«Жасырын күйзеліс пен сенімсіздік»: суицид неге сейілмей тұр?

0
1093

Бұл мәселе біздің елімізде өзекті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері 2 179 отандасымыз өз өмірін қиған болса, олардың 444-і 15 пен 29 жас аралығындағы жастар. Әсіресе ерлер әйелдерге қарағанда 4-5 есе көбірек өмірлерімен ерте қоштасқан. Не себепті жастар суицид жасауға әуес, оларды мұндай қадамнан қалай құтқаруға болатынын мамандар айтып берді. Жазықсыз сәбилердің өмірі қыршынынан қиылуда Былтыр Алматыда үш баласын бірдей терезеден лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен келіншектің әрекеті көрген жанның жүрегін ауыртып, жанын түршіктірді. Мұндай қатыгездікке жоқшылық себеп болғаны мәлім. Психо-аналитик Лимана Қойшиева жастардың соңғы кездері бейкүнә сәбилерді өзімен бірге алып, қасақана жоғарғы қабаттағы пәтерлерден секіріп кету үрдісі үдеп бара жатыр дейді. Мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, аталған факторлар көбінесе қаражаттың жетіспеуінен, өмірдің сынағына төзбеуінен  туындайды екен. – Жолдасынан зәру көрген, бір басындағы бірнеше несиенің кесірінен қарызға белшесінен батқан шарасыз әйел өзін және туған балаларын өлтіру арқылы бар проблема шешіледі деп ойлайды. Асылында жазығы жоқ балалардың өмірі қыршынынан қиылуда. Жалпы жастардың өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше себебі бар. Атап айтсам, әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық, психологиялық тұрғыда өзін игере алмау, сенімсіздік, жасырын күйзеліс, жалғыздық, отбасылық жағдай не болмаса махаббаттың құрбаны болу сынды мәселелер өмірімен ерте қош айтысуға итермелейді, – дейді психолог. Ал қолдан­балы этносаяси зерттеулер инсти­тутының бас менеджері, демограф Аяулым Сағынбаева  жалпы өз-өзіне қол жұмсау өлім-жітім себептеріне жатпайтынын айтады. Сондықтан суицид факторы айтарлықтай еліміздің  демографиялық жағдайына әсер етпейді екен.

– 2022 жылы қаңтар-маусым аралығын алып қарайтын болсақ, өзін-өзі өлтіру жазатайым жағдайдан улану немесе жарақаттан келген өлім себептеріне жататын фактор болып саналады. Жыл басынан алғанда жалпы өз-өзіне қол жұмсау факторлары 17,9% болса, оның ішінде өлім-жітім 3 %-ын құрап отыр, – дейді Аяулым Сағынбаева. Жастардың суицидке баруына шетелдік субмәдениет әсер етуде Соңғы кездері кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалар зорлық көргендіктен өз өмірлеріне балта шабуын интернет желілерінен көп көреміз. Бұған байланысты демограф жоғары сынып оқушыларына, колледж, университет студенттеріне психологиялық тренинг өткізетін арнайы кабинеттердің ашылуы, ата-ана мен баланың арасын жақындату мақсатында түрлі шаралардың өткізілуі суицидтің алдын алады дейді. – Естеріңізде болса, 2013-2014 жылдары «синий кит», «emo», «got» сынды ойындар шыққан болатын. Әлеуметтік желілер арқылы жастардың бойына шетелдік субмәдениеттің қалыптасуы қатты әсер етті. Сондықтан жасөспірімге дейінгі балалар және жасөспірімдер отыратын аккаунттарға мониторинг жасау өз кезегінде өте маңызды. Бұқаралық ақпарат құралдарының, инстаграм, ютуб, тик-ток, т.б. әлеуметтік желілердің тек жастарға емес, бүкіл халыққа берер залалын зерттеу арқылы мемлекеттік бағдарламалардың жоспарларына сәйкесінше өзгерістер енгізу қажет. Қазіргі кезде кибербуллингтің әсерінен өз-өзіне қол жұмсайтындардың саны күн санап өсіп жатыр, – дейді Аяулым Сағынбаева. Арнайы мониторинг жасайтын орган қажет Демограф балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидті білім беру саласына ғана жүктеп қоюға болмайтынын айтады. Бұған қалың жұрт болып атсалысуымыз керек. – Елімізде демографиялық саясат және сол саладағы уәкілетті органның болмауы салдарынан мәселе оңай шешіле қоймайды. Айналып келгенде демографиялық мәселелерді мемлекеттік органдарға жеке-жеке бөліп тастамай, осы процестерге мониторинг жасайтын бір уәкілетті ұйымды тағайындау қажет. Сондай-ақ тек суицид салдарынан қайтыс болғандардың санын ғана емес, өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендердің де санын біліп,  зерттеу қажет, – дейді Аяулым Сағынбаева. Ал психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, өз-өзіне қол жұмсауды болдырмау үшін психологтардың жұмысын нығайту, алғашқы көмек көрсететін «call орталықтардың» тәулік бойы жұмыс істеуін қадағалау және олардың санын көбейту маңызды. – Жастардың әл-ауқатын жақсарту арқылы аталған мәселені шешуге болады. Яғни оларды жұмыспен қамту, білім беру, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік жасау керек. Себебі жас буын депрессияға бейім, – дейді психолог. Суицид – бүкіл әлемнің басты дерті. Қай елде жастардың саны орташа есептен көбірек болса, сол аймақта суицид факторы да жоғары болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингісі Қазақстанның суицид деңгейі ең жоғары жиырма елдің қатарына кіретінін көрсетеді. Бұл мәселенің тереңіне бойлауға мәжбүр ететін қауіпті жағдай.

Балжан ӘБДІРАШ