Діни конфессиялық және конфессияаралық қарым-қатынастың үйлесімін қалыптастырудағы негізгі психологиялық қағидалар

0
541

Қазақстанда қазіргі таңда көпэтникалық және конфессионалды Қазақстан халқының діни мүддесін білдіретін 18 конфессияның өкілдері бейбіт қатар өмір сүреді және өзара әрекеттеседі.
Қазіргі уақытта еліміздегі конфессиялар – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі, Қазақстандағы Рим–Католиктік шіркеуі, Қазақстандағы Иудаизм, Қазақстандағы Буддизм бейбітшілік пен келісімді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Олар мәдениеттер мен дәстүрлердің және көзқарастардың әр алуандығына қарамастан, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында, бейбітшілік пен татулық үшін мәдени, діни іс-шараларды «Бейбітшілік пен келісім сарайында»келісе отырып жүзеге асыруда.
Жаһандық әлемдегі ахуал кез-келген аймақтағы жергілікті жағдайды айқындауға ықпал ете алады. Сондықтан, әлемдік қауымдастық тұрақты дамуға қол жеткізу үшін конфессияаралық, мәдениетаралық келісімді сақтауға мүдделік танытуда. Біріншіден, конфессияаралық келісімді нығайту заманауи сын-тегеуріндер мен қақтығыстарды болдырмауға септігін тигізе алады. Екіншіден, аймақаралық шекара түсінігі уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтуда, әлемнің кез-келген мемлекеті босқындар мен жер аударушыларға тиісті назар аударуға мәжбүр. Яғни, жер халқының шынайы келісім мен түсіністікті көрсетуге әзірлігі сыналатын уақыт десек те болады. Үшіншіден, қоғамда берік орнатылған конфессияаралық диалог пен өзаратүсіністік қазіргі уақытта әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеліп соққан экстремизм мен терроризм, ксенофобия, рухани сауатсыздық пен үстемдік етуге талпынушы күштермен күресуге үлкен мүмкіндік береді.
Өкінішке орай, әлемде коронавирус пандемиясының таралуы қоғам өмірінің аксиологиялық қырларын қайта қарастыруға мәжбүр етті. Экономикалық, әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне қарамастан, конфессияаралық қарым-қатынастарды сақтай отырып, бірлесе ортақ іс атқару қандай жағдай болмасын басымдылыққа ие екендігін көрсетті. Бірінші кезекте, конфессияаралық келісім мен татулықтың адамзат өміріне тигізер пайдасының үлкен екендігі айқындалды. Атап айтсақ, қиын шақта адамдарға жәрдем берушілердің алдыңғы шебінде дәрігерлермен қатар діни қайраткерлер аса үлкен белсенділік пен қамқорлық таныта білді. Әлемдік діни қайраткерлер қарапайым адамдардың сенімін арттыру және жақсылыққа үмітін ояту үшін аянбай еңбек етіп келеді. Діни ғибадатханалардың жабылуына қарамастан, діни басшылар цифрлық және технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып өз сенушілеріне тиісті рухани қолдау көрсете білді. Діни, ұлттық қатыстылығына қарамастан кез-келген адамға рухани тұлға ретінде қарауға шақыра білді. Халықаралық деңгейде әр түрлі дін басшыларының бір мезетте дұға оқу бастамаларының кең таралуы осының дәлелі. Орын алған жағдай жаһандық күн тәртіптің басты назарында – ізгілік, адами борыштар, қамқорлық, жанашырлық пен адамгершілікке негізделген конфессияаралық келісім мен татулық әрдайым өзінің өзектілігін жоғалтпайтынына көз жеткізуге ықпал етті.
Еліміздің көп ұлтты және көп конфессиялы жағдайы– өз кезегінде мемлекетіміздің әлем сахнасында қарыштап дамуымен қатар, қоғамымыздағы діни ахуалдың өзара үйлесімділік пен татулық негізінде жүзеге асуына әсер етуші тегершіктердің бірі.
Зайырлылық ұстанымы негізінде қоғамда діни сана мен толеранттылықты арттыру, халықтың дін саласындағы рухани қажетін өтейтін мәселелерге аса ұқыптылықпен қарау күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің қатарынан орын алып отыр.
Сол себепті де идеологиялық саладағы басты міндетіміз – діни саладағы мемлекеттік саясатты халыққа жеткізу, қолданыстағы заңнаманы түсіндіру, дәстүрлі құндылықтар мен зайырлылық қағидатын насихаттау, тұрғындардың түрлі топтары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу.

Гүлмира ШЕТЕНОВА,
Шымкент қаласы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ психологы.