Дін саласы қызметкерлеріне айлық курс басталды

0
478

Бүгін «Нұр-Мүбарак» университетіне еліміздің түкпір-түкпірінен діни салаға тікелей қатысы бар 73 маман, яғни теологтар, исламтанушылар, имамдар, дінтанушылар бас қосты. Олар бүгіннен бастап «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалды көзқарастан арылту және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» курсында бір ай бойы білімін жетілдірмек.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті мен «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен биыл үшінші рет өтуде.

Курстың салтанатты ашылуында ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат кіріспе сөз сөйлеп, діндегі Отанға қызмет пен орта жолды ұстанудың маңызына тоқталып, барлығына сәттілік тіледі. Ал НМУ ДЭҚІҚО директоры Тимур Нүсіпханұлы дәрістердің өту барысы мен курсқа жауапты маман университеттің қауым.профессоры Сұлу Исабаевамен таныстырып өтіп, ары қарай дәрістер басталып кетті.

Бүгінгі қоғам мен уақыт талап еткен мәселелерді қамтитын 16 пән 140 академиялық сағатқа негізделген курсқа еліміздің барлық аймағынан діни салаға тікелей қатысы бар мамандар қамтылған. Әдістемесі бойынша курс академиялық тәсілімен және дерадикализация әдістерінің академиялық мәселелерін, мақсатты топтармен (радикалдармен) атаулы түсіндіру жұмысын ұйымдастыру және деструктивті діни ағымдарға ерушілермен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін қамтитын өзекті дәрістік бағдарламасымен  ерекше.

Ал оқыту бойынша ҚР-да өз саласында білікті әрі жетекші мамандардан құралған оқытушы-профессорлар, яғни еліміздегі бірегей ислами жоғары білім  ордасы «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, сондай-ақ осы салада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының тәжірибелі мамандары дәріс беруде.

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі