеттерімен жұртшылықты, соның ішінде жастарды адастырып жүрген жат діни ағымдардың да барлығын айтуға міндеттіміз.

Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі – жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай толған түрлі сондай діни ағымдар десек артық айтқанымыз емес. Жат діни ағымдар қоғамға, ортаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсерін тигізіп, үнемі адастыру жолында келеді. Соның кесірінен көптеген отбасылардың ажырасуы көбейіп, әр-түрлі дінді ұстанудың нәтижесінде,қасықтап жинаған бұл бақытты,отбасларды екіге айырып жатыр.Психиканы өзгертіп Исламға қарсы іс-әрекеттерді істеуге жол бермеу керек.

Кемеңгер Елбасымыз Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевта өз сөздерінде ынтымақ, бірлік мәселелерін көтеріп, «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп ұдайы көңіл бөліп келеді. Сондықтан бұл қасиетті ұғымдар біздің елдігімізді, мемлекеттігімізді көрсететін негізгі ұстанымдардың бірі болып табылады.

Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап , намазында оқи отырып,қымызын да ішкен, оразасында ұстап, бәйгеде ат шаптырған.Бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып,келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.

Саян Тілләбек

Шымкент қаласы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

Дінтанушы маманы