«Өздеріңді жарты құрмамен болсын оттан қорғаңдар…»

0
955

Төрт шадиярдың бірі, қара қылды жарған әділдігімен танылған Хазіреті Омардың заманында, һижреттің 19-жылында Мәдинаға жақын Харратул-Ләйлә деген жерден өрт шығады. Тілсіз жау айналаның бәрін жалмай өртеп жатады. Жанбаған, жалын шарпымаған жер қалмайды. Адамдар да су мен сірке құйып, отты өшірумен әлек болады. Алайда оттың қарқыны барған сайын өрши түседі. Ақыры амалы құрыған халық Хазіреті Омарға келіп: – Уа, Омар! Су отты өшіре алмай жатыр, енді қайттік?», – дейді. Сонда Халифа Омар (р.а.) тұрып: – Сумен өшпесе, отты садақамен өшіріңдер, – дейді. Омардың (р.а.) кеңесіне құлақ түрген халық тегіс садақа беріп, жарлы-жақыбайды бір жарылқайды. Нәтижесінде от та өшеді. Бұл жерде от пен садақаның не қатысы бар дерсіз? Су өшірмегенді садақа қайтіп өшіреді деуіңіз де мүмкін. «Хазіреті Омар өртті садақамен ауыздықтауға болатынын қайдан білді?» деген ой да тууы мүмкін. Бізде де мұндай ойлар туғаны рас. Ендеше сіздермен мұның хикметін іздестіріп көрейік. Бұл жерде өрт – табиғи апаттардың бірі. Су тасқыны да, сел де, қар көшіні де, жер сілкінісі де, бәрі-бәрі осы сыныптан келеді. Мұның бәрін қазақ “тілсіз жау” дейді. Өйткені, ешқайсы айтып келмейді. Мұның бәрі Алланың қалауымен ғана болатын құбылыстар, соған сай Алланың ауыздықтауымен ғана тоқтайтын апаттар. Демек, халық бұл апаттарға төтеп беру үшін, ең әуелі, мұның Иесіне жалбарыну қажет. Қуаңшылықтан қиналған халықты да тасаттық (тасаддуқ – садақа беру деген сөз) берген соң Жаратқан жауынмен жарылқады емес пе? Садақа – құлшылықтың бір түрі. Әрі құлшылықтың ең маңызды мәйегі. Себебі, Ислам – қоғамдық дін. Садақа, зекеттің хикметі – жарлы-жақыбайды жарылқау, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру. Неге өртпен алысқан халыққа Омар садақа беруді әмір етті. Өйткені, садақа қоғам арасында мейірімділікті оятып, жарлы-жақыбайдың көңілін көтереді. Қоғам тепе-теңдігін табады. Бай байып, кедей кедейленіп кетпейді. Алтын ортасын ұстайды. Кедейлердің байларға деген көзқарасы өзгереді. Арадан кек, өшпенділік, жеккөрушілік, алауыздық жойылады. Бірлік орнайды. Бірлікпен қоса тірлік орнайды. Бұл жағдайда қоғамды сырттан келген тілді де, тілсіз де жау алмайды. Себебі, кез-келген жауға бірлік қана төтеп бере алады. Түркия парламентінің депутаты терроризмді қолдағаны үшін ұсталды 06.09.2022 Құран деп ойлап жүрген көне жәдігер “Маса” кітабы болып шықты 06.09.2022 Бұл бізге садақаның көзге көрінген, заһир хикметі. Ал көзге көрінбеген, батын хикметі – садақаның отты (ақыреттің де, бұл дүниенің де) өшіре алатынсипаты. Алла Елшісі ﷺ: «Өздеріңді жарты құрмамен болсын оттан қорғаңдар», – дейді. Міне, Хазіреті Омар садақаның осы бір сипатын жақсы біліп, ескерген. Тағы бір хадисте: «Садақа беруде асығыңдар. Себебі, басқа келер бәле садақадан оза алмайды», – дейді Алла Елшісі ﷺ. Сондай-ақ, садақаның таудан да, темірден де, оттан да, судан да қуатты бір күші бар. Оны Алла Тағаланың өзі бізге білдірген. Хазіреті Әнастан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Алла Тағала жерді жаратқан кезде жер құрма ағашы секілді оңға-солға сілкініп, теңселе бастады. Сол кезде Алла Тағала жерде таулар жаратып, жердің теңселгенін басты. Періштелер таудың күштілігіне қарап таңғалысып Алладан: – Уа, Раббымыз! Таудан да күшті бір мақұлық жараттың ба? – деп сұрайды. Алла Тағала да: – Иә, темірді жараттым, – дейді. – Темірден күшті не жараттың? – Отты жараттым. – Ал оттан күшті не жараттың? – Суды жараттым. – Судан күшті не жараттың? – Жел жараттым. – Желден күшті не жараттың? – дейді періштелер. Сонда Алла Тағала: – Адамды жараттым, – деді де сөзін жалғап – Егер ол адам оң қолымен садақа беріп, берген садақасын сол қолы көрмейтіндей жасырса, онда одан да күшті болмақ, – дейді (Тирмизи). Міне, демек, адамды таудан да, темірден де, оттан да, судан да, желден де күшті ететін – садақа екен. Адам садақа берген жағдайда осылардан тау, тас, от, су, желден туындайтын апаттарға төтеп бере алмақ. Берген садақасы болмаса, онда оттың да, судың да, жердің де, желдің де алдында дәрменсіз болып қала бермек. Ол қауымды су келіп бір соғады, сел келіп бір шаяды, от келіп бір қармайды, жер келіп бір жалмайды, бұдан кейін қоғамда бұған қарсы әл де қалмайды. Мұның хикметін Хазіреті Омар (р.а.) жақсы білген. Ендеше, садақа берейік, жарлы-жақыбайға, кедей-кепшікке, жоқ-жітікке қарайласайық. Дағдарыс деп тарылып қалмайық. Күз келді, шөп қурауда, тілсіз жау да жалаңдап тұр. Бұдан бетері сыртқы жау да сұғын қадап телміруде. Алла Қостанай жұртына жар болсын!

Салтан САЙРАНҰЛЫ