Қазақстандағы дін мен дәстүр сабақтастығы

0
559

Қазақ даласында ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Жалпы дін мен дәстүрдің ұштастығы, бір-бірімен сабақтастығы құстың екі қанаты іспетті. Олар бір-бірінен ажырап қалуы мүмкін емес. Кез келген халықтың құндылығы бар. Ол мәңгі өзімен бірге жасап келе жатқан – тілінде, салт–дәстүрінде, өнерінде. Оларды бөліп қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Халқымыздың ұлттық және діни дәстүрлері тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда рөлі орасан. Тәрбие ана құрсағынан басталып кетеді дейді ғалымдар. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» секілді ғұрыптардың бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Ұлыстың ұлы күнін тойлау да, жеті атаға дейін қыз алыспау да, тәбәрік тарату секілді ғұрыптар, әрине, шариғаттан келмеген халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі. Сонда бұл дәстүрлер шариғатта жоқ екен деп бас тартуымыз керек пе? Әлде, жеті атадан бері қыз алысып-беріспейтін дәстүрімізді тәрк етуміз керек пе? Егерде халықтың қалыптасқан дәстүрі мен ғұрпы шариғатқа қайшы келмесе, оны орындаудан бас тартуды талап ету  туралы еш негізсіз болып табылады. Тіпті кейбір сол әдет-ғұрыптың бәрі де ислам дінімен ымыраласа жүріп жатқанын байқаймыз. Қазіргі кезде Қазақстанда исламдық бағытты жамылып, адасып жүрген әртүрлі ағымдар өздері түсінбегендіктен, қазақтардың салт-дәстүрінен бас тартуға ұмтылуда. Теріс бағыттағы исламдық ағымдар бата беру, құда түсу, қыз ұзату, беташар жасау, қайтыс болған кісінің жетісін, қырқын, жылын беру, жеті нан пісіру, әруақтарға құрмет көрсету, қасиетті жерлерге зиярат жасау секілді дәстүрлерді қажет десеңіз, қазақтардың ұлттық киімі мен қазіргі жалпы адамзатқа тән киім кию үлгілерін және басқа да ұлттық сипаттағы қасиеттерін тәрк етіп, жоққа шығаруда. Оның орнына өзге ұлттардың киім үлгілерін, салт-дәстүрін тағы басқа қасиеттерін ендіру үшін әрекет етіп жатыр. Шын мәнiciндe, дiн – кeз кeлгeн хaлықтың мәдeниeтi мeн caлтынa aйнaлғaн құндылық. Мәceлeн, иcлaмның әлeм мәдeниeтi мeн өркeниeтiнe қоcқaн үлeci ұшан-теңіз. Алайда, адамзат баласы дамыған сайын діннің де қоғамдағы, тіпті саясаттағы орны күшейе бастағандай. Қазіргі жаһандану жағдайында өмір сүріп жатқан еліміз әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде әлемдегі жетістіктер мен қиыншылықтарды бастан кешіруде. Рухани құндылықтар негізі рухани санада қордаланады, ол тарихта сақталып, сабақтасып отырады. Ата-бабамыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дін мен дәстүр сабақтастығын қадірлеп, құрметтеу – біздің міндетіміз әрі азаматтық борышымыз.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қазақстандағы дін мен дәстүр сабақтастығы | Қазақстандағы Ислам