Зайырлылық тарихы, өткені мен бүгіні

0
4405

Зайырлы (laïcisme) термині алғаш рет Англияда XVI ғасырда қолданылды. Шіркеулерді пасторлар да басқара алады деген идеялардың тенденциясын білдіру үшін қолданылған. Түпкі мағынасы «Пасторлар діндарлардан емес, халықтан болады» деген гректің «laikos» сөзінен шыққан. Laikos – латын тіліне «laïque» кірме сөз болып, қазақ тіліне «зайырлы» деп аудармасы енгізілген. Зайырлы сөзінің түп мағынасы «Пасторлар шіркеу қызметкерлерінен емес, әрі дін саласының адамы емес» деген ұғымда қолданылған. Сонымен қатар, бұл сөз Францияда 1870 жылдан бастап қолданыла бастаған. Ал, «Литтре» сөздігінің қосымшасына 1873 жылы енгізілсе, «Лорис» сөздігіне 1877 жылы енгізілгені байқалады. Екі сөздікте де бір мағынада қолданылғанын айтып өткен жөн.

Эмиль Литтре зайырлылық ұғымын саяси контексте талқылай келе, дінге қатысты бұл тұжырымдаманы «мемлекеттің абсолютті бейтараптылығы» тұрғысынан қарастырады. Шын мәнінде, алғашқы мағынада қолданылғанындай батыстық түсініктің негізгі тәсілдерінің бірі ретінде бұл қазіргі кездегі мемлекеттің саяси болмысында белгілі бір діни наным-сенімнің болмауы, оның барлық діндер мен секталарға бейтарап қатынасы, ар-ождан мен сенім бостандығын құрметтеу деп түсініледі. Сонымен қатар, зайырлылық тұжырымдамасы діни негізде және теологияның жетекшілігімен білім бермеу принципі ретінде дін мен білімді де екі бөліп қарастырады.

Мемлекет пен дін қатынастарын сараптаған кезде, екі негізгі категория бойынша қарастыруға болатыны байқалады. Біріншісінде, дін мен мемлекет арасында ажырамас байланыстың бар екенін негізге аламыз. Сол себептен де мемлекет белгілі бір діннің немесе мәзһабтың ұстанымдарына қарай басқарылады. Бұндай мемлекет «Теократия» деп аталады және жергілікті халықтың ұстанатын дінін немесе мәзһабын қолдайды, діни өмірді бақылайды әрі басқарады. Ал екінші категорияда болса, дін мен мемлекет толық мағынада бір-бірінен ажыраған. Дін мемлекеттің басқару, саяси және басқа да ісіне араласпайды, мемлекет діннің сеніміне, ұстанымына, ғибадатына және басқа да дінге қатысты істерге араласпайды. Бұндай мемлекетті “зайырлы мемлекет” дейміз. Біздің еліміздің ұстанымы барлық демократиялық елдер қатары екінші категорияны ұстанады. Яғни, ата Заңымыз Конституцияда анық көрсетілгендей Қазақстан Республикасы — зайырлы, демократиялық мемлекет. Еліміздің зайырлылық принципін ұстануының себептері көп. Мысалы елімізде 130 ға жуық әртүрлі ұлттар мен 17 конфессия өкілдері өмір сүреді. Сондай-ақ, демократия мен бірге зайырлылық ұғымы да қатар жүретіні белгілі.

Зайырлы мемлекет ұғымын кейбір дін ұстанушылар қате түсініп жатады. Олар үшін зайырлылық ұғымы дінге қарсылық немесе атеистік көзқарасты қолдау деп түсінеді. Жоқ, ол мүлде олай емес. Зайырлы мемлекетте әрбір азаматтың әлемдік дәстүрлі діндердің біреуін ұстануына толық құқығы бар және оның діни сенімін кемсітуге немесе діни сеніміне қарсы шығуына ешкімнің де құқығы жоқ. Сондай-ақ, зайырлы мемлекеттің принципі белгілі бір дінді мемлекет қолдап, ол дінге қаржылай немесе басқа да жағынан қолдау көрсетуіне тиым салынады. Бірақ, зайырлы мемлекет дін мен мемлекетті бөліп қарастырғанымен дін мен діни бірлестіктерді Заң негізінде бақылап, қадағалап реттеп отырады. Кейбір кереғар діни ағымды ұстанушылар ойлайғандай біздің мемлекетіміз дін ұстанушыларға қысым жасамайды. Тек қана әлемдік дәстүрлі діндердің өз нормаларынан (мысалы Ислам дінінде «Шариғаттан») ауытқыған деструктивті діни ағымды ұстанушылардың өз идеологиясын таратуына тосқауыл болады. Себебі, олар таратып жүрген діни идеология мемлекеттің зайырлылық, демократиялық ұғымына және ең бастысы мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығына қауіп төндіреді. Міне осындай жағдайларда мемлекет дінге, немесе дін ұстанушы азаматтарға бақылау жасап реттеп отыруға мәжбүр болады. Қазіргі жиырма бірінші ғасырда, адамдардың өмірі, құқтары мен бостандықтары қатаң қорғалған заманда мемлекеттің зайырлылық принципі өте жоғары маңызға ие. Яғни кезкелген дінді ұстанушы мен дінді ұстанбайтын адамдардың құқықтары бірдей қорғалады.

Б.Жүнісов,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» әлеуметтанушысы