КӨШЕДЕ ДІНИ КІТАБЫН ТЫҚПАЛАУ — ЗАҢСЫЗ

0
271

Көшеде қандай да бір діни мазмұндағы әдебиеттерді тарату және оны уағыздау – заңсыз. Мейлі ол исламдық немесе басқа бір діни ұйымдарға қатысты болсын. Егерде қайсыбіріміз соның куәсі болсақ, онда ол туралы құзіретті (102) органдарға хабарлау қасиетті борышымыз.  Әсіресе, балиғат жасына жетпеген жас өспірімдерге тарату. Діни бірлестіктер және ҚР азаматта­ры, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қара­мастан заң алдында тең. Қазақстан Республикасында ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады. Жаңа заңда азаматтардың дін­ге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейтіндігі көрсетілген. Сонымен қатар, ешкімнің де өз діни нанымын сылтау етіп Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді атқарудан, әсіресе, әскери борыштарын өтеуден бас тартуға құқығы жоқ екендігі атап көрсетілген. Әркім ҚР заңнамасына сәйкес, діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айнал-ысуға құқылы. Діни қызметшілер, миссионерлер, діни бірлестік басшылары немесе қатысушылары болып табылатын азаматтар сая­си өмiрге республиканың барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады. Мемлекет егер дiни бiрлестiктердiң қызметi еліміздің заң­дарына қайшы келмесе, олардың қызметіне араласпайды. Сонымен қатар, діни бірлестіктер мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды, саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды әрі ҚР заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiр­лестiктердiң қызметiне жол бе­рiлмейтіндігі және діни бірлестіктің басшысы кәмелетке толмағандардың ата-анасының біреуі қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және қатыстыруға жол бермеу шараларын қабылдауға міндетті. Құдайға құлшылық ету­ді, діни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізуге, сондай-ақ, миссионерлік қыз­метті жүзеге асыруға мемлекеттік органдардың, ұйым­дардың, қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, сот және құ­қық қорғау органдарының, діни білім беру ұйымдарын қос­пағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді. Тағы бір маңызды өзгеріс, заң­ның 9-бабы 2-тармағы діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган арнайы белгілеген стационарлы панажайларда ғана таратуға бо­латынын бекітеді. Яғни, қазіргідей көшеде қандай да бір дін өкілінің уағыз кітабын тықпалауы – заңсыз. Әрі Қазақстандағы кез келген мекеме немесе ұйым бұдан былай өз кітапханалық қорына діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды алмас бұрын, оларға дінтану сарап­тамасын сұратуға міндеттелген. Қазақстан Республикасының «дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңнамасын бұзушылық Қазақстан Рес­публикасының заңдарында белгiленген жауапкершілікке тартылады. Әрине, көлденең көк атты қазақстандықтардың наным-сенімін қалыптастыруға, діни тәрбиелеуге құқылы емес. Сондықтан, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, діни бірлестіктің төрт нышан-белгісінің болуы талап етіліп отыр. Яғни, діни бірлестіктің біріншіден, ортақ діни ілімі болуы қажет. Екіншіден, оның қызметі діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындаумен байланысты болғаны жөн. Үшіншіден, өз ұстанушыларын діни тәрбиелеумен айналысуы керек. Төртіншіден, қызметі рухани бағдарланған болуға тиіс. Жаңа заңмен діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу, ол тіркеудің күшін жою, діни бірлестікті қайта ұйымдас­тыру және тарату мәселелері реттеледі, тіпті, құжатта діни бірлестік жарғысының мазмұнына қатысты талаптар да белгіленген. Онда мемлекет пен шет­елдік діни ұйым арасындағы қарымқатынасты реттеуге де талпыныс жасалған. Дініміздің келешегі үшін ақылдасатын, ойласатын жайттар әлі де көп.  Әйтпесе, дін атын жамылғандар еліміздің ішкі қауіпсіздігіне, ынтымағы мен бірлігіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұны қазірдің өзінде байқауға болады. Бүгінгі таңда жастар арасында дінге деген бетбұрыс жоғары. Алайда, сол жастарға діни бағытты дұрыс бермеудің соңы орны толмас өкініштерге әкеліп соғуы мүмкін екендігі жадымызда тұруы шарт. Ол үшін мәселенің аражігін ажыратып, ағын ақ, қарасын қара деп айтып, халықтың, жастардың арасына үлкен жұмыс жүргізуіміз керек.