Ислам – рақымдылық діні

0
134

Ислам – тұрақтылық пен қауіпсіздік діні. Қазіргі таңда Исламды терроризммен тең санау – тарихи қателік әрі исламға жасалған ең үлкен қиянат болып табылады.

Жер бетіндегі барлық дәстүрлі діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде ең соңғы рақымдылықты ту еткен дін — ислам діні.

Мейірім мен рақым – жалпы жаратылыстың түп негізі. Абай атамыз айтқандай «махаббатпен жаратқан адамзатты» Алла тағала аса мейірімді және тым рақымды. Құрандағы барша сүре «Бисмиллаһир-Рахмани-р-Рахим» деп басталуы ең алдымен ислам дініндегі Алла түсінігінен хабар беріп тұр. Жаратушының Рахман және Рахим есімі рақымдылыққа тән бүкіл сипаттарды қамтиды. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрі де Алланың Рахман есімін дәріптейді. Алла Тағала осы Рахман есімі арқылы пенделерін мұсылман, кәпір деп бөліп жармай, қаншама күнә жасап, астамшылық танытса да жарылқап, ризық-несібесін беруде. Алла тағаланың мейірімі күллі болмыс атаулыны қамтиды. Сондықтан Құранда Алла тағаланың мейірімділігі мен рақымдылығына байланысты аяттар өте көп.

Пайғамбарымыз да өз кезегінде мұсылмандарды мейірімділік пен рақымдылыққа шақырды. Ол бір хадисінде: «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды» дейді.      Пайғамбарымыз: «Адамдарға мейірімділік танытпағандарға Алла да мейірімділік көрсетпейді» деген. Нағыз мұсылман осы айтылған қағидаларды бәрінен жоғары қойып, ислам пайғамбарының мейірімге толы ғұмырын терең біліп, одан үлгі алуы керек.