Зайырлылық – мемлекет пен ұлт тұтастығының кепілі

0
5666

«Қазіргі Қазақстан – бұл нарықтық экономикасы бар, демократиялық, зайырлы мемлекет».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Тарихымызға назар салып қарасақ, зайырлылық қағидаттары жат болмағанын байқаймыз. Ата Заңымыздың алғашқы бабының әуелгі тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деген қағидаттар қазақ даласының һәм ұлтымыздың сан ғасырлық тарихи тәжірибесімен ұштасып жатыр.

Зайырлы мемлекеттің басқару жүйесінің құқықтық қағидаттарға негізделуі, ар-ождан және сенім бостандығының қамтамасыз етілуі, рухани құндылықтардың қастер тұтылуы десек, осы ұстанымдар ғасырлар бойы сол дәуірдің түсінігіне сай қалыптасып келе жатқаны анық.

Зайырлылық – қоғам өмірін құқықтық тұрғыдан реттеп, ұлттық рухани құндылықтардың сақталуы мен дамуына жағдай жасайды. Ұлттық таным мен елге, жерге деген құрмет сезімін қалыптастыратын зайырлылық ұстанымы – мемлекеттің жан-жақты дамуының кепілі. Сондықтан бүгінгі адамзат қоғамына тән өзгермейтін құндылықтардың бірегейі де сол зайырлылық. Бұл ұстаным көптеген қоғамдарға және ұлттарға ежелден етене тән. Көптеген көзқарастар тұжырымдала келе кез келген мемлекеттің сипатына әсер еткенін байқаймыз.

Баршамызға белгілі, Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыздың кіндігі кесілді, туған жердің топырағында өмір сүрді. XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығынан аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, жаңа өмірді жаңғыртып, еңбек пен мәдениеттің салтанат құруы үшін, келісімі жарасқан өркениеттің адамзатпен бір сапта болуы үшін жаңаша өмірге қадам басты.

«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын Мемлекет басшысының жолдауынан еліміздің жаңа бағыт түзеп, дамудың даңғыл жолына түскенін көріп отырмыз. Тәуелсіз еліміздің ең алдымен, сан түрлі ұлттардан және конфессиялардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Жасампаздығымызбен жаңа белеске көтеріліп келеміз. Қазақстан отыз жыл ішінде демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққанын жақсы білеміз.

Еліміз зайырлы мемлекет ретінде азаматтарымызға, ұлтымызға, халқымызға ар-ождан бостандығын бере отырып, белгілі бір дінді таңдауға мүмкіндік ұсынды. Ең алдымен, ол – Тәуелсіз Қазақстанның азаматы, себебі кез келген азаматтың бойында діни құндылықтармен қатар азаматтық, елдік, патриоттық қасиеттер бар. Ол өзінің діни наным-сенімі мен бойындағы құндылықтарын азамат ретінде еліне, ұлтына арнайды. Сондықтан діни сенім мен азаматтық қасиеттерді және ұлттық қүндылықтарды ешуақытта бір-біріне қарсы қоюға мүлдем болмайды.

Елдің азаматтары зайырлылық қағидаларын мемлекетіміздің баянды болашағының кепілі ретінде сезінсе, теріс әрекеттерге, әсіресе бүгінгінің өзекті мәселесі болған әсіредіншілдікке бой алдырмас еді. Себебі, кешегі қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандар арасында дін атын жамылған лаңкестердің де бар екені айтылды. Алайда, олар мұндай сұмдық әрекетке, біріншіден, мемлекеттің зайырлы ұстанымын мойындамай, екіншіден, дінді құндылық ретінде дұрыс ұғынып-түсінбей, сырттан келген теріс ақпаратқа ергендіктен барған. Бұл әрекеттер рухани құндылықтарды күйретуге бағытталып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндірді.

Сондықтан да қоғамда кейбір азаматтар зайырлылық дегенде мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлек деген қағиданы біржақты түсініп, дін мен мемлекетті, ұлт пен дінді, тіпті дін мен қоғамды бір-біріне қарсы қоюда. Дін қоғамнан, қоғам діннен бөлінбейді, ол мүмкін де емес. Өкініштісі, дін мен қоғам байланысын тым тар мағынада түсініп, бүгінде бұл мәселені тек экстремизм, терроризммен күрес аясында ғана қарастыру үрдіс алуда. Қазір дін мен қоғамның жан-жақты ықпалдастығы олардың өзара әсерлі, тартымды байланыстарынан көрінеді: дін және мемлекет, дін және ұлт, дін және өнер, дін және әдебиет, дін және экономика, дін және дәстүр, дін және еңбек, дін және БАҚ т.б.

Еліміздің танымал сарапшылары қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда зайырлылықтың орны ерекше екендігін айтады. Себебі, зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекеттің сипаты екендігі үздіксіз айтылуда.

Мәселен, белгілі дінтанушы, ғылым докторы Мұхан Исахан бұл жайында: «Біздің мемлекетіміз Ата Заңымызда көрсетілгендей, дін қатынастарын реттеуде зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. Алайда, зайырлылықтың қатып-семіп қалған абсолютті догма емес екенін дұрыс түсінуіміз керек. Нағында, зайырлылық деп – халықтың діни-рухани мұң-мұқтаждықтары мен талап-тілектерін қанағаттандыруда мемлекет мүддесі ескерілген саяси-құқықтық шешімдердің жүзеге асуын айтамыз. Яғни, зайырлылық – ұдайы қозғалыста болатын тірі организм, соған сәйкес ол қажет кезде модернизацияланады», – дейді.

Қоғамда зайырлылық қағидаттарымен қатар діни қызмет және ұлттық құндылықтар әрдайым өз арнасымен жалғасып, насихатталып келеді. Оның насихатталуы мен нығаюы – Қазақстан дамуының басты нәтижелерінің бірі. Өйткені, дін де ұлттың ұлы құндылықтары тұрақтылық пен бірлікке қызмет ететіні аян.  Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің тұрақтылығына, дамуына, береке-бірлігімізге нұқсан келтіретін жат түсініктің алдын алу – әрқайсысымыздың негізгі міндетіміз.

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп халқымыз бекер айтпаған. Тәуелсіз елімізде жақсыны көруге де, оқып-білуге де жан-жақты мүмкіндік жасалғанын бағалай білейік. «Жат түсінік» өзінің атынан белгілі боп тұрғандай, ол – бізге «жат». «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, дін тек сенім мәселесіне емес, мораль мәселесіне де тікелей қатысты, дін – кемел мінез, кемел ой, кемел білім қалыптыстырып, ұлтымыздың ұлы құндылықтары арқылы даналықтың шыңына жете аламыз. Ал даналықтың шыңы ұлттың құндылығы, діннің тағылымы, өмірдің талабы, халықтың ықыласын танытады.

Ендеше халықтың, елдің көңіліне қаяу түсіріп алмай, дамудың даңғыл жолымен, халқымыздың құндылығымен бірге өмір сүре отырып, береке бірлігімізді одан сайын бекіте түсуіміз қажет.

Әсет НҰРОВ,

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы