Конфессияаралық ынтымақтастықта зайырлы қоғамның рөлі

0
260

Кез-келген мемлекеттің саяси-экономикалық дамуы үшін ең алдымен
елдің тұрақтылығы мен тұтастығы қажет. Яғни, елдің ұлтаралық,
конфессияаралық ынтымақығы болуы тиіс. Қоғамдағы дінаралық
қатынастардың тұрақты, достықта болуын қамтамасыз ету үшін түрлі
танымдық іс-шараларды атқарып отыру керек. Соның ішінде
конфессияаралық ынтымақтастықты қалыптастыруда зайырлы қоғамның
рөлі ерекше.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағында:
«Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және
әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы –
адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» делінген.
Зайырлы мемлекетімізде білім мен ғылым дінге тәуелсіз. Сондай-ақ
мемлекет дінге, дін мемлекет ісіне араласпайды. Мемлекеттік дін жоқ және
дін бәріне ортақ болмайды. Қазақстан азаматтарының дінге сену не сенбеуі
өз еріктерінде. Ел азаматтарының ар-ождан бостандығы заңмен қорғалады.
Конституциялық басқару тәртібі, құқықтық жүйесі, сот билігі бар
мемлекетімізде адам өмірі, бостандықтары мен құқықтары қорғалған. ҚР
азаматтары өзі қалаған дінге сену, сенбеуге құқылы және Ата Заңымызға
орай, азаматтар ұлтына, тегіне, жынысына, тіліне, дініне, діни сеніміне,
әлеуметтік, лауазымдық жағдайына, мекеніне байланысты кемсітілмейді.
Яғни, елдің азаматтарының конституциялық құқықтарының бұзылуына жол
берілмейді. Сондай-ақ зайырлы мемлекетімізде барлық дін өкілдері заң
алдында бірдей жауап береді. Бұл қағидалар зайырлы мемлекетімізге тән.
Құқықтық қағидаларды басшылыққа алған мемлекетіміз діни сенімдерді
адам табиғатына тән қажеттіліктің бірі ретінде қарастырған.
Кейбір азаматтардың көзқарастарында зайырлылық деген атеистік
деген пайымдары бұрыс. Зайырлы дегеніміз – озық, толерантты, ашық қоғам.
Біз халықтың рухани өміріндегі дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез
келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз. Ата Заңымызда
көрсетілген зайырлылық қағидаттарына сәйкес, басты байлығымыз –
адамның діни наным-сенімдеріне құрметпен қарап, құқықтарын сақтап
отырған мемлекетімізде зайырлылық ұғымын «дінсіздік», «тағұт» деп
қабылдаған діндегі адасушылардың пайда болуы және олардың қоғамға жат
идеяларын белсенді жүргізуге тырысулары алаңдатады. Бүгінгі таңда
радикалды идеяларды таратушылар ел тұрғындарының әлеуметтік желіні
есепсіз қолданушылардың діни сауатының төмендігін пайдаланып отыр.
Интернеттен оқыған ақпараттарды сараптауға сауаты жетпейтін жастар
деструктивті діни ағымдардың қақпанына түсіп, жат идеологиялар ағымына
жұтылып, экстремизмге бой алдырып отырғаны қынжылтады.
Қорыта айтқанда зайырлы қоғамда кезгелген адам өзі қалаған және өзі
шын деп мойындаған дінін ұстанып, ғидабат жасауына құқылы. Бірақ ол
ұстанған дінінде экстремистік және террористік көзқарастар болмауы қажет.
Сондай-ақ, зайырлы қоғамда дінді ұстанушылар да, дінге сенбейтін адамдар
да бірін-бірі діни сенім-нанымына байланысты кемсітпей, керісінше бір-
біріне адам, елдің азаматы ретінде құрметпен қарауы тиіс. Осылайша елдің
конфессияаралық қатынастарының ынтымақта, бірлікте болуына зайырлы
қоғам өзінің үлкен тиімді рөлін ұсынады.

Б.Жүнісов,
Шымкент қаласының дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» әлеуметтанушысы