Исламда пәтуа мәселесі

0
340

Пәтуа дегеніміз – ислам шариғатында құзыретті адамның (беделді дін ғалымының) шариғи қағидаттарға, діни-құқықтық мәселеге қатысты қойылған сұраққа тиісті дәлелдермен берген жауабы. Әр ғасырдың, әр кезеңнің өзіне қатысты жаңа мәселелері туындап отыратыны белгілі. Қазіргі таңда үлкен ислам ғұламалары мен ғалымдары – өз заманының мүжтаһидтері (діни мәселе бойынша үкім айта білетін ғалым) соларға исламның көзқарасы бойынша, түрлі ижтиһадтық әдістерді қолданып жауап беруде. Құранның аятында «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» деген қағидат бойынша мұсылмандар өздеріне анық емес мәселелерде ғалымдардың пәтуасына жүгінеді.

Шариғат тағылымдары мен ережелерін тәпсірлеу барысында дін ғалымдары мұсылман үмметін алаңдатқан барлық сұрақтары мен күрделі мәселелердің шешімдерін табу үшін Құран мен сүннеттен «пәтуалар» шығарған. Туындаған сұрақтарға жауап беріп, арнайы пәтуаларды шығаруды алғашқы болып Мұхаммед пайғамбар өз сахабаларына үйреткен. Пайғамбар қоғам арасында таралып жатқан бұрмаланған түсініктер мен жалған стереотиптерді жою үшін, білмейтіндерді ағарту, әрі белгілі бір көзқарасты қалыптастырып бекіту үшін кейбір сұрақтарға олар қойылмай тұрып жауап берген. Пайғамбардың дінді түсіндіру жұмыстарында сұрақ-жауап үлгісін пайдалануы сүннетте жиі кездеседі.

Пәтуаның дәстүрлі исламда алатын орны ерекше. Діни-құқықтық сипаттағы сұрақтарға жауап беруші тұлға «мүфти» деп аталады. Оның берген дәйектемесі немесе шығарған үкімі пәтуа болып табылады. Сонымен қатар мүфтидің қызметі шариғатты жеткізу әрі түсіндірумен шектелмей, заңшығарушылық функцияларды да қамтиды. Дәлірек айтқанда мүфти түрлі ижтиһадтық әдістерді пайдалана отырып, Құран мен сүннеттегі «астыртын, жасырын немесе көрсетілмеген» мәселелерге терең әрі толыққанды жауап беру жауапкершілігін жүктеген тұлға болып саналады. Мүфти ижтиһадтық ізденістер мен өзіндік пайымдаулары арқылы шариғи көздерден заңдарды шығаруға құқылы.

Өз кезінде сахабалар кез келген мәселе туындаған жағдайда Мұхаммед пайғамбарға баратын. Бір кездері ол өзінің кейбір сахабаларына пәтуа шығаруға рұқсат берген. Солардың бірі Йеменге билеушінің өкілі ретінде жіберілген Муаз ибн Жабал болатын. Пайғамбардың дәуірінен кейін ең білімді сахабалар діни сипаттағы көптеген сұрақтарға байланысты пәтуалар шығарған. Ал әділетті халифалармен қатар Омар ибн Хаттаб сахабаның немересі Омар ибн Абдул-Азиз мемлекет басшысы және мүфтилік қызметтерді қатар атқарған. Алайда кейінгі кезеңдерде бұл қызметтер екіге бөлінді. Исламдағы негізгі құқықтық жүйелер мүжтаһидтер тарапынан дайындалып, арнайы жинақтар ретінде кітап болып шығарылды. Мұндай еңбектер жауап берілген құқықтық сұрақтарға қайта жауап іздемеуге мүмкіндік береді.

Пәтуа берушіге қойылатын талаптар. Жауапкершіліктің жоғарылығына қарай пәтуаны шығаруға құзыретті болып табылатын тұлғаға қойылатын талаптар да қатаң болмақ. Олардың бастылары:

-Мүфтидің шариғаттың ең басты көздерінен – Құран мен сүннеттен терең білімге ие болуы;

— Араб тіліне қатысты толыққанды лингвистикалық әрі филологиялық біліктілікке ие болуы;

— Әр түрлі құқықтанушылардың (фуқаһа) еңбектерін зерттеуі;

— Фиқһтағы консенсус («ижма» — сөздікте «бір іске бел буу» немесе «бір мәселеде ортақ пікірге келу» деген мағыналарды білдіреді) және қайшылықтарды (ихтиләф) дәйектемелерімен зерттеуі;

-Шариғи көздерді меңгерген маман ретінде «қиястың» (салыстыру арқылы пайымдау) қолдану ережелері мен аясын жақсы білуі керек. Осыған орай пәтуа шығарауға құқылы болып табылатын мүфтидің ой-өрісі кең, өмірлік тәжірибесі көп, тарихи және әлеуметтік танымының терең болуы қажет. Ал көркем мінез-құлық пен тақуалық, әдептілік – мүфтидің басты қасиеттері болып табылады. Мүфти жеке адамның немесе белгілі бір қауымның ыңғайына жығылмай, өзінің білімділігі мен біліктілігіне сүйеніп, әділетті негізде дұрыс деп тапқан пәтуасын шығаруы тиіс.