Жүніс (а.с) Ассирия мемлекетінің астанасы Ашур қаласына жақын Нинауи деген жерде тұрған. Ол мемлекет Азия елдерінің көбіне белгілі болатын. Ашур шығыс қалаларының ұлысы әрі бай қала  болған. Байлығы жөнінен сол заманда оған жетер қала болмаған. Сол байлық халықты бұзықтыққа, адасуға, қылмысқа, күнәларға итермелеп, арандатқан. Нинауи халқы пұттарға шоқынған.

 Оларды иманға, тәубеге шақыру үшін Алла Жүністі жіберген. Бірақ олар өз райларынан қайтпады, Жүністің дағуасын елең де қылмады. Жүніс оларға Алланың азабы түсетінін ескертті. Алайда олардың күпірліктері одан сайын асқына берді. Бұған ашуланған Жүніс Тәңірдің рұқсатынсыз қаланы тастап шығып кетті. Алла оның бұл ісіне риза болмады. Жүніс жүре-жүре теңіз жағасына келді. Онда сапарға аттанғалы тұрған кемені көріп, оның басшысынан өзін ала кетуді өтінді.

ЖҮНІС БАЛЫҚ ҚҰРСАҒЫНДА

Кеме теңізге шықты. Бірақ Алла күшті жел жіберіп, кемені толқын ұрып, ол суға кететіндей қауіп туды. Кемедегілер үрейленіп, бір-бірінен не болғанын сұрасып айқай-шу көбейді. Олар іштерінде күнәлі адам бар деп шешіп, оны бал ашып анықтамақ болды. Сол адам табылған жағдайда оны теңізге лақтырып құтылмақ болды. Олардың ашқан балы Алланың пайғамбары Жүніске түсті. Бірақ олар: «Бұл кісі жақсы адам, күнәһар деуге болмайды, ақылға да сыймайды». – десті. Бал оған кездейсоқ түсті деп есептеген олар қайтадан ашқанда ол тағы да Жүністі көрсетті. Ол суға секіруге дайындалды. Бірақ адамдар оны тоқтатып, балды үшінші рет ашты. Бұл жолы да бал оған түсті. Сөйтіп, Жүніс теңізге секірді. Осы кезде Алла оған үлкен балықты жіберіп, балық оны жұтып қойды. Бұл оқиға Құранда былай баяндалған.

 «Жүніс – шын пайғамбардың бірі» (Саффат сүресі, 139-аят).

«Кезінде ол өз жұртынан қашып жүк тиеген бір кемеге мінді» (Саффат сүресі, 140-аят).

«Бал ашысты (бал түскен адам суға тасталуға тиіс болды). Бал (Жүніске) шығып, ол суға тасталды» (Саффат сүресі, 141-аят).

«Оны бір нән балық жұтып кетті. (Алланың рұқсатынсыз жұртын тастай қашқаны үшін) ол осылай жаза алуға тиіс болды» (Саффат сүресі, 142-аят).

ЖҮНІС ҚАУЫМЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Жүніс қауымын тастап кеткеннен кейін оларға азап түсті. Алла олардың жүрегіне тәубе келтірді. Олар өздерінің істеріне өкініп, Аллаға мінәжат етті. Сөйтіп, ерлер, әйелдер, балалар болып бәрі жылап, тәубеге келіп, өткен күнәларына кешірім сұрап, бар ынталарымен Аллаға жалынып-жалбарына бастады. Алланың рахымы түсіп, олар азаптан құтылды.

«(Қиратылған қалалар қауымының ішінде) Жүніс әулеттерінен басқаға айтқан иманның нәтижесі болған емес. Жүніс қауымы иманға келді. Біз олардың басынан дүние тіршілігінің тауқыметтерін алып кеттік. Жер бетіндегі өмірлерін мәнді еттік» (Жүніс сүресі, 98-аят).

Қай қаланың болмасын халқы иман келтірген болса, азаптан, сөзсіз, құтылар еді. Бірақ Жүніс қауымынан өзгелері иман келтірген емес. Сондықтан Алла Жүніс қауымының өмірін жеңілдетті.

ЖҮНІСТІҢ ҚҰТЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚАУЫМЫН ТУРА ЖОЛҒА БАСТАУЫ

Алла балыққа оған зақым келтірмеуді бұйырды. Балық ішінде жатқан Жүніс өлген екенмін деп ойлады. Кейін тірі екенін сезді де: «Ей, Тәңірім, мен бұл жерді ғибадат ететін орын қылдым», – деп Аллаға тіл қатты. Сөйтіп, балықтың құрсағында бірнеше күн тұрып қалды. Ол Аллаға шүкірлік айтып, Тәңірінің тәрбиесін мойындап бас иді. Ол өзінің рұқсатсыз істеген існің қате болғанын түсініп, Аллаға дұға қылды. Алла оның тәубесін қабыл алды. Сөйтіп, балыққа Жүністі құмды шөл далаға шығарып тастауға әмір етті.

Жүніс балықтың құрсағынан сырқаттанып шықты. Алла оған арнап лезде жапырақтары қалың, көлеңкесі  мол асқабақ ағаштарын өсіріп шығарды. Оның көлеңкесі Жүністі күннің ыстығынан қорғады. Жүніс сырқатынан айығып, жазылып кеткенге дейін біраз уақыт өтті. Содан соң Алла оған қауымына қайтып баруды бұйырды. Жүніс оларды иманға шақырды. Ол халық мүъмин болып, тура жолмен жүріп, бақытты өмір сүрді.

«Егер ол Аллаға сиынбаса, балықтың құрсағында қиямет күніне дейін қалар еді» (Саффат сүресі, 143-144-аяттар).

«Оны Біз (құрсақтан шығарып), бір жағалауға лақтырдық. Бұл кезде ол ауру еді» (Саффат сүресі, 145-аят).

«Төбесіне көлеңке етіп бір түп асқабақ өсіріп қойдық» (Саффат сүресі, 146-аят).

«Оны біз (адам саны) жүз мың, тіпті, одан да көп жұртқа жібердік» (Саффат сүресі, 147-аят).

«Олар иманға келді, сонан соң мәлім мерзімге дейін өмір бердік» (Саффат сүресі, 148-аят).

 «(Жүніс) кезінде қауымына өкпелеп кетіп қалды да, балыққа жұтылды. Сол қараңғы (құрсақта) жатып: «О, Тәңірім! Сенен басқа ешбір құдырет жоқ.  Ал, мен шындап қателесіппін!» – деп жалбарынды» (Әнбия сүресі, 87-аят).

«Біз оның тілегіне тіл қаттық та, қатерден айықтырдық. Мүъминдерді Біз қатерден дәл осылай құтқарамыз» (Әнбия сүресі, 88-аят).

ҚИССАДАН ДӘРІСТЕР

Шын ықыласыңмен Аллаға ғибадат жасап, тілек тілеп, дұға етудің қиыншылықтан құтқаратынына Жүніс қиссасы айқын мысал болып табылады. Жүніс балықтың ішінде жатып Алланы пәктеп, тәсбих айтумен болды, ғибадатын күшейтті. Соның арқасында оған Алланың ықыласы түсіп, балықтың құрсағынан шығарды. Егер ол тәубеге келіп, Алланы ұлықтамағанда қияметке дейін сонда қалып қояр еді. Алла өзіне бас иіп, жалбарынғанды ешқашан жәрдемсіз қалдырмайды. Ал, кімде-кім оны ұмытса, естен шығарса, оны Алла қиын жағдайға душар етеді.

ТАР КЕЗДЕ АЛЛАДАН ПАНА ІЗДЕУ

Қиыншылық, тар кезде Алладан пана іздеудің мысалы нақ осы Жүніс қиссасында тұр. Басына қиындық түскенде ол дереу Алладан кешірім сұрап, құтққаруын өтініп жалынып-жалбарынды. «Сенен өзге Құдай жоқ, Сен пәксің», – деп Оны ұлықтады. Өзінің дәрменсіздігін, ал Алланың құдыреттілігін мойындап тәубеге келді. Алла оның тәубесін, дұғасын қабыл етті. Өйткені шын құлшылық еткенге Алла әрқашан да пана болады.

САБЫРЛЫЛЫҚ ДӘРІСІ

Жүніс қиссасы сабырсыздыққа да мысал болып табылады. Жүніс Алладан медет сұрап, дағуасын жалғастыра берудің орнына қауымына ашуланып қаладан кетіп қалды. Сабыр сақтамағанына қоса Алланың пайғамбары бола тұра Оның рұқсатынсыз өз бетімен іс қылды. Сол себепті қауымының қырсықтығынан да қиын жағдайға душар болды. Ісінің терістігін түсініп, дереу Аллаға жалынбағанда, Алланың рахымы түспегенде халі шынында мүшкіл еді. Алла тағала Мұхаммедке (с.ғ.с.) осы оқиғаны мысал етіп, Өзінің әмірінсіз қауымынан қашпауға, дағуада берік болуға шақырады.

«Тәңірінің үкіміне шыдамды бол, балық ішіндегі (Жүніске) ұқсап жүрме. Кезінде ол (балықтың құрсағында жатып) Тәңірге төменшілікпен жалбарынған еді» (Қалам сүресі, 48-аят).

«Егер Тәңірдің жарылқауына қолы жетпесе, әрине, ол қор болып, айдалаға шығып қалар еді» (Қалам сүресі, 49-аят).

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *