Діни сектадан сақ бол!

0
138

Секта cөзi латынның «sekta» сөзінен шыққан, алғашқыда ол eкi мағынада қолданылды: біріншісі — бip заттың бөлігі де екінші мағынасы- сана образы, оқу дегенді білдіреді. Бұл сөз «secaгe» — кeciп тастау (бүтіннің бөлігі) және «sequi» — iзiнe түсу (қандай да болсын оқудың артынан ілесу) сөздерімен мағыналас. Және бұл сөздердің көрініс табу сипатына лайық «тоталитарлық секта» деген ұғым қолданылады. Демек, секта азаматтарға өз пікірін таңып мақұлдату, зорлық-зомбылық көрсету, олардың еркінен тыс әрекетпен мүлкін тартып алу, тіпті кісі өміріне қауіп төндіру сияқты істерімен ерекшеленеді.[1]

Ресейлік сектатанушы-ғалым Александр Дворкиннің «Сектаведение» атты еңбегінде көрсетілген тоталитарлық сектаның 17 белгісін былай деп тізбектеп береді:

 1. Арбаушылар сенің барлық сұрақтарыңа жауап беретіндей көрінеді. Бірақ бұл алғашқы алдамшы әсер ғана. Бұл топқа қосылсаң өміріңе қиындық туғызатын үлкен проблемалар мен қайғы қасірет күтіп тұр.

2. Олар алғашқы кездесуден кейін-ақ сенің қоршаған ортаға қатысты шынайы көзқарастарыңды өзгертіп, өздерінің сектанттық ойлау жүйесін саған телуге әрекет жасайды.

3. Топтың дүниетанымы тым қарапайым және кез келген мәселені түсіндіріп беретіндей көрінуі мүмкін. Бірақ бұл сені алдап-арбаудың әрекеті. Арада аз уақыт өткенде-ақ «жаңа» көзқарастарыңның сені тығырыққа тірегенін байқайсың.

4. Топқа дәл сипаттама беру қиын. Соған қарамастан саған ешқандай ерік бермейді, ешнәрсені талқылауға және тексеруге рұқсат етпейді. Бәріне көрсоқырлықпен сенуге және дереу өздерінің орталықтарына баруға шақырады.

5. Топта міндетті түрде ұстаз, көсем, медиум немесе гуру (ежелгі шығыс діндеріндегі дінбасы) болады. Басқалар соның кез келген сандырағын ой елегінен өткізбей қабылдай береді.

6. Топтың өзіне ғана тән «ілімі»болады. Секта өкілдері дәстүрлі ғылым, дәстүрлі ойлау жүйесі мен ақыл-ойды жоққа шығарады.

7. Бөгде адамдар тарапынан айтылған шынайы сынды қабылдамайды. Топтастарын өзгелердің сөздеріне назар аудармауға шақырады.

8. Сектанттардың ойынша, әлем апатқа бет алған және оны құтқарудың жолын «біз ғана білеміз» деп есептейді. Негізінен қоғамды апатқа бастағысы келіп жүрген өздері екенін мойындамайды.

9. Секта мүшелері өздерін «элита» деп есептейді. Басқаларды ауру немесе ақымақ санайды. Шын мәнінде, олардың өздері психикалық ауруға шалдыққан болуы әбден мүмкін.

10. Олар сені тез арада топқа мүше етуге тырысады. Ол үшін сектанттар алдап-арбауға, басқа да лас әрекеттерге баруға дайын.

11. Топтың өзіне тән киіну, тамақтану үлгісі, өзгеше тілі болады. Бұл да арбаудың бір тәсілі. Оның үстіне отбасы мүшелеріңмен ортада осы мәселеге байланысты жанжал туындайды. Ал сенің отбасыңнан алшақтағаның сектанттарға тиімді.

12. Топ сені туған-туыстарыңмен, жұбайыңмен, бала-шағаңмен, достарыңмен қарым-қатынастарыңды біржола үзуге мәжбүрлейді. Әрине бұл бақытсыздыққа ұшыратады.

13. Жыныстық өміріңнің қалай өрбитіні еркіңнен тыс белгіленеді. Басшылық саған лайықты серіктес таңдап береді, топтық секске қатысуды белгілейді немесе жыныстық қатынастан мүлде бас тартуға мәжбүрлейді. Сөйтіп, азғындыққа итермелейді.

14. Топ сенің бүткіл бос уақытыңды «тартып алады». Мәселен, кітап немесе газет сатқызады, жаңа мүшелерді арбауға пайдаланады, түк пайдасы жоқ курстарға баруға мәжбүрлейді.

15. Жалғыз қалу өте қиын. Топтың кемінде бір мүшесі үнемі жаныңда болады. Бұл сенің терең ойлануыңа, өзіңе сын көзбен қарауға жол бермейді.

16. Егер таңдаған жолыңның дұрыстығына күмәндана бастасаң, «уәде етілген сәттілікке жете алмасаң қандай жағдайда да бәріне кінәлі өзің боласың». «Сенімің тым солқылдақ немесе өте аз еңбектенудесің» деп өзіңді айыптайды. Заңсыз жазалауы да мүмкін.

17. Топ өзінің тәртіп ережелерін толық әрі сөзсіз орындауыңды талап етеді. XX ғасырда шыққан әдеттен тыс діндердің тек түрлерін санап шығудың өзі де үлкен жұмыс. Сол себепті біз кеңірек және тереңірек таралған кейбір түрлеріне ғана тоқтап өтіп жүрміз.