ШЫМКЕНТ: ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ «CALL-CENTER» ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

0
1420

Биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Осыған орай, пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚМДБ Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев мәлім етті.

Бас имамның айтуынша, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қаламызда онлайн жүйесі бойынша, яғни Kaspi Gold банктік картасы арқылы зекет, садақа беруге болады. Қазіргі таңда «Каспи банк»-пен келіссөздер жүргізілуде, ол алдағы дүйсенбі күні іске қосылмақ. Сондай-ақ қаладағы ірі сауда орындарында қосымша терминалдар орнату жоспарлануда.

  • ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Сонымен бірге, қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында тарауық намазы мешітте жамағатпен оқылмайды. Бұл намазды отбасы мүшелерімен бірге оқуға кеңес береміз, — деді бас имам.

Сондай-ақ брифингте Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров пен Еңбекші ауданының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов Рамазан айында берілетін підия, пітір садақасы мен зекет мөлшерін анықтаудың маңызы жайында баяндады.

  • Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері діни мерекелерде жиындар өткізіп, мешіттерде көпшілікпен жұма намазын оқуға тыйым салынды. Халықтың иманын күшейтіп, құлшылығын арттыру мақсатында онлайн насихат айту үшін әлеуметтік желілелде «Шымкент имамдары» парақшасы жұмыс істеуде. Сондай-ақ арнайы «Рамазан «Call-Center» орталығы жұмысын бастады, ол жерде 8-708-478-48-72 нөмірі арқылы жамағаттың сұрақтарына жауап беріледі, — деді М. Естеміров.

Имамдар брифинг барысында карантинге байланысты ораза ұстауға шамасы келмейтін азаматтар бұл қасиетті айда сауапты істерге ұйытқы болып, қайырлы амалдарды жүзеге асыруға болатынын атап өтті.

Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы