Діни радикализмнің іс-әрекеттері

0
340

Кез-келген әлемдік дәстүрлі діндердің негізгі мәні, функциясы – адамзаттың бойына ізгілік, мейірімділік, мақаббат сезімдерін қалыптастыру арқылы қоғамда тыныштық пен бейбітшілікті орнатып, тұрақтылықты сақтау және Жаратушы мен адамдардың арасында өзара байланыс орнату болып табылады. Десек те, кейбір топтар діннің осындай құндылықтарын сырып қойып, дінді өз мүдделері мен пайдалары үшін өзге арнаға бұруға тырысып отырады. Оған дәлел ретінде соңғы уақыттардағы әлемде Ислам дінін ұстанушы мұсылмандардың арасынан діни фундаменталды, радикалды көзқарастағы адамдардың шығуы. Әрине, мұндай адамдар шынайы, дәстүрлі Исламды ұстанушылардың арасынан емес, жоғарыда айтқанымыздай белгілі бір мүддеге жетуі үшін Исламның құндылықтары мен алғы шартарын өзгертіп, теріс діни идеялогияны таратқан, сол идеялогияның құрбаны болған адамдардан шығады. Өкінішке орай, мұндай теріс пиғылды діни идеялогиялардың құрсауына ілінгендердің арасында еліміздің азаматтары да бар. Мұның басты себептерінің бірі – ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі кереғар діни уағызшылардың әсері екені баршамызға белгілі.

Біз, қарапайым адамдардың немесе дәстүрлі дінді ұстанып жүрген кейбір адамдардың бойына қалайша діни фундаменталистік, радикалистік көзқарастар қалыптасатынын анықтау үшін дін мамандарына жүгініп, пікірлерін білген болатынбыз. Жалпы кез-келген жат пиғылды діни идеялогиялық топтардың құрсауына түсетіндер негізінен — дінге жаңадан келуші, діни сауаты төмен, кез-келген діни ақпараттар мен мәліметтердің рас-өтірігіне көз жеткізе алмайтын, оны талдауға діни білімі жетпейтін және  дінге шынайы, күмәнсіз сенген кез-келген діни ақпараттарды ақыл-ой сүзгісінен өткізбейтін адамдар болып табылады. Деструктивті діни топтар осындай қарапайым дін ұстанушы адамдарды өз қатарына тарту барысында арнайы ілімдер мен психологиялық теорияларды қолданады.

Мысалы НЛБ яғни нейролингвистикалық бағдарламалау деген ілімді және сондай-ақ, психологиядағы «Өзгертулер» теориясын пайдалану арқылы кезең-кезеңмен жұмыс жасайды. Адамға өзінің діни сенімі ғана дұрыс екенін, өзгелердің адасқан жолда екенін айтып, ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін жоққа шығарады. Сол жұмыстардың нәтижесінде бұрын белсенді болып, барлық ортада өзін еркін сезініп жүрген адамды қоғамнан оқшаулайды. Осылай адамды оқшаулау олардың ең  басты мақсаты болып табылады. Себебі қоғамнан оқшауланған адамның бойында басқаларға деген жек көрушілік сезімі туындайды. Сол арқылы фундаменталистік және радикалдық көзқарас қалыптасады. Радикалистік көзқарастағы адамдар өмірге бір жақтама қарап, ең алдымен ел арасында бөлінушілік, жек көрушілікті қоздырады. Жоғарыда атап өткеніміздей, діннің негізгі  құндылықтарына қарсы шығып, қоғамда діни алауыздықты туындатып, елдің бірлігін, тыныштығы мен ынтымағын бұзуға себеп болады.

Сондықтан да әрбір дін ұстанушы адам өзінің діни сауатын жан-жақты жоғарылатып, кез-келген діни ақпараттар мен мәліметтерді саралай алуға мүмкіндігі болуы тиіс. Сондай-ақ, діни білімді алуда арнайы мамандардан, мешіттердегі имамдардан сұрап, теріс пиғылды діни топтардың адамдарынан сақ болуымыз қажет.

Б.Жүнісов,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының»
әлеуметтанушысы