Мұхаррам айы – мұсылманша жыл басы

0
318

Иә, мұсылманның күн санағы бойынша, ең алғаш келетін Мұхаррам айы жыл басын ашатын қасиетті айлардың бірі. Мұхаррам айы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Меккеден Мәдинеге көшіп баруына орай жаңадан пайда болған һижри ай күнтізбегінің бірінші айы. Сөздік кітаптарда «мұхаррам» сөзі, «құрметтелген», «ұлықталған» деген мағыналарды білдіреді. Міне, Ислам күнтізбесі бойынша хижри 1445-шы жыл басталды. 2023 жылдың шілде айының 19-і күні Мұхаррам айының 1-і, яғни жаңа хижри 1445-ші жыл басталды. Ислам діні насихатталып, аумағы кеңейе түскен уақыт. Жер жердегі мұсылмандар өзара хат арқылы хабарласып, тілдесіп тұратын жағдайға келді. Бірде Хазіреті Омар (р.а.) Абу Муса Әшариден хат алады. Онда Әбу Мұса Әшари: «Құрметті Омар! Маған сенен хаттар келеді. Тарихы белгісіз. Мерзімін көрсетіп жазсаңыз жақсы болар еді», – деген өтінішін білдіреді. Халифаға келген хаттардың тағы бірінде шағбан айы деген сөз бар еді. Бірақ, қайсы шағбан? Өткен жылғы ма, әлде биылғы шағбан ба? Ислам мемлекеті басқаларға ұқсамайтын өзінің жыл санауын жариялауы керек еді. Сондықтан Хазіреті Омар (р.а.) жиналыс жариялап, тарихи жыл санауды шешу мәселесін ортаға қояды. Мәжілістегі бірінші мәселе – «мұсылманша тарихи жылнаманы қашаннан бастау керек» деген сұраққа жауап табу болды. Сахабалардың бірі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өткен жылды жылбасы етіп алуды ұсынды. Талха бин Убайдуллаһ (р.а.) Алланың Расуліне пайғамбарлық келген жылды бірінші жыл деп есептейік деді. Хазіреті Әли (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хижрат еткен жылды алғашқы жыл деп санауды ұсынды. Ол: «Хижрат хақ пен нақақтың ажырауына, Ислам дінінің өркендеуіне үлкен себебін тигізген оқиға» – деді. Көпшілік Хазіреті Әлидің ұсынысын мақұлдап, жақтап дауыс берді. Сөйтіп хижри жыл санағы пайда болды, дейді ислам тарихшылары.

Екінші мәселе, он екі айдың қайсысы алғашқы ай болады, жыл есебі қай айдан басталады, соны анықтау керек болды. Абдуррахман бин Ауф: «Режеп айын бірінші ай етіп алайық, ол «харам» айлардың біріншісі»,– деді. Талха ибн Убайдуллаһ болса: «Рамазан айы бірінші ай болсын, ол Ислам үмметінің ең шарапатты айы»,– деді. Ал Хазіреті Әли (р.а.): «Мұхаррам айын бірінші ай етіп алайық, ол көп заманнан бері жылдың бірінші айы болып келеді», – дегенде, бұл сөзді баршасы құп көріп, қолдаған екен. Сол күннен бастап Ислам үмметі Хз. Омар (р.а.) тың бастауымен милади 638-жылы өзінің жыл санауына ие болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдиенаға көшіп барған жылдың 1-ші мұхаррам айы, хижри жыл санағының басы болып бекітілді. Хижри жылнамасының алғашқы күні, милади 622-жылының 16-шілдесі жұма күніне сәйкес келеді. «Мұхаррам» сөзі, «құрметтелген», «ұлықталған» деген мағыналарды білдіреді. Шынымен де, бұл – Мұхаррам айы – өте құрметті ай. Мұхаррам айы Аллаһ Тағала қадірлі деген төрт айдың бірі. Жоғарыдағы аятта: «Бұлардың төртеуі – құрметті айлар»,– делінген. Яғни, он екі айдан төртеуі – Аллаһ тарапынан зұлымдық харам етілген айлар болып саналады. Олардың бірі Мұхаррам айы. Мұхаррам айы Рамазан айынан кейінгі мәртебелі ай. Бұл айдағы ең ұлы күндердің бірі «ашура» күні. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадис шәрифте «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза, Мұхаррам айындағы ораза. Парыз намаздан кейінгі ең абзал намаз түнгі намаз»,– деп бұйырады. Мұхаррам айы жақындағанда мұсылмандар өткен жылын саралап, күнәларына тәубе етіп, келер жылдың қайырлы, берекелі болуын тілейді. Хижри 12 ай төмендегідей: Мұхаррам. Сафар. Рабиғул аууал. Рабиғус сани. Жумадил әууал. Жумадис сани. Ражаб. Шағбан. Рамазан. Шәууал. Зул-қағда. Зул-хиджа.

Дайындаған Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ