Қыл үстіндегі бала тағдыры

0
493

Айдың-күннің аманында Сары­ағаш ауданындағы қар­шадай қыздың қылмыскер қолынан қаза табуы балаларға қарсы зорлық-зомбылық мәсе­лесін тағы да кезек күттірмес проблемалар қатарына шығарып отыр. Жалпы бұл тақырып еш­уақытта күн тәртібінен түс­кен де емес. Балаларға қарсы қыл­мыстар, жас жеткіншектердің бір-біріне әлімжеттік жасауы, отбасындағы зомбылық мәсе­лелерін жуырда өткен Ұлттық құ­рылтай кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кө­терген болатын. «Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәр­биесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қы­сым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кет­ті» деген Мемлекет басшы­сы отбасындағы келеңсіз оқи­ға­­ларының да қазақ қоғамын алаң­датып отырғанын тілге тиек етті. «Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң ая­сында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жуырда Бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдаған Мемлекет басшысы балалардың құқы­ғын қорғау мәсе­лесі мемлекеттік саясат­тың не­гізгі басымдықтарының бірі еке­нін тағы да баса айтты. Президент балалар арасында зорлық-зомбылық және буллинг фактілері әлі де азаймай тұрғанын атап өтіп, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен, мүдделі мемлекеттік құрылымдармен өзара тығыз жұмыс істеу маңызды екеніне назар аударды. Балаларға қарсы құқық бұзушылық проблемасының Президенттен бастап барлық деңгейде көтеріліп, айтылып келе жатқанына қарамастан, мамандар соңғы кезде мұндай сипаттағы қыл­мыстардың көбейіп кеткенін алға тартып отыр. Себебі неде? Заңымыз солқылдақ па? Адамдар азғынданып кетті ме? Бәлкім қоғамды ізгілендіретін рухани тәрбие жағы ақсап тұрған шығар? Шын мәнінде, мамандар мұн­дай қылмыстардың салдарымен емес, себебімен жұмыс істеу, яғни алдын алу шараларының жоқтығы қайғылы жағдайлардың орын алуына жол беріп отырғанын айтады. Мәселен, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның пікірі де осыған саяды. «Түркістан облысындағы 5 жасар қыз бен Алматыдағы 7 жасар қыз­ға қ­атысты болған екі қайғылы оқиға – жергілікті жерлерде профилак­тика жүйесінің жоқтығының тағы бір айқын дәлелі. Күн сайын бала­ларға қарсы 6 қылмыс жасалады. Оқи­ғалардың 70%-да бұл көмектің уақ­тылы көрсетілмеуі мен алдын алу шараларының болмауының салдары. Қазір жұмыс негізінен салдарлармен ғана жүргізіледі. Бұл екі жағдайда қайғылы оқиғалардың алдын алуға болатын еді», дейді ол.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әб­деннің пікірінше, қоғамда рухани тәрбиенің әлсіреп кеткені түрлі құқыққа қайшы әрекеттердің және қылмыстардың жа­салуына себеп болып отыр. «Жыл ба­сында біз Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының отырысын өткіздік. Сол кезде құқық қорғау органдарынан балаларға қарсы жасалатын қыл­мыстар санын сұратқанда соңғы жылдары статистика өзгермегенін көрдік. Яғни бұл санаттағы қылмыстар қатары кейінгі жылдары жоғарыламаса да, әлеуметтік желілердің арқасында қоғам­дық дүмпу туғызып жатқаны ай­тылады. Дегенмен мен рухани тәр­биенің ақсап жатқандығынан ресми статистикаға қарамастан, балаларға қарсы қылмыстар көбейді деп ойлаймын» дейді ол. Бұл ойды адвокат, «AU» құқықтық мектебінің негізін қалаушы Айман Омарова да құптайды. Оның айтуынша, заңды қатаңдату проблеманы түпкілікті шешпейді. Ол осы бағытта қолға алынатын шаралардың бірі ғана болуға тиіс. Ал балаларға қарсы қылмыстарға барынша тосқауыл қою үшін кешенді шаралар керек. – Ең алдымен ата-ана және бала­бақша мен мектеп тарапынан ба­қылауды күшейту керек. Жас жет­кіншектер ненің ақ, ненің қара екенін біле бермейді. Сондықтан ес білген шақтан оларға көп нәрсені үйрету керек. Мәселен, АҚШ-та балаға 1 жастан бастап-ақ: «Мынау сенің қолың, мынау аяғың» деп барлық дене мүшелерін көрсетіп, басқа адамдарға ұстатуға болмайтын жерлерін айтып түсіндіреді. Бала есейген сайын жыныстық тәрбиені тереңірек үйретеді. Мұндай алдын алу жұмыстары педофилия секілді қылмыстардың азаюына өз септігін тигізіп отыр. Ал біз кіш­кентай балаларға көшеде кездескен адамға сәлем бер деп айтамыз. Тәрбие тұрғысынан бұл да дұрыс шығар, алайда қазіргі күні оның қауіпті жағы да бар, – дейді ол. Айман Омарованың пікірінше, балаларға қарсы қылмыстардың бәрі бірдей құқық қорғау органдарында есепке алына бермейді. Сондықтан ресми статистика бойынша жағдай тұрақты болып көрінуі мүмкін. «Құ­қық қорғау органдарындағы сыбай­лас жемқорлықтың салдарынан қыл­мыскерлер жазадан құтылып кететін жайттар аз емес. Сыбайлас жемқорлық – терроризмнен де жаман. Соның салдарынан біз еліміздегі қылмыстардың шын ауқымын біле алмай жатырмыз», дейді ол. Ад­вокаттың пікірінше, балаларға қарсы қылмыстардың көбеюіне ық­пал етіп отырған себептердің бірі – отба­сындағы зорлық-зомбылық. «Отба­сындағы жанжалдарды, әкесінің анасын ұрғанын көріп өскен бала өзіне қарсы сексуалды сипаттағы қылмыстар жасалса да, оны ешкімге айтпайды. Мен қазір осы сипаттағы 6 оқиғаны қарап жатырмын. Екеуінде өгей әке, төрт жағдайда туған әкесі өз қыздарына жыныстық қысым жасаған. Балалар оны анасына айтқысы келеді, бірақ әкесінің анасын ұрып жүргенін көрген бала одан көмек сұрағаннан ештеңе шықпайды деп үнсіз қалады», дейді құқық қорғаушы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде отбасы тәрбиесінің әлсіре­генін айтқан болатын. «Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді», деді Мемлекет басшысы. Соңғы уақыттары, әсіресе Сары­ағаш­тағы оқиғадан кейін педофилдер үшін өлім жазасын қайтару туралы әңгіме тағы да көтерілді. Осыған қатысты пікір білдірген депутат Қарақат Әбден өлім жазасын қайтаруға белгілі бір кедергілер бар екенін жеткізді. – Иә, осы сипаттағы ауыр қылмыс­тарды жасайтын адамдарға, адамдар емес, хайуандарға ату жазасын қайтаруды сұрайтындар көп. Бірақ мына нәрсені назарға алу керек. Бізде әлі де сот жүйесінде қателіктер көп. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Осы саладағы келеңсіздіктерді жоймай, ату жазасын қайтаруды дұрыс емес деп ойлаймын. Егер кінәсі жоқ адам ату жазасына кесіліп жатса не болмақ? Сондықтан мен ең ауыр жаза ретінде өмір бойы бас бостандығынан айырудың тағайындалуын қолдаймын. Балаларға қарсы зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскерлерге осы жазаны тағайындау керек», деді ол. Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бала құқық­тарына қарсы қылмыстардың алдын алу инфрақұрылымы мен те­тіктерін жасау бойынша жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Бұл туралы Бала құ­қық­тары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді. Атап айтқанда, сол ша­ралардың бірі – отбасымен жұмыс істеу жұмыстарын үйлестіру жөнін­дегі функцияларды Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктердегі Әлеуметтік қорғау басқармаларына заңды түрде бекітіп, аясын кеңейту. Бұл басқармалар Отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар арқылы учаскелік бөлімшелермен тығыз байланыста жұмыс істеуге, келіп түскен ақпарат бойынша жедел әрекет етуге және қажет болған жағдайда аза­маттарға, отбасыларға, балаларға барлық қажетті бейіндік қызметтер мен басқармаларды (білім беру , денсаулық сақтау және т.б.) тарта отырып, атаулы кешенді көмекті ұйымдастыруға тиіс. – Бұл неліктен маңызды? Қазір әкім­діктерде барлық қажетті қызмет­терді тарту арқылы алдын алу шараларын жүргізетін, отбасымен, балалармен уақытылы жұмыс істейтін, бұрын сотталған адамдарды оңалту мен қайта әлеуметтендіру және т.б. жауапты үй­лестіруші басқарма жоқ. Одан бөлек, заңда медициналық-әлеуметтік есепке алу туралы норма бар. Ол көмекке мұқтаж, жағдайы төмен отбасылар мен балаларды анықтап, оларға көмектесуді ұйымдастыруды көздейді. Алайда бұған жауапты мемлекеттік орган әлі анықталмағандықтан, аталған заң жұмыс істемейді, – дейді ол. Сонымен қатар Динара Зәкиева жағдайы төмен отбасылар мен балаларды анықтап, көмек ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтарды заңна­малық тұрғыдан бекіту, еліміздің 152 ауданында Отбасын қолдау орта­лықтарын ашу, балалар да, ересектер де білетін және кез келген уа­қытта көмек сұрай алатын бірыңғай мемлекеттік анонимді сенім телефо­нын, яғни байланыс орталығын құру, т.б. маңызды бағыттарда жұмыс жүр­гізіліп жатқанын айтты. – Қылмыстарды тергеу кезінде  көп жағдайда (60%) отбасында бала­ға қатысты не болып жатқанын есті­ген және білген, бірақ хабарлауға қорық­қан не ол іске араласқысы келмеген адамдардың болғаны анықталады. Сондықтан анонимді сенім телефоны керек. Әрине, жағдайлар мен хабарламалардың бәрін мемлекеттік органдар тексеруі керек. Заңнамаға балалардың қауіпсіздігі мен жазаның бұлтартпастығы мәселелеріне қа­тысты өзгерістер пакетімен жұмыс істеп жатырмыз. Осындай қылмыстық істердің 30%-ы тараптардың татуласуымен жабылып жатады. Өкінішке қарай, мұның соңы ауырырақ қыл­мыстарға әкеліп соғады. Бұл жұмысты Парламентпен бірлесіп күзде бастаймыз деген үміт­темін, – деді еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Бейбіт елде балаларымыздың өз әкесінен немесе көршісінен жапа шегіп, өлім құшып жатқаны – әділетті Қазақ­станның атына сын. Бұл келеңсіздікпен қоғам болып бірлесіп күреспесек, қайғылы жағдайлар қайтала беретіні талас тудырмайды. Сарыағаштағы сойқан – көп оқиғаның бірі ғана.

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ