ҚАЖЫЛЫҚ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛАДЫ?

0
278

Қажылық сөзі араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету», «жүздену» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы – белгіленген арнайы орынға белгіленген уақытта, белгіленген амалдарды орындау арқылы зиярат ету.

Мұндағы арнайы орын – Меккедегі әл-Харам мешіті, Арафат аймағы. Белгіленген уақыт – парыз тауабының уақыты Құрбан айт күнінің таңы атқаннан басталып, өмірінің соңына дейін жалғасса, Арафатта тұру болса зул-хижжа айының тоғызыншы күні түс ауғаннан бастап, Құрбан айт күнінің таңы атқанға дейін жалғасады. Белгіленген амалдар – қажылық ниетімен ихрамға кіру. Қажылықтың әр амалы үшін арнайы уақыттар белгіленген.

Қажылық – әрбір мұсылманның үлкен арманы. Жер бетінің қай түкпірінде жүрмесін, мұсылмандар қасиетті Қағбаны құрмет тұтады. Бұл ұлы сапар – Жаратқанның сүйікті құлдарына деген сыйы. Сондықтан қажылық парызын өтеуге келген әрбір мұсылман Алла Тағаланың қонағы саналады. Алланың құлына Алланың құрметті қонағы болудан артық қандай бақыт болуы мүмкін?!

Қажылық парызы нәсіп болған мұсылман құлшылығының Алла Тағала алдында қабыл болуын қалайды. Сондықтан қажылық ғибадатын орындауды ниет еткен әрбір мұсылман сапарға шықпас бұрын қателікке ұрынбауы үшін оның үкімдерін үйреніп алуы керек. Әр ғибадаттың өзіне тән үкімі, орындалу тәртібі болады. Осы орайда қажылық құлшылығы қалай орындалатынын қысқаша баяндап өтсек. Ескеріп кететін жайт, қажылықты үш жолмен өтеуге болады.Біріншісі, ихрамға кірген кезде тек қажылыққа ниет етеді. Оны «ифрад» деп атайды. Ифрад қажылығын жасағандарға құрбан шалу уәжіп емес. Екіншісі, қажылыққа ұмраны қосып, бір ихраммен өтейді. Оны «қиран» деп атайды. Мұндай кезде екі ғибадатты қосып орындайды. Алдымен ұмраны орындайды, бірақ ихрамнан шықпайды. Содан кейін қажылықты өтейді. Қиран қажылығы кезінде құрбан шалу уәжіп. Үшіншісі, қажылыққа ұмраны қосып, бөлек-бөлек екі ихраммен өтейді. Оны «тәмәттуғ» деп атайды. Қажылықтың тәмәттуғ түрін орындайтын мұсылман қажылық айларында ұмра жасап, одан кейін ихрамнан шығады. Сосын қажылық мерзімі басталғанда, қайта ихрамға кіріп, қажылық амалдарын жасайды. Тәмәттуғ қажылығында да құрбандық шалу уәжіп.

Қазақстан қажыларының көпшілігі ұлы сапарда қажылықты өтеу үшін қажылықтың тәмәттуғ түріне ниет етеді. Сондықтан төменде қажылықтың тәмәттуғ түрі қалай орындалатынына тоқталсақ:

Ихрам – қажылық амалының ең алғашқысы. Ихрам дегеніміз – қажылық немесе ұмраға ниет етіп, тәлбия айту. Бұл амалды орындауға ниет еткен адамға бұдан бұрын адал болған кейбір істер мен нәрселерді істеу ихрамнан шыққанға дейін арам болады. Қажылыққа ниет етіп, тәлбия айту, намазға ниет етіп тәкбиратул-ифтитах айту сияқты. Намазға ниет етіп, тәкбиратул-ифтитахты айту арқылы намазға кірген секілді қажылыққа ниет етіп, тәлбия айтумен, қажылыққа кірген болып саналады. Алдымен екі ракағат нәпіл намазын оқиды. Намазын бітірген соң, қажылықтың қай түрін орындайтынына ниет етеді. «Уа, Алла! Мен қажылыққа ниет еттім. Дұрыс өтеуді жеңілдетіп қабыл ет!» – деп мына тәлбия дұғасын айтады: «Ләббәйкаллаһума ләббәйк! Ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниъматә ләкә уәл-мулк лә шәрикә ләк!».

Қажылықтың тәмәттуғ түрін орындайтын адам қажылық айларында миқаттан ұмраға ниет етіп, ихрам киіп, Меккеге кіріп, алдымен ұмра амалдарын атқарады. Яғни Қағбаны жеті рет тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында жеті рет сағи жасап, шашын қысқартып, не алып ұмраның ихрамынан шығады. Ихрам кезінде тыйым салынған тігісі бар киім кию, иіс су себу секілді амалдардың барлығын орындауына рұқсат етіледі. Бес уақыт намазын әл-Харамда оқып, Қағбаны тауап етеді. Сосын зул-хижжа айының сегізі күні харам жерінен ихрам киініп, қажылық амалдарын жасауды бастайды.