Діни экстремизмнің алдын алудың кейбір қырлары

0
237

Бекбосынов Ермек Төленұлы

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,

Заң факультеті, «Халықаралық қатынастар және

халықаралық құқық» кафедрасының доценті,

Ph.D (халықаралық құқық) докторы,

исламтанушы, заңгер

          ҚР Конституциясы 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген норма бекітілген. Демек, «зайырлы мемлекет» деген құқықтық қағида өз кезегінде адамның және жеке тұлғаның дін бостандығын қамтамасыз етудің құқықтық бастауы болып табылады.

Аталмыш негізгі заңның 22-бабының мазмұнында:

«1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» делінген. Демек, бұл баптың мәтіні анықтап тұрғандай, «ар-ождан бостандығы» деген ұғымдық тіркес «дінге сену немесе оған сенбеу», оның ережелерін ұстану немесе ұстанбау әркімнің, яғни әрбір жеке тұлғаның (яғни ҚР азаматтары, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлға) құқығы деп айтуға болады.

Еліміздің ата заңының келесі 39-бабының мазмұнында:

«2. Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді» деп жазылған. Сол 3-тармақтың жалғасында 22-бапта көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс делінген норма түйінделген.

Ендігі ретте «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңының 3-бабы 8-тармағы 1-тармақшасында «Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның дінге және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындауына, ата-аналардың немесе балалардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне, мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда, араласпайды» деген кең мәтіні бар норма бекітілген.

ҚР Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 490-бабы (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) дінге қатысты құқық бұзушылықтардан қорғауға мүмкіндікті береді.

Сонымен, жоғарыда тілге тиек етіліп жазылған конституциялық және заңнамалық құқықтық негіздер еліміздегі дін бостандығын қамтамасыз ету мен қорғаудың құқықтық тетіктері ретінде белгіленген деп қорытындылауға болады.

«Экстремизм» мен «терроризм» ұғымдары бойынша

анықтаманың кейбір қырлары

«Діни экстремизм» – «экстремизм» ұғымының өте ерекше құрамдас бөлігі. Олар ортақ белгілерге тәуелді. Экстремизмнің шартты түрдегі «ортақ» белгісі экстремистік идеологиялық база болса, діни экстремизмнің тиісінше шынайы дінді бұрмалау арқылы жобаланған негізі бар.

Экстремизм жалпы осы объективті бар құбылыс түрлерінің жиынтығын көрсететін, олардың негізгі белгілерін сипаттайтын, радикализмнің салдарынан туындап жалпы терроризм түрлеріне серіппелік саты болатын және халықаралық шарттар мен ұлттық заңнамада – қылмыстық кодекстердің нормаларымен реттелетін әрі жауапкершілікті қарастыратын қылмыстық іс-әрекеттер жүйесі.

Діни экстремизм оның негізгі бір түрі болғандықтан осы жалпы түсініктік аппараттың «ажырамас» әрі құрамдас бөлімдерімен тығыз байланыста, бірақ тек өзіне ғана тән ерекшеліктері де бар. Демек, бұл екі ұғымның айырмашылығын мына түйіндеумен түсіндіруге болады: экстремизм – өз «негізін құрайтын» және одан «туындайтын» барлық түрлеріне жалпы, «ортақ» құбылыс болып қарастырылса, діни экстремизм – оның негізгі түрі ретінде өзіндік дербес қалыптасу мен даму ерекшеліктеріне ие болып келеді.

Терроризм – бұл кешенді құбылысты айқындайтын, кеңейтілген ұғым. Терористік актілер мен іс-әрекеттердің бәрі де қорқыту мен үрейлендіру арқылы белгілі бір өзіндік тактикалық және стратегиялық мақсаттарға жету үшін жүзеге асырылады. Онда нақты әрі тікелей зорлық іс-әрекеттерді жасау арқылы саяси, діни террористік, әлеуметтік және экономикалық мақсаттарға жету байқалады, сондықтан бұл ұғымға құқықтық анықтама кешенді аспектілердің негізінде беріледі және бірнеше құбылысты түрлерден тұрады. Олар мысалы, саяси терроризм, діни сипаттағы терроризм, этникалық негіздегі терроризм және тағы басқалары. Саяси терроризм діни сипаттағы терроризмнен негізгі айырмашылығы мынадай: біріншінің басты мақсаты – саяси билікке қол жеткізу, ал енді діни сипаттағы терроризмнің басты мақсаты – саяси  билікке жету арқылы діни қателіктегі идеологияға негізделген мемлекетті құру. Этникалық негіздегі терроризмнің басты мақсаты – өзіне жақын орналасқан «этникалық негізі бірдей» мемлекеттерге қосылу. Бұл дегеніміз – тек  халықтың қосылуы ғана емес, мүмкіншілігі болса жерімен қоса бірігу. Діни экстремизм өз кезегінде тек діни сипаттағы тероризм құбылысына ұласуға және оның туындауына серпін беретін саты болып табылады. Ол өзіндік діни сипаттағы террористік мақсаттарына жету жолындағы шешуші сатының рөлін атқарады. Ал діни радикализм болса, діни сипаттағы радикалды мақсаттарына жетелеп апаратын алғашқы сатысы болып табылады.

Сонымен, «экстремизм» мен «терроризм» ұғымдары бір-біріне құқықтық сипаттағы байланысынан бөлек, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне, сондай-ақ елдің қоғамдық қауіпсіздігіне қарсы болатын қылмыстық-құқықтық құбылыстар болып келеді.

Діни экстремизммен күресу бойынша

мемлекеттік бағдарламалардың рөлі мен орны

Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл ететін екі бірдей мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Жеке атап айтқанда:

1. «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама»;

2. «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама»).

№ 1 бағдарламада діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы ағымдағы жағдайды талдау арқылы осы саладағы мынадай күшті және әлсіз тұстар белгіленген еді. Сол осал тұстар негізі діни экстремизм құбылысының таралуының себептері болып табылады.

№ 2 бағдарламаға зер салып қараған кезде, ағымдағы ахуалды тиісті талдаудан белгілі болғандай, күшті және осал тұстары көрсетілмеген, дегенмен негізгі орын алған мәселелері (Сирия, Ирак аумағындағы қарулы қақтығыстар, интернет және т.б.) туралы мәліметтер бар. Бұл № 2 бағдарлама 2-ші міндеті «Қазақстан Республикасы халқының радикалдануына сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету» деп аталады. Демек, елімізде халықтың діни радикалдануына ықпал ететін сыртқы факторлармен жұмыс жасауды көздеген.

Осы орайда, ерекше айтар жайт, ҚР ҰҚК ресми сайтында жарияланған бейнематериалдағы мәліметке сүйенсек, оның мазмұнында:

 «ҰҚК үйлестірілуімен «Жусан» гуманитарлық операциясы іске асыру кезінде (2019 жыл) жалпы 595 қазақстан азаматы қайтарылды.

1 кезеңінде жалпы 47 адам: 6 ер адам, 11 әйел, 30 бала;

2 кезеңінде жалпы 231 адам: 16 ер адам, 59 әйел, 156 бала (18 жетім);

3 кезеңінде жалпы 246 адам: 8 ер адам, 67 әйел, 171 бала (9 жетім);

4 кезеңінде 71 адам: 3 ер адам, 19 әйел, 49 бала (5 жетім) ҚР аумағына әкелінді. Жалпы санайтын болсақ, 595 адам: 33 ер адам, 156 әйел, 406 бала (32 жетім). Барлық әйелдер мен балалар оңалту және бейімдеу курстарынан өтті. Террористік ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін 31 ер адам, 12 әйел сотталды, ал енді тергеуде 14 адам болды» деп жазылған мәлімет келтірілген.

Сонымен, бұл халықаралық гуманитарлық операцияның маңыздылығы мынада: біріншіден, аталмыш операция халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларына сай халықаралық міндеттеме болып саналады; екіншіден, халықаралық қарулы қақтығыс болған тиісті аймақтардан ҚР азаматтарын гуманитарлық көмек арқылы алып келу ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттің, оның ішінде құзыретті органдардың міндеті болып келеді; ал үшіншіден, осы қайтарылған азаматтардың басым көпшілігі балалар мен әйелдер. Шындығына келер болсақ, әсіресе барлық балалардың, сондай-ақ әйелдердің көпшілігінің ешбір жазығы жоқ деуге болады. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар сол операцияны жүзеге асырды.

Ислам құқығы бойынша қылмыс сипаттамасының кейбір қырлары

Ислам дінінің әрі ислам құқығының негізгі қайнар көздерінде (Құран, Сунна), туынды қайнар көзінде (Ижмағ умма) және көмектесуші қайнар көздерінде (Қияс, діни-құқықтық мектептер, яғни мәзһабтар бойынша қабылданған құқықтық сипаттағы пәтуалар жиынтығы) «қылмыс» ұғымына қатысты мынадай ақпараттар бекітілген.

Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 17-аятында «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр (күнә)» деген аят белгіленген. Демек, елде бүлік шығару, іріткі салу, билікті, адамдар мен халықты бір-біріне айдап салу, шағыстыру, арандату және араздықты қоздыруға бағытталған іс-әрекеттер қылмыс болып табылады. Бұл аят бүлік шығару, іріткі салу адам өлтіруден де қоғамға қауіпті қылмыс деген діни-құқықтық мағынаны білдіреді. Себебі оның себеп-салдарынан жаппай тәртіпсіздік орнайды. Көбінде қарапайым халық зардап шегіп жатады. Сондықтан Құран Кәрімнің «Мәйдә» сүресінің 32-аятында «Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең…» делінген. Демек, Құран Кәрімнің бұл аяттары мен өзге аяттары «қылмыс» ұғымына қатысты мәліметтер жеткілікті деп айтуымызға болады.

Осы орайда, айта кетер жайт, қазіргі қылмыстық құқық теориясы мен тәжірибесіне сай қолданылатын «қасақана жасалған қылмыс» және «абайсыздықта жасалған қылмыс», сондай-ақ қылмыстық құқықтық реттеу типі ретінде (Барлығына тыйым салынған, тек қана тікелей рұқсат беруден басқа) делінген нысаны (формуласы) Ислам құқығының негізгі, туынды және көмектесуші қайнар көздерінде нақты көрініс тапқан дегіміз келеді. Тағы бір ерекше айта кетер жайт, Ислам құқығының негізгі құқық саласын «уқубат» деп атайды. Демек, Ислам құқығы жүйесінде құқық салалары, құқық инститтары, сонымен бірге құқық нормаларының жиынтығы белгіленіп бекітілген деп түйіндейміз.

Біздің еліміздің тарихи-құқықтық жәдігері болып табылатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» және өзге де құқықтық құжаттарды сол кездегі елдің ішіндегі қылмыстық-құқықтық бұзушылықтардың алдын алу үлкен рөлі мен орны болды. Олардың негізгі мазмұны қазақ әдеп-ғұрып құқығы және ислам құқығының қағидаттары мен ережелерін басшылыққа алып түзілген деп айтуға болады.

Сонымен, қорыта келгенде, ислам құқығы бойынша қылмыс сипаттамасының кейбір қырларын қарастырудан анықталғандай, аталмыш құқықтың жүйесінде қылмыс теориясы мен тәжірибесіне қатысты құқықтық негіздері мен тетіктері бар екендігі айқындалып тұр десек болады. 

Ғаламтордағы діни экстремистік іс-әрекеттің қылмыс болуының қылмыстық-құқықтық негіздемесі

Интернетте (ғаламторда) және әлеуметтік желілерде діни экстремизмге шақыратын материалдарды дайындау және тарату қылмыс болып табылады. Себебі: біріншіден, Қылмыстық кодексі 174-баптың 1-бөлігінің сипаттамалық диспозициясында «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау» деген ереже қамтылған; екіншіден, аталған бөліктің күрделі гипотеза мазмұны «егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса» деп бекітілген; үшіншіден, сол бөліктің санкциялық бөлігінде «екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген жаза белгіленген. Демек, қазіргі ғаламтордағы діни экстремистік іс-әрекеттің қылмыс болуының қылмыстық-құқықтық негіздемесі аталмыш баптың және өзге де заңдардың нормаларымен айқындалып көрсетілген деп білеміз.

Ғаламтордағы діни экстремистік іс-әрекеттің қылмыс болуының тағы да бір қылмыстық-құқықтық негіздемесі ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет ресми сайтында тиісті сот шешімдерімен нәтижесінде жарияланатын «Экстремистік деп танылған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдардың» тізімін атауға болады. Ол тізімде 1089 материал экстремистік материал ретінде танылған. Сондай-ақ сол сайтта «Террористік деп танылған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған әдебиеттер мен ақпараттық материалдар» тізімі жарияланған. Қазір осы аталған тізімдегі 421 материалдар террористік материалдар ретінде тыйым салынған.