Мұқағали: “Сатпаймын дінімді мен…”

0
298

9 ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Азан шақырып қойған аты – Мұхамедқали. Өз заманының құбылысы болған талант иесі. Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы [У.Уитмен, “Шөп жапырақтары” (1969); У.Шекспир, “Сонеттер” (1970); Д.Алигерьи, “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімі (1971)], 8 жыр жинағы [“Ильич” (1964), “Армысыңдар, достар” (1966), “Қарлығашым, келдің бе?” (1968), “Мавр” (1970), “Дариға-жүрек” (1972), “Аққулар ұйықтағанда” (1974), “Шуағым менің” (1975), “Өмірдастан” (1976)] жарық көрді. У.Уитмен, У.Шекспир, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты. Қылышынан қан тамған кеңес заманында өмір сүргеніне қарамастан, Мұқағали асыл дініміз туралы да бірнеше өлең жазды. Соның бірі төменде.
“Сатқан емен. Сатпаймын дінімді мен,
Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.
Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.  
Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін кеудемнен ұшыраған күн!  
Алла – ақиқат. Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!