Ислам діні ізгілік жаршысы

0
486

Ислам діні адамзатқа ізгілікті, адамгершілікті, өзара кешірімділік пен мейірімділікті насихаттайды. Қасиетті кітабымыз Құран аяттары мен хадис-шариф мәтіндеріне, дін ғалымдары мен ағартушыларының сөздеріне, жазып қалдырған еңбектеріне зер салсақ Ислам дінінің ізгілікке, құрметке шақыратын мейірім діні екендігін айқын көруге болады. «Ислам» сөзі араб тілінде «ынтымақ», «келісім» деген мағынаны береді. Дін атауының өзі исламның озбырлықтан, жан баласы түгіл жәндік, жануарға қиянат жасаудан қайтаратын дін екенін ұғуға болады. Ислам негізі болған шариғат заңдары  адам баласының бақытын көздейді,  ислам жалпылай алғанда әрбір мұсылманшылықты ұстанушы адам өмірінің бес  түрлі құндылығының қажеттілігіне қауіпсіздік кепілдігін береді. Шариғат үкімдерінің негізгі мақсаттарына қоғам және адам үшін аса қажетті келесідей бес құндылық жатады:

1) Дінді (иманын) қорғау;
2) Ақылды қорғау;
3) Жанды қорғау;
4) Мал-мүлікті қорғау;
5) Адал ұрпақ пен ар-намысты қорғау.

Адамзаттың абзалы болған, ізгілікті насихаттаушы, жан баласының жанашыры болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің хадис шәріфінде: «Мұсылман өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген. Ислам дінін  ұстанған мұсылман басқа мұсылманның жеке өміріне рұқсатсыз қол сұқпайды, жазықсыз жанның жанын қиып, заңсыз дүние-мүлкін тәркілемейді, тіпті Ислам дінін қабылда деп оның дінін ауыстыруға мәжбүрлей алмайды. Осы орайда, ізгіліктің жаршысы болған Ислам дінінің атын жамылып қастандық әрекеттерін жүргізіп жүрген керағар ағымдар жайында мәлімет беріп өтейік. Қазіргі таңда Ислам атын жамылған «ДАИШ», «Такфир уәл хиджра» немесе «Ан-нусра» секілді террористік ұйымдар өзінің теріс пиғылдарын жүзеге асыру барысында қастандық әрекеттерін әділетті етіп көрсету үшін алдымен қарсыластарына «тәкфір» жариялап, оларды «дін дұшпандары» деп көрсетуге тырысады.

Араб тілінде «тәкфір» сөзі «біреуді дінсіздікпен, дінінен шығумен айыптау» мағынасындағы «кәфара» етістігінен шыққан. Мағынасы «дінсіздік, имансыздық». Адамдарды имансыздықпен айыптап өздерінің сұрқия әрекеттерін жүргізді.  «Тәкфір» идеясы барлық дін атын бүркенген экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиялық негіздеріне айналды. Оның ықпалына түскен адам айналасындағылардың барлығын, тіпті ең жақын туған-туыстарын ұстанымдарына қарамай дәйексіз түрде «дінсіз», «діннен шыққан» деп жаппай айыптауға бейім тұрады.

Тәкфіршілік көзқарасты ұстанғандар діни негізде отбасынан, қоғамынан, әрмен қарай мемлекетінен оқшаулана түсіп, зайырлылық және басқа конфессияларға қатысты барлық нышандарға төзімсіздік танытып, көбіне радикалды, экстремистік, террористік ағымдардың қатарына қосылады.

Тарих сахнасында исламдағы негізгі қағидаттарды бұрмалап, діндарларды күпірлікпен айыптау, яғни «такфир» сөзін ұран ету арқылы өз тәжірибесін қатыгездікке қолдану  алғашқы рет барша мұсылман үмметіне хулафаи рашидин болған, жәннатпен сүйіншіленген 10 сахабаның бірі  Әли ибн Әбу Тәлібке қарсы көтерілісті ұйымдастырған хауариждер қолданған. Хауариждер мұсылмандардан бөлініп шыққан Ислам тарихындағы тұңғыш діни-саяси топ. Хауариж «харижи» сөзінен шығады, мағынасы «бөлініп шығушы». Олар мұсылмандар арасында бүліктердің таралу кезеңінде 657 жылы орын алған Сыффин соғысының нәтижесінде пайда болған. Ол уақытта халиф Әли ибн Әбу Таліб пен таққа үміткер сахаба Мұғауия ибн Абу Суфьян  арасында бітім жасалған соң, бұл келісімді құптамаған 12 мың жауынгер халиф Әли ибн Әбу Тәлібтің  әскерінен бөлініп шығып, «Алладан басқа үкім беруші жоқ» деген ұранмен  мемлекет басшысына қарсы көтеріліске шықты. Сонымен бірге харижилер алғашқы болып Ислам тарихында саяси негізде қастандықпен кісі өлтіруді жүзеге асырды.

Ізгілікке шақыру қағидаты негізінде өзін діндар санайтын әрбір пенде жеке және қоғам өміріне қатысты белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. «Амру биль-мағруф уа наһи ъаниль-мункар» яғни,  жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі – жақсы амал. Исламда сауапты істер жасау – бауырмалдық, отбасы мен туыстарына көмек беру, мейірімділік пен қайырымдылық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету секілді көптеген құндылықтар қамтылған. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» («Хаж» сүресі, 77-аят), «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол» («Хижр» сүресі, 88-аят) делінген. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) : «Әр адам қандай да бір жамандықты көрсе, оны қолымен тоқтатуы керек. Оған шамасы келмесе, сөзбен тыюы қажет. Ал егер оған да шамасы жетпесе, жүрегімен қарсы болуы тиіс» деген. Міне, осылайша Ислам шариғаты адам баласына ненің  пайдалы және ненің зиянды істерден екендігін аражігін ажыратып, жақсысына жақын, жаманынан алшақ болуға үндейді.

Алайда қазіргі таңда шетін көзқарастағы ағым өкілдері аталмыш діни қағидаттарды өз түсініктеріне сай бұрмалап, Құран аяттары мен хадистердің үзінділерімен діни-саяси идеяларын дәйектеуде. Радикалды топтардың идеологтары қасиетті мәтіндердің үзінділерін дәйек ретінде келтіре отырып, діни төзімділікті жоюға, әрі діни негізде отбасылық қатынастарды үзуге үндейтін идеяларды насихаттауда.

Осыған орай олар ізгілікке шақыру қағидатын шетін көзқарасты тарату үшін қолданып, жамандықтан тыю ұстанымын адамды туған-туыстары мен қоршаған ортасынан, ұлттық және діни санасынан, ұлттық-рухани құндылықтардан оқшаулау үшін пайдаланады. Экстремистер исламдағы ахлаққа қатысты айтылған жамандықтан тыю қағидатын өздері «әділетсіз» деп таныған үкіметті, заңдарды, мемлекетті құлату үшін идеяның қуатты діни дәйегі ретінде бұрмалап қолданып отыр.

Сонымен қатар олар исламдағы «әл-уалә уәл-бара» қағидатын өзіндік мағынасы мен сенімдерінің ажырамас тірегі деп біледі. Мұндағы «достық» түсінігі Аллаға, Оның елшісіне, сондай-ақ, барлық «таза Исламды» ұстанғандарды дос тұту деген мағынаны береді. Ал «қатыссыздықтың» мағынасы – күпірлік еткендерді, көп құдайшыларды, екі жүзділер мен бидғатшыларды, шариғатты ұстанбағандарды жек көру, олармен дұшпандық қатынастарда болу. Яғни, радикалдар өздерінің діни сенімі мен көзқарастарын қабылдамағандармен барлық достық қатынастарды үзіп, оларға қарсы қолымен, тілімен және жүрегімен күрес жүргізуі қажет деп түсінеді.

Сондай-ақ, шетін көзқарасты ағымдар «ат-таухид» және « әл-хакимия» қағидатын ұстанады. Бұл қағидат бойынша барлық үкімдер тек Жаратушы тарапынан қабылданады. Ал егер үкім Алла түсірген заңмен шығарылмаса, олардың сенімі бойынша бұл күпірлік деп саналады. Сондықтан зайырлы немесе шариғаттан басқа заңнамалар негізінде өмір сүріп жатқан елдер экстремистер үшін «дар-уль-харб», яғни исламды қабылдамаған, әрі исламның таралуына қарсы тұрған мемлекет деп бағаланады.

 Бұл ағымдар Қазақстан республикасында заңмен тыйым салынған. Бұл ағымдардың насихаттап жүрген идеялары исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына, ата заңымыздың конституциясына толығымен қайшы келеді. Сондықтан, мұндай радикалды ұйымдардың діни-насихат жұмыстарына тосқауыл қою еліміз үшін аса маңызды.

Рахымжан АБДУВАХИДҰЛЫ,  
|“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ, 
“ Оңалту жұмыстары және
психологиялық қолдау” бөлімінің теолог маманы