Еліміз әлемге түрлі ұлттар мен конфессиялардың өкілдері бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқан зайырлы мемлекет ретінде танымал. Бүгінде Қазақстанда 18 конфессияның өкілдері бар. Сондықтан да Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің елімізде өткізілуі тегін емес. Қазақстан соңғы 19 жылда 6 съезді ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізген еді. Енді қыркүйектің ортасында 7-съезді ұйымдастырмақшы. Осы айтулы шара қарсаңында еліміздегі діни сенім бостандығы индексі, Қазақстанда кеңінен таралған діндер, сонымен қоса жетінші съезде көтерілетін мәселелер жөнінде материал дайындауды жөн санадық. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында. Қазақстан – 18 діни конфессияны құрайтын 120-дан астам этнос өкілі тұратын көпұлтты мемлекет. Содан да болар елімізде діни сенім бостандығына шектеу жоқ. The Cato Institute есебіне сәйкес, 2020 жылы Қазақстандағы діни сенім бостандығы индексі – 5,2 болды. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Ресейден жоғары тұр (4,2). Алайда ЕАЭО елдерінің ішінде діни сенім бостандығы индексінде Армения, Беларусь және Қырғызстан сияқты елдерден кейін орналасқан. Десе

Жалпы индекске діни сенім бостандығы, діни ұйымдарды қуғындау, қудалау және физикалық зорлық-зомбылық, заңды реттеуші шектеулер секілді критерийлер енгізілген. Қазақстанда 3 834 діни бірлестік тіркелген Қазақстан – зайырлы мемлекет. Статистикаға назар аударсақ, Қазақстанда 3 834 діни бірлестік тіркелген. Оның 2695-і – ислам, 345-і – православие, 88-і – католик, 592-сі – протестант, 60-ы – Ехоба куәгерлері, 24-і – Жаңаапостолдық шіркеу, 12-сі – Кришна санасы қоғамы, 7-еуі – иудаизм, 6-уы – бахаи, 2-еуі – буддизм, 2-еуі – соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1-еуі – муниттер.

Десе де, біздің қоғамда ең көп тараған діндер деп ислам, православие және католик дінін айтуға болады. Оны біз жоғарыда көрсетілген сандардан да анық көре аламыз. Енді осы аталған діндерге қысқаша тоқталып өтейік. Ислам діні Ислам – біздің заманымыздағы VII ғасырдың басында пайда болған әлемдік діндердің ішіндегі ең жасы. Жүздеген жылдар бойы ислам Атлант мұхитынан Үндістан мен Қытайға дейінгі үлкен аумаққа тарады. VII-VIII ғасырларда мұсылман идеясы Орта Азия мен Қазақстан аумағына ене бастады. Орталық Азияда дәстүрлі мұсылман қоғамының қалыптасуына аз уақыт кеткен жоқ. Классикалық ислам аймақтағы халықтардың ұлттық салт-дәстүрімен тығыз байланыста дамыды. Нәтижесінде Орталық Азияда жергілікті этномәдени дәстүрге бейімделген мұсылман дінінің аймақтық формасы қалыптасты. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда халықтың әртүрлі тобы өкілдерінің қоғам өмірінің рухани, оның ішінде дінге деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Бұған соңғы жылдары Қазақстандағы дінге сенушілер санының артқаны дәлел бола алады. Мәселен, мамандар дінге сенушілер саны 1980 жылдардың ортасымен салыстырғанда 20-25%-дан 90-95%-ға дейін өскенін айтып отыр. Дінге сенушілер саны бойынша дәстүрлі түрде мұсылмандардың діни бірлестіктері көш бастап тұр. 2009 жылғы ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша, олар дінге сенушілердің 90%-дан астамын құрайды. Сондай-ақ ғибадат орындарының саны бойынша статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1979 жылы Қазақстанда небәрі 25 мешіт болса, 2022 жылғы тамыздағы жағдай бойынша олардың саны – 2716-ға жеткен.

Жоғарыдағы инфографикаға қарасақ, мешіттердің саны бойынша, Түркістан облысы (753) көш бастап тұр: Ал ең азы (республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда) – Қостанай (26), Ұлытау (31) және Атырау (32) облыстары. Елімізде бірыңғай ислам республикалық діни бірлестігі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бар. Тәуелсіз ҚМДБ 1990 жылы 12 қаңтарда құрылды. Бас мүфти басқаратын мүфтияттың атқарушы органы – ҚМДБ аппараты Қазақстан мұсылмандарының қызметін басқарып, оны жүргізеді. ҚМДБ құрылғалы бері Қазақстан имамдарының 4 форумы өткізілді. Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарында елімізде «Нұр-Мүбарак» университеті, 9 медресе колледжі, ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру институты сияқты діни исламдық бағыттағы жаңа оқу орындары ашылды. Қазіргі таңда 13 рухани білім ошағы бар, оларда 4 мыңнан астам адам білім алуда. Бүгінде Қазақстанда жоғары діни білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасалған. Мысалы, студенттерге білім беру гранттары Білім және ғылым министрлігінен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан бөлінеді. Дін саласындағы кадрларды даярлау «Исламтану», «Дінтану» және «Дінтану» мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Жалпы ислам діні қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени өмірінде маңызды орын алады.

Православие діні Қазақстанда православие діні сенушілер саны бойынша исламнан кейінгі екінші орында тұр. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің елімізде православие дінінің пайда болуы Қазақстанның Ресей империясына қосылуымен байланысты. Оңтүстікте алғашқы әскери діни басқармалар (шағын шіркеулер, намазханалар) 1866 жылы Түркістан мен Шымкентте пайда болған еді. 1871 жылы Түркістан епархиясы құрылды. Қазақстанның оңтүстігінде шіркеулердің құрылысы ХІХ ғасырдың 80-жылдары басталды. Мәселен, 1901 жылы Сырдария облысында күйдірілген кірпіштен салынған сегіз храм болған. ХХ ғасырдың басында Түркістанда 391 000 православ христианы өмір сүріп, 306 шіркеу жұмыс істеген. Кейіннен аталған діннің таралуы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тоқтап қалды. Сөйтіп әр жылдары аймақта болған түрлі саяси-әлеуметтік жағдайлар оның кеңінен таралуына не тоқтап қалуына әсер етіп отырды. Кейін православие діні мен шіркеуінің шын мәніндегі дамуы Қазақстан тәуелсіздік алған соң басталды. Мысалы, 1956 жылы Қазақстанда 55 орыс православие шіркеуі болса, 1999 жылдың басында республика аумағында 212 шіркеу мен 8 монастырь болған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 345 православие діни бірлестігі тіркелген. 300-ден астам православие шіркеуі бар. Бүгінде православие дінінің өкілдері әртүрлі деңгейдегі форумдарға, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге белсенді түрде қатысып келеді. Сонымен қоса православие шіркеуі бірқатар этно-мәдени орталықтармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Католик діні Католицизм – Қазақстандағы дәстүрлі конфессиялардың бірі. Қазақстандағы католиктердің саны шамамен 182,6 мың адамды құрайды, бұл жалпы халықтың шамамен 1,3%-ы. Ал әлемде бұл дінді ұстанушылар саны 1,34 миллиардтан асады. Сондай-ақ айта кету керек, елімізде 108 католик шіркеуі мен 80-нен астам діни бірлестігі бар. Жалпы католик шіркеуі Батыс өркениетінің тарихында маңызды рөл атқарды. Аталған шіркеудің басшысы – Рим Папасы, оның резиденциясы Ватикандағы Апостолдар сарайында орналасқан. Оны неге айтып отырмыз, биылғы елімізде өткелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің басты қонақтарының бірі де католик шіркеуінің әрі әлемдегі ең кішкентай мемлекет Ватиканның басшысы Рим Папасы Франциск болмақ. Сондықтан да оның саяси, мәдени және діни маңызы артып отыр. Ол Қазақстанға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келмекші. Бұған дейін Ватиканның сайтында Рим Папасының ресми сапары туралы ақпарат жарияланған еді. «Азаматтық және шіркеу билігінің шақыруын қабылдай отырып, Рим Папасы Франциск биылғы 13-15 қыркүйек аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласына іс-сапармен барады», – делінген Ватикан мәлімдемесінде. Сонымен қоса Ватикан Рим Папасының Қазақстанға сапарының логотипі мен ұранын жариялаған болатын. Рим Папасы Франциск туралы не білеміз? Франциск, Папа болғанға дейінгі аты-жөні – Хорхе Марио Бергольо, 266-Рим Папасы. Ол 1936 жылы Буэнос-Айресте итальяндық иммигрант, теміржолшы Марио Джузеппе Бергольо мен оның әйелі Регина Мария Сиворидің отбасында дүниеге келген. Бес баланың кенжесі. Химия инженері мамандығы бойынша дипломы бар. Буэнос-Айрестегі Вилла Девото семинариясында оқыды. Кейін Буэнос-Айрестегі Сент-Джозеф колледжінде білімін жалғастырды, онда философия бойынша лиценцат дәрежесін алды. Ол Буэнос-Айрестегі үш католик колледжінде әдебиет, философия және теологиядан сабақ берген. Испан тілінен басқа итальян және неміс тілдерін жетік меңгерген. Ол 2013 жылы 13 наурызда Рим Папасы болып сайланды. Әулие Францискінің құрметіне өзінің есімін өзгертті. Франциск 2005 жылдан 2013 жылға дейін Рим Папасы болып қызмет еткен Бенедикт XVI-ның орнына келді. Бенедикт XVI-ның алдында Рим Папасы Иоанн Павел II болған еді, ол 1978 жылдан 2005 жылы қайтыс болғанға дейін билік етті. Әлемдік діндер съезі Оны неге айтып отырмыз, елімізде әлемдік діндер съездерін өткізу тарихы 2001 жылы Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл толғанда Рим Папасы Иоанн Павел II-нің айтулы сапарынан бастау алады. Ал екі жылдан кейін Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі өтті. Содан кейін конгресс үш жылда бір рет өткізіліп тұрды. Сол жылдары Қазақстан конфессияаралық келісімді өз саясатының негізгі бағыты ретінде белгіледі. Елімізде өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің арқасында Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің ордасына айналып, әлемдік шиеленістерді шешуге атсалысқан ел ретінде таныла бастады. Осы VII Конгресс 2021 жылдың 15-16 маусымына жоспарланған болатын, алайда коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді. Биыл да әлемдік діндер көшбасшылары постпандемия кезеңіндегі рөлін бағалау үшін Қазақстанның астанасында бас қоспақ. Діндердің VII съезі – Қазақстанның халықаралық аренадағы даму моделінің жаңа үлгісі Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы әлем үшін, экономика, мәдениет, білім салаларында, соның ішінде діни салада да бірқатар проблеманы туындатқаны анық. Барлық діни рәсім онлайн режимде өтті. Мамандардың айтуынша, ол адамдарға әртүрлі әсер етті. Осы тұрғыдан алғанда, Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі әлем алдындағы жаңа жауапкершілікті арттырып отыр. Міне, осы жағынан қарасақ, конфессияаралық келісім саясатын жүргізу арқылы танымал болған көпұлтты мемлекет Қазақстан бүкіл әлем үшін, оның ішінде еліміз үшін маңызды диалог алаңына айналғаны жасырып емес. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ресми өкілі Назым Жанғазинованың айтуынша, съезде бүгінде әлемдік жаһандық проблемаларды шешуге ықпал ететін аса маңызды құжаттар қабылданады деп күтілуде. «Халықаралық құқық дағдарысы мен бір-біріне деген ортақ сенім жағдайында бұл съезд ғаламшардағы бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін жаһандық маңызға ие. Өйткені онда жер бетіндегі халықтың жартысынан көп бөлігінің атынан шығатын және оларға күнделікті өмір салтына әсер ететін көшбасшылар болады»,-деді ол. Еске салайық, биылғы 14-15 қыркүйекте Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Алдағы форум адамзаттың пандемиядан кейінгі кезеңдегі әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөліне арналмақ.

Назерке СҮЙІНДІК

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *