ЕРЕЖЕП – КЕШІРІМ, МЕЙІРІМ, ШАПАҒАТ АЙЫ

0
529

2022 жылдың 03 ақпан – қасиетті Ережеп айының бірінші күні!

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын! Ережеп  айына жеткенімізге жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Құрметті мұсылман бауырлар! Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айы басталғанда: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр – деп дұға еткен. Дін ғұламалардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады» деген екен.

Құрметті көпшілік қауым! Бұл ай Алла Тағаланың айы.  Сол себепті, бір-бірімізге көмектесіп, жетім-жесірлерге қайырымдылық жасап, елімізге пайдалы істермен шұғылдануымыз қажет. Әрбір сәттерімізді пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, нәпіл ораза ұстап, дұға етіп, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып,  араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласу керек. Сондай-ақ, мүмкіндікке қарай түрлі бағытта қайырымдылық  һәм ізгілік жасауды ұмытпаған жөн.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әмин!

Бақдаулет  қажы Абдрахманов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласының бас имамы