Исламдағы толеранттылық

0
782

Дәстүрлі Ислам діні ұлттар мен ұлыстарды нәсіліне қарамай бейбіт бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік дін. Қасиетті Құран Кәрім кітабы адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтауын, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасқанын құптайды.

Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді қасиеттерге үгіттейтін дін болса, Отан – сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым.

Толеранттылық рухани келісім қағидаттары дәстүрлі діндердің бәріне тән. Дінаралық татулықты сақтау қағидатына Исламда баса мән берілген. Пайғамбарымыздың хадисінде «Мұсылман – өзгелер қолы мен тілінен зиян көрмеген адам» деген. Діндер арасындағы татулық негізін сақтауға да қатысты деуге болады. Басқа дін өкілдерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болу – Ислам шариғаты бұйырған іс-амалдардан саналады.

Мұхаммед пайғамбар жорық кезінде өзге дін өкілдерінің ғибадат ғимараттарын қиратпауды, дін өкілдерін өлтірмеуді, оларға қол жұмсамауды, өзге діндегілердің құдайларына тіл тигізбеуді өсиет еткен. Мұхаммед пайғамбардың тәлімін алған ізбасарлары да мұсылмандардың қол астына кірген елдерде осы ұстаныммен билік жүргізді.

Демек, шариғат бойынша мұсылман адам өзгелерге бәрінен бұрын қауіпсіздік пен амандықтың кепілдігін ұсынады. Сондықтан өз мақсаттарына жету жолында діни мәтіндерді үзіп-кесіп, орынсыз түсініктемелермен қолданып жүрген бүгінгі жалған радикалды топтар шынайы мұсылмандар санатынан емес. Шын мәнінде тыныш жатқан ел тұрмақ, соғыс кезінде соғыстан бас тартқандардың өзіне шабуыл жасауға рұқсат берілмейді. Құранда: «Егер олар сендерден аулақ тұрса әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді», — делінген («Ниса» сүресі, 90-аят).

Ислам әскерлері христиан діні өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін ондағы тұрғындармен Хазіреті Омар 637-жылы мынадай келісімшарт жасаған: «Бұл Аллаһтың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулерін ешкім тұрғын үй есебінде қолданбайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді».

Сондай-ақ, Шам маңында моңғол әскерімен бітім жасасуға келген мұсылман елшісі тек мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдері де тұтқыннан толық босатылмай, келісімге келе алмайтынын айтқан. Елші бұл сөзге таңырқай қараған қарсы жаққа өзге дін өкілдерінің мұсылмандар үшін аманат екенін, ал аманатқа қиянат жүрмейтінін мәлімдеп, Мұхаммед пайғамбардың:

«Сізге кітап иелерін, яғни христиандар мен иудейлерді аманат етемін» деген хадисін бұлжымас әмір ретінде қабылдайтынын танытқан.

Ұлтсүйгіштік және өзге ұлттарды құрметтеуге де Исламда терең мән берілген. Дін, діл, тіл, ұлт атаулары бір-бірімен ажырамас байланыста. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық»; «Бір-біріңненсіңдер» (яғни бір ата, бір анадансыңдар) дейді.

Ұлттардың жаратылуында да Алланың хикметі бар. Ұлтын сүю, қадірлеу «Отан» ұғымының аясына кіреді. Өз ұлтын сүю, оның тарихын, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын құрметтеу, өзге ұлт өкілдерінің де осындай құндылықтарына құрметпен қарау, ислами құндылықтар аясында ұлтаралық татулықты сақтауға септесу – шынайы мұсылман сипатына тән.

Икрам Айтаев,
ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар: Дінтану негіздері пәнінің оқытушыларына арналған әдістемелік құрал / Редакторы А.Әбдірәсілқызы. Құрастырушы: Е.Ибраев. – Астана, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, 2015. – 182 б.

2. Дінтанулық зерттеулер: мақалалар жинағы / Религиоведческие исследования: сборник статьей. Составители: А.Омаров, Б.Рахимова. – Астана: РГУ «Научно-исследовательский и аналитический центр по вопросам религий» Министерства культуры Республики Казахстан, 2014. – 154 стр.