ҚАЗАҚША ШАПАН – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

0
4575

Соңғы кездері ұлттық нақышта тігілген киімдердің сәнге айналып, оны Наурыз секілді мерекелерде ғана емес, жәй күндері, тіпті жұмысқа кию үрдісі қалыптасып келеді. Көбіне әйелдердің ою-өрнекті, көз тартар көйлектері әлеуметтік желілерде де, дүкендерде де бірден көзге түседі. Ал ер-азаматтар көбіне өздері тапсырыс беріп тіктіріп жүр. Өйткені ерлерге арнап ұлттық нақыштағы киімдер тігіп жатқан ісмерлер жайлы көп ести бермейміз. Алайда ерлердің еңсесін тіктеп, ел алдында сымбатты болып жүруіне үстіндегі киімі де әсер етпей қоймайды. Бұл бағытта «Elzhan» ерлер киімі бренді жоғарыда атап кеткен олқылықтың орнын толтырып келеді. Аталған брендтің негізін қалаушы әрі имам, әрі тәуелсіздік құрдасы Қажымұқан Елжанмен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

– Алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып кетсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз, қайдан білім алдыңыз?

– Еліміз Тәуелсіздігін алған 1991 жылы қазіргі Түркістан облысының Мақтарал ауданында дүниеге келдім. Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде Исламтану мамандығы бойынша білім алдым. Сол жерден магистратура тәмамдадым. Тәжірибе алмасу мақсатында Мысырдағы әл-Азһар университетінде білімімді жетілдірдім. Қазіргі таңда Алматы облысының Талғар аудандық мешітінде бас имамы және ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің Алматы аймағы өкілдігі бойынша жауапты маманы қызметіндемін.

– Ұлттық нақыштағы киім тігуді қашан қолға алдыңыз? Бұл кәсіпті бастауға не түрткі болды?

– «Elzhan» ерлер киімін тігуді 2020 жылдың басында қолға алдық. Осы кәсіпті бастаудың, ұлттық нақыштағы ерлер киімін тігудің бірнеше себебі бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Алушы қолдан, беруші қол жақсырақ», – деген. Алушылар емес, берушілер қатарынан болайық деген ниет бізді осы кәсіпке жетеледі. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық нақыштағы киімдерді жоғары сапада өндіріп, төмен бағада халыққа ұсынуға тырысып келеміз. Бір-бір шаңырақтың иесі, тірегі болып отырған бауырларымыз мұндай киімдерді мереке күндері ғана емес, күнделікті жұмысқа, көшеге, қонаққа киіп бара алса деген асыл ниетіміз осы кәсіпті бастауға сеп болды.

– «Elzhan» бренді несімен ерекшеленеді?

– Дайын өнімді халыққа уақытында ұсынумен ерекшеленеді. Басқа киім өндірушілер тапсырыспен киім тігеді әрі оны дайындауға бірнеше апта жұмсайды. Ал бізде керісінше, киімдер әлемдік стандарттарға сай өлшемдер бойынша алдын-ала дайындалады. Бүгін тапсырыс берілсе, ертең немесе ең аз уақыт ішінде Қазақстанның кез келген аймағына жеткізіп береміз.

– Имамдық қызмет пен кәсіпкерлікті қатар алып жүру қиын емес пе?

– Екеуі де өзіме ұнайды, жаныма жақын. Жамағатқа дінді үйрету, намаз, Құран үйрету, жас жұбайлардың некесін қиып, нәрестелердің құлағына азан айтып ат қою, қайғы жамылған жандардың жанынан табылып, сабырға шақыру, насихат айту, жаназа намазын өткізу, яғни халықтың қуанышына ортақтасып, қайғысын бөлісіп, үнемі ортасында жүру менің табиғатымда бар нәрсе. 

Сондай-ақ ұлттық нақыштағы заттарды тұтыну, киімдерді киюді жаным сүйеді. Сол себепті имамдық қызметіме басымдық беріп, кәсіп тұралап қалады немесе кәсіппен айналысып, имамдық қызметім ақсап қалады деген түсінік жоқ. Әрқайсысына уақыт табамын. Оның үстіне кәсіпте менен бөлек жауапты мамандар, атап айтқанда, директор, маркетолог, таргетолог, сатушы, нарықты бақылап отырған мамандар бар. Мен тек алыстан бақылап, қадағалап отырамын. Сондықтан имамдық пен кәсібім бірбіріне кедергі келтірмейді. Біреуге өзімді дәлелдеу үшін емес, имамдардың да кәсіппен айналыса алатынын, басқа қырынан көрінуге құқылы екенін көрсеткім келді.

Бұрын өзім де имамдар тек имамдық қызметін атқару керек деп ойлайтынмын. Кейін тұлғалық дамуға қатысты мотивациялық, бизнес кітаптарын оқып-таныса келе, өзімнің басқа да қырымнан көріне алатыныма көзім жетті.

– Әлемдік пандемия, елдегі карантин жағдайында көбі кәсібін тоқтатса, сіз керісінше бастап кетіпсіз. Бұл ағысқа қарсы жүзу ме?

– Әрине, пандемия кезеңі бәрімізді толғандырды. Бірақ «Бісміллә» деп бел буып кіріскеннен кейін, артқа шегіну жоқ. Бір жағы өнімдерді шығарғанымызда қазақ қоғамының осы нәрседе сусап тұрғаны, құрғақ жер суды өзіне қалай сіңіріп алса, елдің де ұлттық құндылыққа деген сағынышы бірден сезілді. Себебі тұтынушылардың сұранысын тауып бере алмай қалған жағдайлар болды. Қазірге дейін өнімдерімізді алу үшін айлап кезекте тұрғандар да бар.

– Киімді кімдер тігеді? Стиль, дизайн қалай қалыптасты?

– Өзіміздің арнайы цехымыз бар. Киімдер сонда тігіледі. Әңгіме басында айтқанымдай, киімдер тек дайын күйде сатылымға шығады. Отандық танымал дизайнерлердің ақыл-кеңесімен қазақы нақыштағы шапандарды заманауи үлгі де, ұлттық реңкін жоғалтпай жасап шығардық. Сондай-ақ нарықты, заманауи киім үлгілерін бақылап, саралай келе, «Elzhan» брендінің ерлерге арналған шапаны мен кеудешесі (двойка) бір-екі рет дайындалды. Көңілден шыққан соң сатылымға енді ғана қойылып жатыр. Алла нәсіп етсе, елімізде ғана емес, әлемде, дүниежүзі халықтарының ұлттық киімдері насихатталатын орталарда таныстырсақ деген мақсат-мұратымыз бар.

– Насихат демекші, өнімдеріңіз өнер жұлдыздарының көңілінен шыққан секілді. Солай ма?

– Брендтің қалыптасып, киімдеріміздің сатылымға шыққаны күні кеше ғана. Аллаға шүкір, осы қысқа уақыт ішінде көптеген клиентіміздің көңілінен шығып, ризашылығын білдірді. Олардың қатарында елге танымал өнер, спорт жұлдыздары да бар. Кәсіпқой бокстан ел намысын қорғап жүрген Айдос Ербосынұлы бауырымыз шетелге шыққанда киіп жүр. Түркияның бір оқу орнында сабақ беретін түрік оқытушы арнайы тапсырыспен шапанымызды алдырды. Оңтүстік Корея мен Түркияның бірнеше қаласында жұмыс істеп, білім алып жүрген бауырларымыз да бізідің киімдерді сатып алды.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ
«Мұнара» газеті, №6, 2021 жыл