АИДА БАЛАЕВА: 73 000 ДЕСТРУКТИВТІ МАТЕРИАЛ БҰҒАТТАЛДЫ

0
653

Былтыр 73 000 деструктивті материал бұғатталып, БАҚ мен әлеуметтік желілер арқылы 80 000-нан астам діни ағарту жұмыстары жарияланды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева хабарлады.

«Халқымызда «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген сөз бар. Оның шынайы мәнін біз, әсіресе, жастарға жеткізуге тырысамыз. Бұл ретте, негізгі үш бағытты атап өтуге болады: Бірінші – интернеттегі діни экстремизм идеологиясына қарсы күрес, екінші – нақты мақсатты топтармен ақпараттық-түсіндіру жүргізу, үшінші – жат діни ағым құрбандарын оңалту жұмыстары.  

Радикалды діни ағымдар идеологиясы негізінен интернет ресурстар арқылы таралатыны белгілі. Бұл ретте, экстремистік діни ақпараттың алдын алу мақсатында интернет желілеріне ұдайы мониторинг жүргізіледі. Былтыр осындай 73 000 деструктивті материал бұғатталып, БАҚ мен әлеуметтік желілер арқылы 80 000-нан астам діни ағарту жұмыстары жарияланды.

Халыққа сапалы діни ақпарат беру мақсатында бүгінде 229 түсіндіру-насихат тобы бар. Жоғары сауатты, кәсіби сарапшылардан тұратын үгіт-насихат тобы 1,5 миллион халықты қамтыған 16000-нан астам нақты ағарту шараларын жүргізді. Әсіресе радикалды діни ағымдар ықпалына түсу қаупі жоғары нақты мақсатты топтармен жұмысқа баса мән берілді» деп атап өтті Аида Балаева.

Министр сондай-ақ радикалды діни ағым құрбандарын оңалту ұзақмерзімді жұмыс екенін алға тартты. Оңалту жұмыстары психологиялық, заңды-құқықтық, әлеуметтік, медициналық кешенді көмекті қажет ететінін, соның ішінде психологтардың, теологтар мен имамдардың кәсіби білігіне қойылатын талап өте жоғары екенін атап өтті.

«Бұл орайда, еліміздің барлық өңірінде «Ақниет» оңалту Орталығының филиалдары жұмыс жасайды. Соның ішінде, әсіресе «Жусан» операциясымен елге жеткізілген әйелдер мен балаларды оңалту – ең басты назарда. Жүйелі де сапалы жұмыстар нәтижесінде бүгінге дейін, елге оралған әйелдердің 95%-ы радикалды діни сенімнен толық бас тартты. Түптеп келгенде, елімізде діни ахуал тұрақты, жат діни ағымдардың алдын алу мен оның құрбандарын оңалту жұмыстары жүйелі жолға қойылған» деді министр.