Исламда өзге діндерге қатысты толеранттылық бар ма?

0
467

Сұрақ: Исламде өзге діндерге қатысты толеранттылық бар ма?

Жауап: Исламның алғашқы кезінде-ақ мұсылмандар Мәдина шаһарына қоныс аударып келісімен қаланың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қоғамдағы түрлі дін өкілдерімен келісім жасасуды қолға алды. Сол кезде Мәдинада мұсылмандармен қатар яһуди, араб мүшриктері және насранилер де тұратын. Пайғамбар қаладағы түрлі мәселелерді шешу үшін сахабалармен және мұсылман емес басқа да дін өкілдері топтарымен кездесіп, кеңесті. Нәтижесінде Мәдина халқын жүйеге қойған бір келісім жасалды.

Қоғамдық келісім болып табылатын бұл құжат мәтінінде өзара саяси және экономикалық, құқықтық қарым-қатынастар, шетелдіктермен байланыс, басқару, сот жүйесі, тұрғындардың дін және ұждан бостандығы, жауапкершлік мәселелері қамтылды.

Сондай-ақ, араб түбегінде Нажран аймағында қалың христиандар тұратын. Тарихта «санату әл-уафд» (делегация жылы) деген атаумен танылған оқиға бар. Нажрандық христиандар пайғамбардың (с.ғ.с.) өздеріне жолдаған хатына байланысты 60 кісілік делегацияны Мәдинаға жібереді. Бұл алғашқы топтық дипломатиялық қатынастардың бірі еді.

Нажрандық делегация екінті намазы кезінде пайғамбар мешітіне келді. Мұсылмандар намаз оқып жатқан-ды. Нажрандықтар да мешітке кірісімен шығысқа бет бұрып, құлшылық жасай бастады. Сахабалар бұларды түзегісі келсе де пайғамбар (с.ғ.с.) оларға тиіспеу керектігін ескертті. Олар емен-еркін құлшылықтарын қылып, кейін пайғамбарға (с.ғ.с.) сәлем берді. Келіссөз жасалды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ