АДАМҒА АЛҒЫС АЙТПАҒАННЫҢ, АЛЛАҒА ШҮКІРІ ЖОҚ

0
271

Бақдаулет Абдрахманов, Шымкент қаласының бас имамы

          Дана халқымыз – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Кез келген мұңайып тұрған адам бұл сөзді ести сала, көңілі жібиді, жадырап шыға келеді.

         Осы орайда, 1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді.Шуақты көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.      

           Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) –ның хадистерінде баян етіледі: «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» .   «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ.»,  – десе , енді бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер.» – деп, сахабалары мен үмметін сыйға сый жасауға шақырады.   Хазірет Әли (р.а.) былай дейді: «Кейбіреулер бір нәрсе тілеп құлдық ұрады. Бұл – саудагердің құлшылығы. Баз біреулер қорыққанынан құлшылық жасайды. Бұл – малайдың құлшылығы. Тағы біреулер шүкірлік жасау үшін құлшылық етеді. Міне бұл – күллі жағымсыз істерден аулақ түрде жасалған, таңдаулылардың (хауастардың) құлшылығы», – деген екен.

         «Алғыс алған арымас, Қарғыс алған жарымас»,  – деген дана ата-бабаларымыз. Мұнда алғыс алудың бақыт пен жақсылықтың бастауы екендігін ұрпақ санасына сіңірген.

         Қорытындылай келе, өзара алғыс айту адамдар арасындағы сенімді, сыйлайтықты арттыратын құрал. Адамның жан дүниесін тазартатын, жүргін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Әсіресе, бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмашылдыққа, Алланың ризашылығына қауыштыратын амал. Сондықтан, айналамызға алғыспен қарау, басымызға келетін көптеген қарғыстан құтылудың жолы екендігін естен шығармағанымыз дұрыс!