Түркістанда халал апталығы өткізілді

0
174

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жыл басында бекіткен жоспарына сәйкес халалды халыққа, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында насихат жұмыстары тапсырылған болатын.

Соған сәйкес, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Түркістан облысына барған іс-сапары барысында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасымен өткізілген жиынға қатысты. Басқосу барысында халал саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жергілікті халал кәсіпорындар санын арттыру, сол арқылы халыққа сапалы да таза өнім ұсыну, отандық өнімдерді шет ел нарығына экспорттау, халал индустриясын дамытуға ат салысу секілді өзекті мәселелер ортаға салынды.  Және де Түркістан облысына қарасты қала, аудан, ауыл имамдары мен мешіт қызметкерлеріне «Халал – шариғат талабы» тақырыбында семинар өткізілді. 

Сонымен қатар, Айбек Асқарбекұлы бастаған мамандар тобы осы жолы Түркістан облысында бақылау-қадағалау шараларын жүргізді. Аудит жұмыстарына облыстың бас имамы Ержан Сматұлы да қатысты. Жоспарлы тексеріс барысында өңірдегі 30-дан астам кәсіпорынның бекітілген халал стандарты талаптарына сай қызмет көрсетуі, адал да сапалы өнім өндіруі қадағаланды. Атап айтқанда, «Magnum» сауда орындарындағы ет және шұжық өнімдері, «Шымкент құс» фабрикасы, «Ордабасы нан» ұн өнімдері, «Ордабасы құс» шұжық цехы және де ірілі-ұсақты жергілікті қасапханалар, қоғамдық тамақтану орындары, фаст-фуд желілері, кондитерлік кәсіпорындардың бекітілген халал талаптарын орындауы тексерілді. 

Айта кетейік, еліміздің әр өңірінде жалғасып жатқан үгіт-насихат, аудит шаралары оңтүстік өңірде әлі де жалғасын табады.