Сотталғандар Шәкәрім өлеңдерінен нәр алды

0
399

Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты Қызылорда облысындағы №68 мемлекеттік мекемесінде экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталған азаматтары Шәкәрім шығармаларын оқып, талдады. Мекеме теологтары  ұйымдастырған бұл іс-шараға Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінің ұстазы Қалдыбек Әділбек арнайы шақыртылды. Алдымен мекеменің теологы Р. Рузиев  пен аудармашы маманы сотталғандарды Шәкәрімнің өмірімен, шығармаларымен таныстырып өтті. Содан соң жазасын өтеушілер ақынның «Жастарға», «Адамдық борышың» және тағы да басқа имандылық туралы өлеңдерін жатқа оқыды. Сол шығармалардағы айтылған негізгі ойлар бойынша пікір таластырып, ортақ ой қорытты. – Маған Шәкәрім дананың «Адамдық борышың» өлеңі қатты ұнады. Ақын бұл өлеңінде «ақ жолдан айнымай ар сақта оны біл», «шын бақыт артыңда ғибрат алар із қалдыру» деп жазған екен. Өлең шумақтары мені толғандырды. Шынында осы жасқа дейін артымда қандай із қалдырдым деген ойға келдім. Тіптен, дүниеге әкелген перзенттеріме де жақсылық жасай алмай отырмын. Бостандыққа шықсам, дұрыс жолға түсіп, балаларымды ізгі істер жасауға тәрбиелесем деймін, – деді жазасын өтеушілердің бірі. Ал тағы бір сотталған: – Ойшыл ақынның өлеңдерін бірден ұғу қиын екен. Бірақ теолог бізге терең мағынасын ашып түсіндіріп берді. Ақын өлеңінде айтқандай «бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған», шынында да мендіндегі ақиқатты көре алмаппын. Сол үшін өкінемін, – деген түйінді ойын айтты. Жазасын өтеушілердің іс-шараға белсене қатысып отырғандығын көріп, ақынның философиялық ойларынан нәр алғандығын, оқылған шығармалардың  адасқан азаматтарға игі әсері болғандығын бағамдаған Қалдыбек Әділбек жиын соңында сөз алып, өз тарапынан ойын білдіріп, қорытынды жасады. Рухани ордадан келген ұстаз сотталғандарға пенденің кешірілмейтін күнәсі болмайтынын, тек ниеті түзу болса, кез келген жаста адамның дұрыс бағыт таңдап, адал жолға түсуге болатындығын айтып жеткізді.