Бірлік, Ынтымақ — қуаттың, күштің көзі

0
489

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық,әділдік, ынтымақ , ізгілік , бірлік болуын көздейді .

Ислам діні — бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты дін.

Ислам діні — адамның абыройы мен ар — ожданын бәрінен де жоғары қояды.

Отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақтайды, әлеуметтік әділетті көздейді.

Ислам діні — бүкіл тіршілік иесінің бірде — біріне қылдай қиянат жасамауға, бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жәйттерге ешқандай да жол бермеуге үндейді.

Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: “ Расында Мүміндер — бір — біріне шынайы бауыр . Олай болса, бауырларыңның арасын жарастырыңдар , сондай — ақ  Алладан қорқыңдар! Міне, сонда Оның рақымына бөленесіңдер “ — деп бұйырған. (“ Хұжрат” сүресі, 10 — аят .)

Әлемге Рақым етіп жіберілген, Пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде :

“ Сендер иманға келмейінше Жұмаққа кіре алмайсыңдар. Бір — біріңді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыңдар. Сендерге бір — бірлеріңді жақсы көріп қалатын істі айтайын ба?

Араларыңда сәлемді жайыңдар “ — делінген. (имам Муслим .)

Біз — әлмисақтан кісілік кейпін сақтауға, ана сүтін ақтауға талпынған, дін мен дәстүрді үйлестіріп, үйлесімді, өнегелі өмір сүрген Мұсылман халықпыз.

Ислам дінінің қазақ топырағына келуімен көптеген жақсылықтарға қол жеткіздік.

Салт — Дәстүріміз, бітім болмысымыз Ислам діні мен біте қайнасып, өркениетке қадам басқан халықпыз.

Халқымыз: “ Бірлік — береке бастауы “

“ Байлық байлық емес, бірлік байлық “ — деп білген.

Қаблиса жырау: “Бақыт қайда барасың ? — дегенде, “ Көршімен болған бірлігі , тағат , ғибадат тірлігі , ұйымшыл елге барамын “ — деген екен .

Көршілермен қандай мәміледе болу керектігі жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ) хадисінде :

“ Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар: 1 — Ол — сенің көршің болғаны үшін.

 Егер көршің Мұсылман болса, екі міндетің бар: 1 — көршің,

 2 — Мұсылман болғаны үшін.

Ал, егер көршің Мұсылман туысқаның болса, үш міндетің бар:

1 — Көршің. 2 — Мұсылман. 3 — Туысқаның болғаны үшін“. — деген.

Хакім Абай: “ Адамды сүй Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа “

“ Біріңді, қазақ ,бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”,- деп адам баласына құрмет көрсетуге ,бірлік, ынтымаққа шақырған .

Міне, қазіргі таңда бізге осындай бауырмалдық қажет. Шынайы бауырластық бір — бірімізді жақсы көрумен болады.

Бірлік, Ынтымақ — қуаттың, күштің көзі, ал бөлінушілік, жікшілдік бәлекеттің, апаттың көзі.

Алла Тағала ынтымақтан, бірлігімізден айырмасын.

Қазақ Еліміздің еңсесі биік, Ислам дініміздің діңгегі берік болсын!

Шымкент қаласы, Абай ауданы
“Темірші ата “ мешітінің Имамы
 Ербол Қалшабек Тастанбекұлы.