«Өңірлерде ақпараттандыру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында, Жамбыл облысы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының, аймақтық өкілі Зүнінқожа Зұлқарнайын Бұрханұлы, Тараз қаласы ЖД 158/4 қатаң режимдегі түзеу мекемесінің мамандары А. Акылбайұлы және С. Токсанбаевпен бірлесе отырып, сотталушы азаматтарға «Діни радикализм көрсеткіштері» атты тақырыбында семинар өткізді.Бүгінгі таңда діни радикалдану белгілерінің бірі болып табылатын құбылыс ол — мазхаб мектептеріне сыни қарау немесе хадис үкімін жоғары қою түсініктерімен тікелей байланысты. Кейбір діндар азаматтар діннің негізгі принциптері «құран және сүннет» болса, онда сүннетті бізге сипаттайтын бірден бір құрал ол — хадис деп түсіндіреді. Әрине бұндай тұжырым сырттай қарағанда орынды болып табылғанымен, бұның астарында көптеген меңгеру қажет болған дүниелер жатыр.Кез келген хадис, мейлі оның дәрежесі сахих (сенімді) болсын, онымен амал қылмас бұрын ғалымдардың осыған байланысты қандай пікірде болғандарын және қабылдау шарттары аясында танысқан жөн. Өйткені әрбір келген хадистің айтылу себебі мен орындау ерекшелігі әртүрлі. Бұл орайда көптеген бір-біріне мағынасы жағынан қарама-қайшы хадистер мен хабарларды мысал келтіруге болады.Иә, аят-хадистерді білу басқа, олардан ереже-қағида мен үкім шығару басқа. Бұл тұрғыдан алғанда, хадис ілімін үлкен дәріхана деп есептесек, ал фақиһ, мүжтаһид ғалымдарды дәрі-дәрмектерді сырқатқа сай етіп таңдап беретін дәрігерлерге ұқсатуға болады.Мәзһаб — жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Әрбір мазхаб имамы Алланың дінін қоғамға ең көркем бейнеде, әрі ең дұрыс деп танылған көзқарасты айшықтап түсіндіруге тырысқан.Мәзһаб — ол Алла Тағаланы құлдарына деген рақым-мейірімінің көрінісі. Мәзһаб — ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мақтаған Исламдағы алғашқы үш ғасырдың бірінде қалыптасып, мұсылманның өмірлік жағдайы мен таным тұрғысындағы барлық сұрақтарға негіздемелер жиынтығын құрайды.Шариғатта «мәзһаб» деп арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын айтады. Әр мәзһабтың басында мүжтаһид имамдар тұрады. Мүжтаһид «ижтиһад» деген сөзден туындайды. Ижтиһад дегеніміз — ғалымдардың белгілі бір мәселеде құран, хадис, ижмағ, қиас секілді шариғи қайнаркөздерден діни үкім шығаруы. Мысалы, Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифа «Құран мен Сүннетті» әбден зерттеп-зерделеп шығып, намаздың парыздары мен сүннеттеріне қатысты және басқа да қосымша амалдарын көрсетіп кетті. Тура осы секілді басқа мазхаб имамдары намазға, немесе дәрет алуға қатысты үкімдер бере отырып, ең сенімді деген көзқарастарды ұсына білген.Қарапайым халық үшін шариғи дәлелдердің орнына муштаһид ғалымдардың берген пәтуалары жүреді. Ілесуші халық үшін шариғи дәлелдердің бар немесе жоқ болуы оларға әсер етпейді. Себебі қарапайым халық одан ешнарсе түсінбейді. Сондай ақ, исламдағы дәлелдерді зерттеу және одан үкім шығаруға діни білім жоқ адамға рұқсат етілмейді. Өйткені құранда білмегендер үшін білім иелерінен сұрауға нұсқаулық көрсетілген.Біз ғұмыр кешіп жатқан ғасырда кімнің пәтуа беретін ғалым, кімнің уағызшы екендігі нақты белгісіз. Осы екі бөлек ұғым бір бірімен араласып, шатасып, олардың аражігін ажырату қиындап кетті. Нәтижесінде адамдар кімге сенерін білмей, алаңдап қалды.Негізінде пәтуа мәселелеріне, оның ішінде салыстырмалы фиқһи мәселелерге тек ғылыми тұрғыдан арнайы маманданған ғалым кірісуі қажет. Бұл маман, аталған ғылымдар бойынша терең меңгеруі тиіс. Сондай ақ, фиқһ тұрғысынан әрбір мәселелерді талқылауда мол тәжірибесі болуы өте маңызды. Пәтуа берілетін кезеңнің шартын, жағдайын жан-жақты терең бағамдай алатын қабілеті, дін саласында белгілі бір салмағы бар дәрежелері болуы тиіс.Өкініштісі сол, біздің заманымыздағы уағызшылар да алған білімдері аз болғанына қарамастан, уағызшы атануға бейім келеді. Өздерін ғылымды меңгерген жандай сезінеді және солай көрсеткісі келеді. Әсіресе хадис ғылымын меңгердік деп менменсіп пәтуа беруге, сабақ оқытуға кірісіп кеткендер де аз емес. Міне осылайша олар адамдардың ақиқаттан жырақтауының, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан негізі берік ғылыми әдістемеден, жүйеден ауытқуына себепші болып отыр.«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *