Дін мен дәстүр халық қазынасы

0
327

          Қазақ халқы үшін біте қайнасқан дін мен дәстүр ұғымы бізге жат нәрсе емес. Тіпті дәстүріміздің тамыры діннің төңірегінде жалғасқан. Дала өркениетінде әу баста да ханифтік таза діннің болғаны белгілі. Сол себепті ислам діні қазақ халқының дәстүрімен өзара үйлесіп, жүректерге ықтиярлы түрде тез әрі берік орнықты. Бұл дәстүрдің туралығының айғағы.  Соңғы жылдары дәстүрлі қазақ мәдениетін алалап, оны дінсіздік ретінде қарайтын ұшқары көзқарас жастар арасында да белең алып барады. Мұндай пікірлердің бәрі діни сауаттың жоқтығынан туады. Біздің өміріміздегі дәстүрлі Ислам құндылықтарының рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Ата-бабаларымыз дін ұстауда ешқашандай фанатизмге бой ұрмаған. Ал оны жоққа шығару нағыз сауатсыздық. Ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен қазақи салт-дәстүрдің өзара сабақтастығы маңызды рөл атқарады. Дін және дәстүр деген не? Олардың маңыздылығы қандай?

Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны теріс қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады.
          Дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді.

Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтары саналатын салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады.Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс. Ақиқат біреу, ол ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен  қазақи салт-дәстүрдің өзара сабақтастығын тануымыз керек.

Садық Диана 
Шымкент қаласы дін істері басқармасының
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ-нің

теолог маманы