Діни алауыздыққа соқтыратын іс-әрекеттен аулақ болайық!

0
255

Бүгінгі таңда қоғамда қалыптасқан діни ахуал туралы ой бөлісетін болсақ, өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ екеніне көз жеткізуге болады. Адамның пайда болуынан бері өмір сүріп келе жатқан дәстүрлі діннің өзіндік мәні зор. Дінге көзқарас әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Діни келісім мен конфессияаралық бейбітшілік, бірлік, тұрақтылықты сақтау көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе.

Бүгінде Қазақстан әлемге бүкіл әлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде таныс болып отырғаны барлығымызға мәлім. Оған әлемдік және дәстүрі діндердің басшылары діни мәселелерді шешу үшін жиналады. Қазір басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда тұрақты діни ахуал қалыптасқанын мақтаныш санауымыз қажет. Ел ішінде дәстүрлі дініміз бен салт-дәстүрімізге қайшы келетін түрлі діни ағымдардың идеологияларына еліктеп, елімізде қалыптасқан әлеуметтік,  саяси-экономикалық және діни тұрақтылыққа кері әсер ететін заңсыз әрекеттер жасап жүрген тұлғалар әлі де кездесуде.

Атап өтетін болсақ, мерзімді басылымдар мен  Ғаламтордағы  ақпарат құралдарының деректері бойынша құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдармен бірлесе жүргізген шаралар барысында 2020-2023 жылдардың өзінде Шымкент қаласында онға жуық азаматтың діни экстремистік идеологияларын үгіттеп, насихаттайтын  материалдарды «Whatsapp», «ВКонтакте» желілері арқылы азаматтар арасында жүйелі түрде таратып отырғаны анықталған. Күдіктілер сотта интернет желілерінде топ ашып, бейнероликтер таратқанын мойындаған, алайда оның «діни экстремизмді және терроризмді насихаттайтын материалдар екенін, қылмыс екенін білмедік» дейді. Аталған азаматтардың қылмыстық істерін қараған судьялардың сөзінше, күдіктілерді ұстаудан бұрын арнайы сараптамалар тағайындалып, олардың әлеуметтік желілірі арқылы таратқан  діни материалдарында  экстремизм, терроризм мен діни алауыздық тудыратын қылмыстың белгілері бар екені анықталған. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, түрлі дәрежеде жазалар тағайындалған. Ұсталған азаматтар интернет ресурстарындағы орыс, өзбек тілдерінде жүргізетін кереғар діни уағызшыларды тыңдап дәстүрлі діннен бетбұрғанына өкініп, көздеріне жас алып өкініштерін білдірген.  

 Осы ретте біз өзіміздің діни құндылықтарымыз туралы білім деңгейімізді көтеруіміздің маңызды екенін ескеруіміз қажет. Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, діни құндылықтар, бұл ұлт үшін немесе жеке адам үшін қасиетті  сенімдер жүйесі. Әрбір азамат өзінің ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі дін мен ұлттық салт-дәстүрлерін жақсы білуі маңызды.

Біздің еліміздің ерекшелігі біз көпэтностық, көптілді және көпконфессионалды болғандықтан, исламмен қатар басқа діндер де жаңғырып, дами бастады.

Тәуелсіз елімізде конституцияға сәйкес мемлекет ар-ождан мен діни наным бостандығына және мемлекеттің зайырлы сипаты қағидаларына конституциялық құқыққа қайшы келмейтін діни қызметке ғана жол бере алады. Дінараздық пен алауыздықты қоздыру бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне, азаматтардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен бостандықтарына қауіп туғызатын діни экстремистік әрекет ретінде танылады.

Елімізде тұрып жатқан этностардың діни-имандылық құндылықтары мен дәстүрлерін, дінге еріктілікті, келер ұрпақтың тағдырына жауапкершілік сезімін, бірлескен күшпен өмірлік қиыншылықтарды жеңу тәжірибесін белсенді насихаттау экстремизмді таратуға қарсы әрекеттің күшті құралы болып табылады.

Қорыта келе «Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» демекші діни салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрптарымыз туралы білімге ие, сауатты ұрпақ тәрбиелеу әрбір отбасының маңызды міндеті екенін ескерейік ағайын! Кез келген адам өзінің рухани бағдарын дұрыс таңдайды, өзгенің дін ұстану, ұлттық, тілдік ерекшелігіне сыйластықпен қарап, құрмет көрсетеді. Яғни, Қазақстанда қалыптасқан ұлтаралық, дінаралық келісім татулықты сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосар болса, өз кезегінде еркін әрі қызығушылықпен жинақталған білім мен тәжірибе өмір соқпақтарында сүрінбеудің кепілі бола алатынына сенуіміз қажет.