БАС МҮФТИГЕ ЖЕТІ БАҒЫТ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЕСЕБІН БАЯНДАДЫ

0
614

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті Аппарат жиналысы өтті. Күн тәртібінде жеті бағыт бойынша қаңтар айында атқарылған жұмыс есебі тыңдалды.

Мәжілісте жеті бағытқа жауапты ҚМДБ бөлім меңгерушілері баяндама жасап, есеп берді. Бөлім меңгерушілерінің есебін тыңдаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біз күнделікті діни қызметімізде жеті бағытқа басымдық береміз. Сондықтан ай сайынғы жұмыс есебіне тыңғылықты талдау жасалсын. Жеті бағыт бойынша атқарылған іс-шаралар есебі менің жіті назарымда болады» деп атап өтті.

Айта кетсек, жыл басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарламалық баяндамасын жолдаған болатын. Онда жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық берілетіні айтылды. Олар – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс.

Қаңтар айының есебіне сәйкес ақпарат және қоғаммен байланыс бағыты бойынша Діни басқарманың www.muftyat.kz сайтында 177 материал жарияланды. Ақпарат саласында «Таухид», «Имам Матуриди», «Кітап» апталықтары жарияланып, тақырыпқа орай 3 әлеуметтік ролик, 21 флеш-баннер, 3 «Сәрсенбілік сұхбат», Діни ақпарат беру орталығында 3 рет кездесу өтті.

Қайырымдылық бағыты бойынша «Тайқазан» қайырымдылық акциясы аясында 12 171 отбасыға көмек берілді. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша баспанаға аса мұқтаж 8 отбасыға пәтер кілті табысталды.

Қаңтар айында 954 рет уағыз-насихат айтылды. Оған қатысқан адам саны – 404 490.

Жат діни ағымдармен жұмыс бағыты бойынша 380 рет жеке ықпал ету іс-шаралары жүзеге асты.