Кеңестік идеологияның діни танымға әсері

0
303

Кеңестік идеология туралы сөз бастамас бұрын, «идеология» терминінің мағынасын ашып кеткеніміз жөн. Идеология туралы білім біздің қазіргі жағдайымыздағы ғылыми танымда жатыр. Идеологияны жалпы формада алсақ, ғылым секілді ақиқатқа негізделмеген, қайта нақты адамдар тобының немесе бір ұйымның, құрылымның, қоғамның мүдделерін қорғау мақсатында құрылған үнемі насихатталуды қажет ететін идеялардың жүйесі. Сондықтанда идеология белгілі бір топтың мүддесін жалпы мүдде ретінде қарастырып, біздің іздейтін ақиқатымыздың астында қалып қояды, кейде оны бүркемелеп тастайды. Соның нәтижесінде қоғамдағы билік етуші таптың және әсер етуші топтың идеясы негізгі идеологияға айналады.

      XX ғасыр басындағы әлем тарихында пайда болған алпауыт империяның бірі – Кеңестік социалистік республикалар одағы. Ол 1922 жылдың 30 желтоқсанынан 1991 жылдың аяғына дейін өзінің марксистік-лениндік идеологиясына негізделіп өмір сүрген саяси-экономикалық құрылым. Соның кұрамында болған Қазақстан да кеңестік одақтың бір бөлшегі ретінде өзгелер сияқты осы идеологиямен өмір сүруге мәжбүр болды. Кеңестік идеология мемлекет бірлестіктерінің (федерация) негізгі ұстанымы болғандықтан оның құрамына енген республикалар азаматтарының жалпысына бірдей міндетті болды.

       Жаңа қоғамдық құрылым өзегін қалыптастыруды ғылыми — практикалық мәні зор бас идеология ретінде кеңестік идеология өзі сүйенген қайнар көзден өзге деректерді біржақты терістей отырып, балама пікірлерді түбірімен жоққа шығарды. Мұндай біржақтылық жалпы жаратылысты тану, шынайы дүниетаным, қоршаған орта мен оның биофизиологиялық болмысын тануда өрескел қайшылықтар мен теріс тұжырымдар жасауға ұрындырды. Нәтижеде бұл идеология бойынша «Жаратушылық» идеясы негізсіз деп табылып, әлемді жаратушы күш — Құдай феноменін санадан өшіру үшін империяның қисапсыз күш қуаты адам ресурсы мен уақыт жұмсалды. «Дін-апиын» — афоризмі халықтардың санасына күштеп ендірілді. Қоғамдық формациялар өзегіндегі сенім діни сенім өзегінен ажыратылған тұстағы қоғам сенімі табиғи байланыстарынан ажырап, адам психикасы, ойлау жүйесі ортақ мүддеге бағытталған әрекеттерді қолдау бағытындағы тәрбиелік жұмыстар жалаң үгіт-насихатқа ауысты.

       Кеңестік идеология діни таным мен жалпы танымның тек тамырына кереғар қайшылықтар ендіріп, атеистік тәрбие беруімен дәріптелді. Білім беру мен мәдениет саласында бірқатар өзгерістер болды. Адамдардың психологиясы мен тұрмысы өзгерді. Дүниені танудағы танымы мен діни танымы атеистік ғылым негізінде оқытыла бастады. Кеңес адамдарының діни танымында соңғы жылдары орын алған тағы бір беталыс діндерді ғылым ретінде қарастырғаны. Бірақ, бұл қарастырудың түпкі мақсаты атеистік идеологияға діннің сенім әлеуетін қызмет еткізу болатын.

     «Атеистік тәрбиенің жаңа адам құрудағы мақсаты ол экономикалық, әлеуметтік, мәдени және идеологиялык мәселелерді шешу» — деп дәріптейді. Сондықтан кеңестік идеология осы проблемаларды шешуде идеологиялық кадрларға жетекшілік тәртібінің беделді буынын ұстатты. Бұны атеистік жұмыстың әрқашан халық ортасындағы насихаты тоқталмай, еңбекпен қатар қарастырылып, жеке индивидтердің әлеуметтік байланыстарын нығайтумен айналысқанынан кеңестік идеологияның тұзағына ілінген ұлттар мен ұлыстарды олардың ұлттық рухани- әлеуметтік өресінен, діни наным – сенім, дәстүрінен табиғи тілі мен ділінен ажырату арқылы оларды өздері белгілеген халдегі құрылымға қызмет етуге, соның құлы болуға міндеттеді.         Жетпіс жылдың ішінде кеңес адамдары марксистік-лениндік, сталиндік, кеңестің идеологияның шеңберінде өмір сүрді. Осы кезеңдегі діни таным мәселелері идеологияның қатал саясатынан зардап шекті, тұтастай мәдениеттердің жоқ болуына немесе өзгертілуіне әкелді. Дінсіздік заманы болған бұл атеизм діни танымды өзгеріске ұшыратуы арқылы азаматтардың иман, ар-ождан қалыбына, рухани болмысына, адами құлқы мен келбетіне көлеңке түсіріп «адам болып қалу» мақсатын мансұқтады, оның негізгі мәнін қаз қалпында сақтап қалу қасиетінен айырды.