Періштелердің ажалы

0
212

Барша тіршілік иесі сияқты, періштелер де ажалды жаратылыс. Уақыт-сәті келгенде Аллаһтың аманат жанын Өзіне қайтарады. Бұл туралы Құран аяттарында анық айтылған:

«Сонда сұр үріледі де, көктердегі де, жердегі де барлық нәрсе жойылады. Тек, Аллаһ қалағандар ғана (тірі) қалады. Сонан соң сұр қайталап үріледі де, олар (қабірлерінен) тіріліп тұрады, (өздеріне не боларын) күтеді».[1]

Ғұламалардың тұжырымдауынша, бұл аят мәні періштелерді де қамтиды. Өйткені, олар көкте тіршілік етеді.  Мәселен, Ибн Касир аят тәпсіріне байланысты былай дейді:

«Бұл сұрдың екінші рет үрліген кезі. Аллаһ Тағала көктер мен жердегі барлық нәрсенің жанын алады, олар өледі. Тек, Аллаһ қалағандар ғана қалдырылады. Бұл осы аятта да, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де анық айтылған. Сонан соң Аллаһ ол қалдырылғандардың да жанын алады. Ең ақырғы болып Өлім періштесі жан тапсырады. Сөйтіп, барша әлемде Аллаһтың бір ғана Өзі қалады. «Нағыз патшалық кімге тән екен?» – деп үш қайтара сұрайды Жаратушы Иеміз. Сонан соң оған Өзі жауап береді:

«Жалғыз ғана қаһһар Аллаһқа тән!».[2]

Және, періштелердің де басқа жаратылыстар сияқты уақыт-сәті келгенде жан тапсыратыны мына аяттан да аңғарылады:

 «Аллаһтың жүзінен басқа нәрсенің бәрі де жойылады!».[3]

Бұл айтылғандар сұрдың үрленуімен болатын құбылыстар екені мәлім. Ал, оған дейін, яғни, қиямет күні келгенге дейін періштелердің ажалы келе ме, жоқ па? Бұл сұраққа нақты жауап беретін аяттар да, хадистер де жоқ. Сондықтан, оны Аллаһ біледі деумен шектелеміз.