Исламда ар-ождан бостандығы

0
159

Ислам дінінің негізгі дәстүрі бойынша дінді зорлықпен қабылдату жоқ. Себебі әр кім иманға өз қалауымен, ықыласпен келуі керек. Құранда адамдар арасындағы түрлі сенімдердің болуы арнайы Алла тағаланың қалауы ретінде қарастырылған. Құранда Алла «Егер Жаратқан Иең қалаған болса, адамдардың барлығы бір үмбет (бірдей сенімде) болар еді. Бірақ олар үнемі әртүрлі жолды ұстануда» десе тағы бір аятта бұл шындық «Егер Жаратқан Иең қаласа, жер бетіндегі адамдардың барлығы тегіс иман келтірер еді» деп баяндалған. Сондықтан Ислам тарихында дінге зорлықпен кіргізу болмаған.

Құранда басқа дін өкілдеріне әділдік танытуға ешқандай қарсылық жоқ екені анық айтылған: «Алла тағала дін жайында сендермен соғыспаған және отандарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауға, әділ болуға тыйым салмайды. Өйткені Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді».

Пайғамбарымыз да басқа дін өкілдеріне әділетті болу керектігін үмбетіне ерекше ескертіп, бір хадисінде «Кімде кім бір зиммиға (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін» дейді мұсылман болсын мұсылман болмасын оларға зұлымдық жасауға қатаң тиым салған. Ислам құқығында мұсылмандарға кейбір артықшылықтар берілсе де, жалпы құқық пен бостандық тұрғысынан алғанда алалаушылық жоқ екенін ескерген жөн