Қазақстандағы діни білім жүйесі

0
1999

Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Мұсылман қазақ ұлтының отаны – Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды.

Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  Ең алғашқы ислами орта оқу орындары болған медреселердің  араб жерінде емес, Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Мұның басты себебі тілдік фактордың әсері болып табылады. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын. 

Мұсылманның парызы саналатын іс-әрекеттер (бес уақыт намаз, ораза, қажылық) де белгілі бір дәрежеде араб тілді мәтіндермен байланысты болды. Сондықтан ислам дінін игеру бірінші кезекте күрделі де көп салалы араб тілін жүйелеп, жіктеп, егжей-тегжейлі үйренуді талап етті. Діни мәтіндердің мағыналық ерекшелігі мен көп қабаттылығы да араб тілін жетік игеруді міндеттеді. Осыған орай араб тілінің фонетикасын, морфологиясы мен синтаксисін арнайы пәндер арқылы игеру қажеттілігі туындады. Тіл игеруден кейінгі қиындық діни мәтіндер мен ілімдерді барлық қосымша пәндерімен қоса оқып-үйренумен байланысты болды. Бұл Құран ілімдері мен шариғат ғылымдарының екі үлкен сала ретінде қалыптасып, дербес оқытылуына негіз қалады. Осының барлығы араб тілі мен ислам дінінің негіздерін толығымен қамтып, жүйелендірген білім ордасы – медреселердің қалыптасуына алып келді. 

Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты. Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады. Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесі бойымен Сыр бойындағы қалаларда ерекше өрістеді. Бұл Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани ілім арқылы Түркістан қаласының түркі жұртының рухани астанасы деңгейіне көтерілуімен тікелей байланысты болды. 

Сырдың төменгі ағысымен Арал теңізіне дейін, Үстірт арқылы Батыс Қазақстан өлкесіне дейін тараған медреселер мәдениеті Қазан хандығы тұсында татар жұртына да кеңінен тарады.

Қазақ жеріндегі дін ғұламаларының Орта Азияның басқа да қалаларымен, Иран өлкесі мен араб жеріндегі іргелі ғылым орталықтарымен  таныс болғаны, Йасауи хикметтерінде айтылғандай, «Қорасан, Шам, Иракқа сапар шегіп», ілім алмасып, тәжірибе жаңғыртып, рухани байланыста дамығаны белгілі.

Осы орнықты әрі жан-жақты діни білім жүйесінің қазақ даласында Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесінің қалыптасуына шешуші әсер еткені анық. Саналы ғұмырын араб жерінде өткізгенімен әл-Фараби түркі топырағының түлегі, сол топырақта дүниеге келген ілімдердің дамытушысы болып табылады. Атақты Отырар кітапханасы орнаған өңірде туып-өскен ғалымның барлық рухани және дүнияуи ілімдердің бастауынан туған өлкесінде сусындағаны, негізгі  көзқарастарын өз отанында қалыптастырғаны анық. Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет», «тәңірлік даналық» ілімінің негізін салды.

 Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Бұл ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің «Диуани хикмет», «Мират-ул қулуб», «Пақырнама», «Рисала-и дәр әдәби тариқат» еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық қаламгерлер (ақындар мен шежірешілер) туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту принциптері құрады.

Атап айту керек, шариғат ілімдерін терең игертуге бағытталған дәстүрлі медреселер жүйесімен қатар діни білімді рухани тәжірибемен ұштастыруды, рухани кемелденуді мақсат еткен тариқат ұстаздары қалыптастырған рибат, текке, құжыра, забия, ханака секілді білім ордалары орта ғасырларда қазақ жерінде кеңінен тарады. Медреселер нақты мамандандыру жүйесі болса, аталған рухани білім ордалары рухты кемелдендіру жүйесі ретінде қызмет етті.

«Ислам дінін қазақ даласына таратып, орнықтыруда оқу, ағарту ісімен де айналысып, қарапайым халықтың көзін ашып, ізгілік пен игілікке, тақуалық пен имандылыққа тәрбиелеуде қожалар мен сунақтар және Қожа Ахмет Йасауи ілімін ұстанған сопылар орасан зор роль атқарды» деп жазады шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі.

Монғол шапқыншылығынан кейін Ұлы Жібек жолы бойындағы көптеген қалалардың тіршілігін тоқтатқаны белгілі. Қалалардың ендігі бір бөлігі бастапқы қарқынымен біршама уақыт өмір сүріп келгенімен, бұрынғы гүлдену кезеңіне қайта көтеріле алмады. Қазіргі Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесінің тоқырауына осы тарихи дәуір тікелей әсер етті.

Дегенмен еліміздегі діни білім беру жүйесі тоқтап қалған жоқ, ғасырлар бойы нақты тарихи ахуалға орай өзгерістерге ұшырап, оңтайлы үлгілерде дамып отырды. Рухани ілімге деген халық сұранысы қазақ жерінде діни білім беру жүйесінің жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілерін қалыптастырды. Соның ішінде ірі қалаларда жалғасын тапқан медреселер қызметімен қатар көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарағанын атап айту қажет. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жағдайлы отбасылар жалдаған молдалар қазақ балаларының хат танып, сауат ашуына ықпалын тигізді. Қазақ меценаттарының көмегімен ел ішіндегі діни білімді рухани тұлғалар да өз жүйесімен бала оқыту арқылы халықтың діни сауатын көтерді.

Осындай рухани қайраткерлердің күш-жігерімен бертінде Сыр бойында атақты ахундар мектебі қалыптасты. Бір ғана Алдашбай ахунның мектебінде 2000-ға жуық қазақ балалары білім алғаны туралы деректер сақталған. Түркістан өңірінің рухани тәлімін жалғастырып, Маңғыстау ахундары мектебінің қалыптасуы, Қостанай өңірінде дүниеге келіп, Сыр бойында дін ілімін таратқан Марал ишанның қайраткерлігі, көкшетаулық Науан хазіреттің орыс отарлау саясатына қарсы бар қазақтың рухани көсемі ретінде қарсы шығуы, Қызылорда өңірінен шыққан Ахмет ишанның Бұхарада ілім алып, Ақмола, Торғай, Жезқазған өңірлерінде қызмет етуі, Мүсірәлі сопының үш жүздің пірі атануы секілді рухани оқиғалар қазақ мәдениетінің біртұтас діни ілімдер мен дәстүрлер аясында дамығанының айғағы болып табылады. Қазақ даласынан шығып, Бұхара, Самарқанд медреселерінде білім алған көптеген рухани тұлғалар ел ішіне оралып, туған халқының дін дүниесіне қызмет етті.

«Түркістан» халықаралық энциклопедиясында (Алматы, 2010) ортағасырлық медреселердің оқу жүйесі жайында мынадай мәліметтер келтіріледі: «Медреселер өзінің білім беру жәрежесіне қарай төрт сатыға бөлінді: 1. Ибтидаия (бастауыш медресе), оқу мерзімі –  4 жыл; 2. Рушдия, оқу мерзімі – 3 жыл; 3. Иғдадия (жоғары оқуға дайындық), оқу мерзімі – 3 жыл; 4. Ғалия (жоғары білім), оқу мерзімі – 3 жыл. Ғалияны бітірген шәкірттерге «абыз», «молда», «халфе», «мударрис» деген атақ беріледі. Медреселерде жалпы оқу мерзімі 12-13 жылға созылады.

Оқу пәндері медреселердің сатысына байланысты белгіленеді. Жоғары білім беретін медреселерде арабшалық (лексика, этимология, синтаксис, риторика тарих, Құранды оқу-игеру әдісі, ғұламалар бахасы); дін үйрену, заңнама (Құранды, оның аяттарын, хадистерді талдау, фикх, заң негіздері); фәлсафа (логика, математика, география, астрономия, медицина, табиғаттану, ой талдау фәлсафасы) оқытылады. Медреселердің бағдарламасында діни оқу жағы басым болады».

Қазақ даласындағы рухани білім кеңістігінің бірегейлігін қамтамасыз еткен көзге көрінбейтін факторлардың ең негізгілері – халықтық рухани мұралар болды. Қазақ халқының дүниетанымы, діни көзқарастары, ұлттың рухани құндылықтары ауыз әдебиеті шығармаларында көрініс тапты. Діни тақырыпқа арналған қисса-дастандардан ислам дінінің негізгі қағидалары, танымал тұлғалары, шариғат заңдары жайлы мол мәлімет алуға болатын.  Есепсіз көп мұндай туындылар көпшілікке арналған діни оқулықтың ролін қоса атқарып, қазақ мұсылмандығын қалыптастырудың, діни сауатын көтерудің теңдессіз құралына айналды.

Исламдық оқу орындары. Исламдық білім беру жүйесінің жолға қойылуында ҚМДБ шешуші роль атқарды. Қазір еліміздегі ислами білім беру жүйесі бес деңгейде қызмет атқарады: Діни сауат ашу курстары, қарилар дайындау орталықтары, медреселер,білім жетілдіру институты, университеттер.

  Діни сауат ашу курстары. Еліміздегі көптеген облыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар ҚМДБ-ның қолдауымен мектеп жасындағы балалар үшін жыл сайын жазғы діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып, жұмыс жүргізуде.2013 жылдың І тоқсанындағы есеп бойынша исламдық сауат ашу курстарының саны – 334, білім алушылар саны – 5789.

 Ислами білім берудің бастауыш деңгейі – діни сауат ашу курстары жетілдіру мақсатындағы бірқатар өзгерістерді қажет етеді. Өйткені діни сауат ашу курстары көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі түрде және кең көлемде жетілдіруге  мүмкіндік беретін басты тетік болып табылады. Бірақ діни сауат ашу курстарының бастысы кемшіліктерінің бірі – шәкірттерге ешқандай жауапкершілік жүктемейтіні, сондықтан курс шәкірттерінің оқу үдерісін кез келген уақытта үзіп, тастап кетуі жиі кездеседі. Осының салдарынан діни сауат ашу курстарына түскен шәкірттер саны мен бітірушілер саны арасында үлкен айырмашылық пайда болады. Астана медресесі ұстаздарының мәлімдеуінше, Құран оқу курстарына жазылған жүздеген шәкірттен тек бірнешеуі ғана курсты толық бітіріп шығады. Бұл жағдай оқытушылардың білім беруге деген ынтасына кері әсер етеді әрі сырт көпшілік тарапынан діни сауат ашу курстарында берілетін білімнің сапасына күмән туғызады. Сондықтан аталмыш діни сауат ашу курстарының бағдарламаларын жетілдіріп, діни мектептерге айналдыру мәселесін қолға алу қажет. Мұндай діни мектептерді бітірушілерге бастауыш діни білім алғандығы жөнінде сертификаттар берілуге тиіс. Бұл бастауыш діни білімнің деңгейін көтеріп, анағұрлым кең көлемде жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді, жүргізілген жұмыстардың жемісті, нәтижелі болуына үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар діни сауат ашу курстарында емес, діни мектеп деңгейінде оқу дәріс алушылардың да ықыласы мен жауапкершілігін арттырады, болашақта діни қызмет атқару немесе діни оқуын жалғастыру мүмкіндіктерін ұлғайтады.

  Қарилар дайындау орталықтары. Республика көлемінде2010 жылдың желтоқсан айында Ақмола облысы, Қосшы елді мекенінде ашылған  «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігіне қарасты «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» Құран қариларын дайындау орталығы» және Шымкент қаласында 2013 жылы тіркеліп, іске қосылған «Ықылас» қарилар дайындау орталығы» жеке мекемелері қызмет атқаруда. Орталықтардың мамандану бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады. Орталықтарда білім алатын шәкірттердің жалпы саны – 161.

«Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» Құран қариларын дайындау орталығында» оқу уақыты академиялық сағатқа сәйкес 45 минут болып белгіленген. Орталықтағы шәкірттер жас ерекшелігіне және Құранды игеру дәрежелеріне қарай 4 топқа бөлініп оқытылады. Мектеп жасындағы балалардың барлығы жақын орналасқан «Қосшы» ауылдық орта мектебінде оқиды. Балалардың зайырлы білімін жүйелі түрде алуы тәрбиешілер тарапынан қатаң қадағаланады.

Дегенмен шәкірттердің ой-өрісін кеңейтуіне, бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасалмаған. Әдеби кітаптарды, балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық әдебиеттерді оқу жағы жетіспейді. Компьютер бөлмесі, спорт залы іске қосылмаған, тәлімгерлік дәрістер ұйымдастыру ісі қолға алынбаған. Аталған бағыттарда нақты шараларды атқару орталық жұмысын еліміздің заңнамаларында көзделген білім беру талаптарына сәйкестендіруге және шәкірттердің бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты болып қалыптасуына игі әсерін тигізбек.

  Медреселер. ҚМДБ құрамындағы арнаулы орта және кәсіптік білім беретін мекемелер санатындағы 9 медресе Астана, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған, Тараз өңірлерінде 2007 жылдан бастап ашылған. Барлық медреселердің діни білім беретін оқу бағдарламалары бойынша қызмет жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиялары бар. Медреселер ҚР Әділет министрлігінде тіркелген, ҚР Қаржы министрлігінен Салық төлеуші куәлігін алған. Медреселердің Жарғылары, статистикалық карточкалары, т.б. құжаттары толық. Білім беру қызметін ұйымдастыруы Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкес жүргізіледі.

  Барлық медреселер «Діни қызметкерлер үшін білім беру бағдарламасына қойылатын талаптар» мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қызмет атқарады. 0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің эксперименттік оқу жоспарлары бекітілген. Мәдени шаралар мен тәрбие ісінің жоспарлары барлық оқу орындарында жасалған.

  Медреселерде негізінен жоғары діни білім алған отандық мамандар қызмет етеді. Оқытушылардың көпшілігі «Нұр-Мүбарак» университетінің, Халықаралық Қазақ-Араб университетінің, Ташкент ислам институтының, Ташкент ислам университетінің түлектері. Сонымен қатар медресе лер құрылтайшысы болып табылатын ҚМДБ мен Мысыр елінің «әл-Әзһар» университетінің арасындағы келісімшарт негізінде келген араб оқытушылар және «2030 Қазақ-түрік жастарын қолдау қорының» қызметкерлері болып табылатын түрік ұстаздар жекелеген медреселерде қызмет атқаруда.

  Ұстаздардың базалық білімі, мамандану деңгейі орта діни оқу орны, яғни медресе оқытушысына қойылатын жүйелі діни білім беру талаптарына сай, алған мамандықтары оқытатын пәндеріне сәйкес келеді. Әрбір оқытушының өз пәндеріне арналған жұмысшы оқу бағдарламасы, дербес жұмыс жоспарлары жасалған. Штаттық жылдық оқу жүктемелері медресенің оқу бөлімі тарапынан бекітілген.

  Білім жетілдіру институты. ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты ҚМДБ  бастамасымен және Ислам даму банкінің қаржылық қолдауымен 2002 жылы ашылған. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде №474 1900 ДБ тіркеу нөмірі бойынша «Жоғары мамандық білім мекемесі» ретінде тіркелген. Институттың Жарғысы және басқа да құрылтай құжаттары толық бекітілген.

  Институттың негізгі мақсаты имамдардың білімін жетілдіру болып табылады. Оқу үдерісі төрт айға созылатын курстар бойынша жүргізіледі. Курстар қыркүйек – қаңтар, қаңтар – мамыр айлары арасында жылына екі рет өтеді. Тыңдаушылардың көпшілігі 40 жастан асқандар. Институттың лицензиясы жоқ, өйткені бұл мекемедегі білім беру жүйесі қысқа мерзімді курстардан тұратындықтан, лицензиялауға жатпайды.

Оқу үдерісі институт басшысы бекітіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілген оқу жоспары негізінде дәстүрлі ханафи мазхабы бағытында жүргізіледі. Отандық дін саласының мамандары ислам дініне қатысты пәндерді дәстүрлі исламның доктриналық бағыты бойынша жүргізеді. Зайырлы қоғамдық пәндерден Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері өтіледі. Оқу орны басым бөлігі араб тіліндегі діни әдебиеттермен қамтамасыз етілген.

  «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті 2001 жылы Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы келісімге сай құрылған. Университетке жалпы басшылық ететін және оның қызметін екі тараптан  үйлестіретін Қамқорлар кеңесінің құзіретіне қаржы, мәдени, білім беру саясатын қалыптастыру кіреді. Университеттің білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиясы бар (АБ сериялы №0137466, 2010 жылдың 29 қыркүйегінде берілген). Университетте берілетін мамандықтар ҚР жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарымен қамтамасыз етілген.

  ҚМДБ және ҚР Әділет министрлігі жанындағы бұрынғы Дін істері комитетінің төрағасы бекіткен жоғары кәсіптік білім (бакалавриат) бойынша исламтану мамандығының экспериментальды оқу стандарты, оқу жоспарлары бар. Оқу стандарты және оқу жоспарлары ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі  білім департаментімен келісілген. Университетте 2012-2014 жылдарға арналған стратегиялық бағдарлама әзірленген.

  Университет ұстаздарының басым бөлігі теологиялық білімін Қазақстан,  Египет және Түркия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарынан алған. Оқу үдерісінің бағыттылығы ханафи мазхабы бойынша жүреді. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы қажетті талаптарға сәйкес келеді.

 Дінтанулық білімҚазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған жағымды әрі қажетті үрдістердің бірі дінтану мамандарын даярлау болып табылады. Дінтанушы мамандарды еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр» Қазақ-египет ислам университетінің дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды. Отандық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған дінтанушылар ғылыми-педагогикалық, сарапшылық қызметке араласып, игі нәтижелерді көрсетіп келеді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Дінтану» мамандығына жыл сайын 60 мемлекеттік грант бөлінеді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етеді. «Дінтану» мамандығы барлық оқу орнында мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес бекітілген бағдарлама бойынша жүреді. Дегенмен оқу үдерісінде басшылыққа алатын әдістемелік құралдардың әр алуан болуы және оқытушылардың дайындық деңгейінің әркелкілігі бірізділіктің болмауына алып келуде.

Дінтану пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі қазіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да өте маңызды. Орта мектепте дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізетіні сөзсіз.  Сондықтан аталған пәннің сағат санын көбейту мәселесіне мүмкіндігінше тереңірек маңыз берген жөн.

Дінтанушы мамандарға қосымша мамандық беру мүмкіндігін қарастыру да осы мәселені шешудің екінші бір тетігі болмақ. Қазір орта мектептерде тәжірибе жүзінде дінтану пәнін тарихшылардың жүргізуі қалыптасқан. Осы жағдайды және аталған пәндердің салалық шектестігін ескере отырып, дінтанушыларға «дінтанушы-тарихшы» қос мамандығын беру мүмкіндігін қарастыру барлық жағынан тиімді болып табылатыны сөзсіз.

Сонымен қатар «дінтану» пәнінің орта мектептегі қолданыс аясын кеңейту үшін оны «дін тарихы» деген атпен жаңа пән ретінде қалыптастырып, сәйкес бағдарлама жасақтау мүмкіндіктерін де қарастырған жөн.

  Елімізде 2009 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи атындағы университетте «теология» мамандығы бойынша діни және дінтанулық салаларды астастырған жоғары білім беріле бастады. Бұл мамандықтың ерекшелігі дінді тек сырттай талдау, бағалау, пайымдау арқылы тану және танытумен шектелмей, діндердің ішкі болмысын зерделей оқытатын курстардың үлес салмағы басым болуында. Дін ұстанушының сана сезімінің динамикасын зерттейтін, түсіндіретін пәндер тағылымын тәжірибемен ұштастыруға, дінтану ғылымын өз кезегінде екінші бір шетін көзқарас болып табылатын атеизм ұстанымдарымен біржақты қаруландырудан сақ болуға мүмкіндік беретін аталған мамандықтың еліміздің діни және дінтанулық білім жүйесінде өзіндік орны болары сөзсіз. Қазіргі күні болашақ отандық теологтардың алғашқы буыны соңғы курста білім алуда.

  Отандық білім жүйесіндегі 2013 жылғы жаңалықтардық бірі «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану», «теология» және  «шығыстану» мамандықтарына грант бөлінгендігі болып отыр. Бұл қадам отандық мамандардың діни және дінтанулық білім саласындағы біліктілігін арттырып, әлемдік тәжірибемен жете танысуға септігін тигізері анық.

Қорыта айтқанда, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бірізділендіруге, мазмұны тұрғысынан байытылуға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалылығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ. Мектептегі «Дінтану негіздері» оқулығы да осындай толықтыруларға мұқтаж. Аталған пәнге бөлінген уақыт пен даярланған дінтанушы мамандар әлеуетін орынды пайдалану қажеттілігі мектеп қабырғасында өтілетін осы пәннің сағат санын көбейту шарасын жедел арада қолға алу қажеттігін көрсетеді.

Діни және дінтанулық білім базалық пәндері мен бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес  діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн.

Алида Өмірзақ,
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ,
“Оңалту жұмыстары және діни
 психологиялық қолдау” бөлімінің теолог маманы.