Алауыздық жамағаттан алыстатады

0
79

Қоғамда адамдар арасындағы қарым-қатынаста жіберетін қателеріміздің бірі – ережелер мен қағидаларда адамдарды жарғылау барысында барлығы бірдей білімге не болмаса бірдей күшке ие деп есептейміз. Дегенмен, ережелер мен қағидалар барлық адамдарға тең дәрежеде қойылғанымен кей жағдайларда оларға бағынбауы немесе ерекшеленуі әбден мүмкін.

Фиқһ ережелерінен мысал келтіре отырып мәселеге тоқталар болсақ, екі түрлі ереже туралы айтуға болады. Бұлардың біріншісі – барлық жауапкершілік жүктелген адамдардың барлығына қандай жағдайда болмасын тең дәрежеде ешқандай қиыншылықтар ескерілмеген жалпы ереже. Бұған «Азимәт» делінеді. Ал екіншісі кей жағдайларды ескеріп, қиыншылықтар мен кедергілер болған жағдайға тап болған адамдар үшін жеңілдетілген үкімдер бар, ол «Рухсат» деп аталады.

Құран Кәрімде Алла тағала барша мұсылмандарға: «Рамазан айына жеткендер ораза ұстасын!» деп жер бетінде ислам дінін қабылдаған барлық мұсылмандарға бұйрық береді. Бұл бұйрықтың артынан «Аурулар мен жолаушылар ұстай алмаса, басқа күні ұстасын» дейді. Осылайша ереже бұзылмайды әрі барша мұсылмандарға тең үкім берілмейді.

Бұл мәселе өте маңызды, яғни егер бір мұсылман оны дұрыс түсінбесе немесе дұрыс жеткізілмесе, адамдар арасында үлкен мәселелер туындайды. Мысалы, мектепте мұғалім оқушыларға үй тапсырмасын береді. Ол әркімнің үй тапсырмасын белгілі бір күнге дейін орындап, әкелуін талап етеді. Алайда, бұл оқушылардың арасында ауырып қалғандар, туыстары бақилық болғандар және басқа да дәлелді себептермен үй тапсырмасын орындай алмай қалғандар болуы әбден мүмкін.

Енді ұстаз оқушыларына: «Не болса да, үй тапсырмасын уақытында тапсырмағандарды үй тапсырмасын орындамаған деп есептеймін!» десе, сыныпта жоғарыда айтылған қиын жағдайға тап болған оқушылар, тапсырманы орындауда үлкен мәселе туғызады. Бұндай жағдайда мұғалімнен күтілетіні, оқушыларға үй тапсырмасы бойынша туындаған қиындықтар мен кедергілерді жеңілдету, қажет болған жағдайда оларға қосымша уақыт беру.

Тәжірибелі ата-ана, тәрбиеші не болмаса басшы және менеджер болудың құпиясы міне осы жерде. Бір жағынан қойылған ережеден айнымау, екінші жағынан сол ережені қолдану барысында адамдардың ерекше жағдайларын немесе кездескен кедергілерін, қиыншылықтарын ескеру.

Сондай-ақ бұл адамның қандай қиындықтарға немесе кедергілерге тап болғанын білдіруі талап етеді. Алла Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бұл мәселеге қатысты мына сөздеріне назар аударатын болсақ: «Адамдарға имамдық еткен адам жеңіл (қысқа) намаз өткізсін; өйткені жамағат арасында әлсіреген, қарт, (немесе жұмысқа тезірек баруға асыққандар) мұқтаж адамдар болуы мүмкін». (Бұхари, «әл-Жәмәә Уәл-имамә», 33; Муслим, «Салат», 184)

Муаз бин Жәбәл жамағатқа имам болған бір күні түнгі намазға имамдық етіп, «Фатиха» сүресінен кейін «Бақара» сүресін оқи бастады. Ұзақ оқығаны сонша, намаз аяқталмаса да жамағаттың бірі намазын өзі сәлем беріп аяқтады. Мұны білген Муаз әлгі кісі туралы: «Ол екіжүзді», – деді.

Мұны естіген әлгі кісі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) мән-жайды былай деп жеткізді: «Уа, Алланың Елшісі! Өз қолымызбен (күні бойы) жұмыс істейміз, түйелерімізбен су тасимыз. (Сондықтан кешке шаршаймыз). Кеше кешкісін құптан намазын оқып жатқанда Муаз «Бақара» сүресін оқи бастады және ұзақ оқыды. (Шыдай алмай, намазды өз бетіммен аяқтағанымда) менің бұл әрекетіме екіжүзді деп айыптады», – деді.

Сонда Алла Елшісі Муазға қатты ашуланып, үш рет: «Муаз! Сен неге алауыздық тудырасың?» – деп ұрысты. Сосын «Шәмс және Әғлә сияқты сүрелерді оқы!». – деп бұйырды. (Бұхари, «Адаб», 74-хадис; Муслим, «Салат», 36-хадис)

Бұл оқиғада Алла елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Муазға қатты ашуланып, оған үш рет: «Сен неге алауыздық тудырасың?» деуінің себебі өте маңызды. Егер мәселе бұншалықты маңызды болмаса, Алла Елшісі бір сахабаның жүзіне үш рет ашуланбас еді және ол туралы мұншалықты ауыр сөз айтпас еді. Өйткені бұл әрекет адамдарды жамағаттан алыстатады, адамдарды бір-біріне «ол екіжүзді» немесе «жоқ, ол екіжүзді емес» деп екіге бөлініп, көптеген пікірталас болып алауыздық туындауы мүмкін.

Бұл оқиғадан адамдардың ерекше жағдайларын, қиындықтары мен кедергілердін ескере отырып, діннің жалпыға ортақ үкімдерін қолдану қажет болса, екінші жағынан, көзқарастардан, мінез-құлықтардан, сөздерден аулақ болу керектігі анық аңғарылады. Бұл адамдарды діннен алыстатады. Яғни, дін қызметкерлері мен мамандар, діни ғұламалар мен ұстаздары сияқты қоғамды дін мәселесінде басқаратын адамдардан ғана дінді үйрену және үйрету өте маңызды мәселе.

Раббымыз дінімізді дұрыс түсініп өмір сүруімізге, өзгелерге де сүйсіндіруді нәсіп етсін. Адамдарды көркем дінімізді жек көруден сақтасын.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы, PhD доктор