ХАДИС ПЕН МАҚАЛ – ҚОС ҰҒЫМ

0
330

Аллаға шүкір, қазақ халқы сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып, ұрпағын жақсылыққа, ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеп келе жатыр. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін жақсы түсінген және оған амал еткен халқымыз хадистің өзін мақалға айналдырып, ұрпағын жамандықтан тыйып, жақсылыққа баулып отырған. Осы ретте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінен алынып, мақалға айналған немесе хадистердің мазмұнынан туындаған қанатты сөздерге тоқталып кеткенді жөн көрдік.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аузынан шыққан әрбір сөз баға жетпес қазына, тұнып тұрған тәрбие екені белгілі. Мұны жақсы білген халқымыз хадистен шыққан мәнді сөздерді мәтелге айналдырып, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданып отырған. Мысалы, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сіздердің ең қайырлыларыңыз қарызын төлеген адам», – дейді. Алған қарызынан құтылмай көңілі жайланбайтын немесе қарызбен қара жерге кіруге қорқатын қазақ халқы бұл хадисті мақалға айналдырып «Қарыз, қарызды беру – парыз» деген. Халық даналығында жиі айтылатын «Көшуден бұрын керуен басыңды сайла. Қарыз алудан бұрын береріңді ойла» деген сөз қарызды қайтарудың қамын көбірек ойлауға жетелейді. Тіпті жаңа айтқанымыздай, қарызбен қара жерге кіруге қорқатын қазақ халқы «Қара жер қарыз арқаламайды» деп қарызды қайтарудың қаншалықты маңызды екенін дөп айтқан.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Саған бір нәрсені аманат еткенде аманатын (өз күйінде) кері қайтар», – деп өсиет еткен. Аманатқа қиянат жасауды өліммен тең көрген бабаларымыз бір ауыз сөзбен «Орындалмаған аманат – ерге тағылған жаман ат» деп айтып кеткен. Осыған ұқсас ел аузында тараған «Біреуден алған аманат, берсең жақсы – саламат» деген жақсы сөз бар. Қазақ жұрты аманатқа қиянат жасалған жерден береке кетеді деп түсінген. Демек қай қоғамда аманат орындалмаса, сол қоғамда қиянат қатар жүреді. Сондықтан бабаларымыз «Аманат молшылық әкеледі, қиянат кедейлік әкеледі» деген қағиданы мықтап ұстанған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап», – дейді. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп білген халқымызда бұған қатысты «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» деген мақал бар. Ел аузында «Үй алма – көрші ал» деген қанатты сөз де жиі айтылады.

«Алыстағы ағайыннан алдыңдағы көршің артық» деген мақалдың өзі көршінің ақысы мен орнын айқындап тұрғандай. Сонымен қатар «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деген мақал Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисімен үйлесіп тұр. Шын мәнінде қазақ халқы – көршісімен тату тұрған халық. Тіпті бала кезімізде үлкендеріміздің үйдің кілтін көршілерге қалдырып, одан қалды қорадағы малды да оларға аманаттап кеткен жағдайларына талай куә болдық. Бір қызығы, көршілеріміз өрістен келген сиырды сауып, сүтін үйге кіргізіп қоятын. «Көршімен татудың көңілі тыныш» деген сөздің мәні осында жатса керек.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадистерінің бірінде: «Кімде-кім ғұмыр жасы ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын. Белі бүгілген қарттарың болмағанда бәле-бәтерлер бастарыңа селдей ағып келер еді», – деген. Біздің ұғымда ата-ананың ақысы ең үлкен құндылықтың бірі саналған. Біз санамызға «ата-ананың сөзін екі етпе» деген тәрбиені сіңіріп өсірген ұрпақпыз. Сондықтан қазақ халқында «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет» деген мақал бекер айтылмаса керек.

Халқымызда «ана сүтін ақтау» деген қалыптасқан қағида бар. «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» деген мақал осыдан шықса керек. Өйткені ана сүтін ақтау – әрбір перзенттің мәңгілік борышы. Қазақы тәрбиеде ата-анаңа тіл тигізуден асқан ауыр іс жоқ. «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа» деген сөздің мәні де тереңде жатса керек. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің де тәрбиелік мәні зор. Үйге келген қарияға құрмет көрсету, оның қолына су құйып, батасын алу – бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы дәстүрдің бірі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген – бізден емес», – десе, осы хадисті өмірлік ұстаным еткен халқымыз «Үлкендерге – құрмет, кішілерге – ізет» деп жасы үлкен кісілерге құрмет көрсетіп, жасы кішілерге ізет көрсетудің маңызын атап өткен. «Кәрінің бәрі – игі», «Ел қариясы – ел қазынасы», «Өзгеге жасаған ізетің – өзіңе жасаған құрметің», «Халықтың қартын сыйлауы – еліңнің салтын сыйлауы» деген мақалдар қашан да жастардың бойына ізгілікті сіңдіріп отырған.

«Алланың әмір еткендерін орындап, тыйым салғандарынан сақтансаң, Алла да сені сақтайды. Алланың заңдарына бағынсаң, Алла әрдайым жаныңда болады». Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хадисі де қазақ халқының өмір сүру дағдыларына айналған. Бұған қатысты «Сақтансаң сақтаймын деген», «Сақтанғанды Құдай да сақтайды», «Өзі саққа Құдай жақ» деген мақалдар бар.

Қазақ халқы өте қонақжай. Алыстан қонақ келсе астындағы атын сойып берген халықпыз. Қонақжайлық – қазақ халқына тән ұлы қасиеттің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – десе, халқымыз мұны мақалға айналдырып: «Қонақ келсе – құт келер», «Қонақ несібесімен келеді», «Қонаққа «кел» демек бар, «кет» демек жоқ», «Қонақ асын Тәңірі өтейді» деп ұрпағын қонақжай болуға баулыған.

Алла Тағала баршамызға Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болып, ата-бабаларымыздың мол тәрбиесін келесі ұрпаққа жеткізуді нәсіп еткей. Әмин!    

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы,

«Мұнара» газеті, №18, 2023 жыл