Ғибат айтып күнәға батпайық

0
185

Ислам – мейірімділік пен  татулық діні. Дәстүрлі дінімізбен салт- дәстүрімізге мүлде ұштаспайтын дүниелер бар. Олар: жала жабу, өсек, өтірік, ғайбат, біреудің ақысын жеу. Мұндай жаман қасиеттердің салдарынан жақын адамдар бір-бірімен араздасып, арадағы достық қарым-қатынастары қастыққа айналады, адамдарға нақақтан күйе жағылып, қоғамдық байланыс әлсірейді. Жала жабу – дәстүрлі дінімізде үлкен күнәлі істерден болып саналады. Қазақ мақалдарында: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?», – деген мақал-мәтелдер өте көп.

    Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз.

Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді.

     Пайғамбарымыздың хадисінде «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?», – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Пайғамбар : «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?», – деп сұрақ қояды. Пайғамбар : «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді».

    Баршамызды береке-бірлігімізбен адамдық қасиеттерімізге сызат түсіретін өсек, өтірік, ғайбат, жала сынды дүниелерден аулақ болайық.