Қай ғасырда болмасын, тәрбие мәселелері назардан тыс қалып көрген емес. Әсіресе, бала тәрбиесі. «Адамның бір қызығы бала деген…», «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп Абай айтқандай, адам қашанда ұрпағымен қымбат.  Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауға болмайтын маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысының деңгейіне байланысты. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші әрине, ата-ана. Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бір хадисінде: «Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы әр қайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар», – деп айтқан. Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Баланың өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек.

Ал тәрбие, тал бесіктен емес, құрсақтан басталады. Оның себебі, болашақ ана баланы бесіктен емес, құрсақтан бастап тәрбиелеуі керек. Балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты ананың ыстық ықыласы мен тәрбиесінен берілетін құнды дүние. Бала тәрбиесі ата-ана тәрбиесімен ұштасып жатуы тиіс. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі. Жапондар бала тәрбиесіне баса мән беретін ұлттың бірі. Олар «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Әке балаға үнемі қатал болмауы керек, көп еркелете де бермеуі керек. Сөйлегенде айбаттылығын сақтауы керек. Балаға әкесінің байлығымен, лауазымымен мақтанбауын ескерту керек. Қарапайым және сыпайы болуды үйрету керек. Баланы тәрбиелеу үшін ұру дұрыс емес. Тек қателік істейтін болса, жазалануы мүмкін екендігін сезіндіру керек.                                              

Пайғамбарымыз бала-шағаны ұрмауды әмір еткенімен, тәрбиелеу үшін жазаланатынын, ұрылатынын сезіндіру керек екендігін білдірген. Жасына сай келетін түрлі спорттар баланың денсаулығына және сана-сезімінің дамуына ықпал етеді. Хадис шәрифте: «Адамның діні – досының діні секілді.» делінген. Жақсы ортаға және жақсы достарға қол жеткізуге тырысуы керек.

Бүкіл ата-аналардың ортақ міндеті – балаларын жақсылап жетілдіру. Бұл тақырыпта бір өздерінің талыпыныстары жеткілікті емес. Балаларды жаман достарынан және жаман бейнелі, жазбалы ақпарат құралдарының зияндарынан да қорғау керек. Оларға дінін, отанын, байрағын жақсы көргізетін, ата-анаға, адамдарға құрметті, елінің мәдениетін, құндылықтарын, жетістікке жетудің жолдарын үйрететін, патриоттық сезім ұялататын пайдалы, жақсы ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Баланы жалғыз жетілдіру де мүмкін емес. Жақсы ортада, жақсы адамдармен көрші болу керек. Құран кәрімде: «Насихат мұсылмандарға, әрине, пайда береді» делінген (Зарият 55). Балаға отбасы ішіндегі біреу ұрысып жатса, басқасы оны жақтамау керек. Оны өзге адамдардың алдында ұрыспау, жазғырмау керек. «Кісінің діні – досының діні секілді»,- деген хадис шәрифті негізге алып, жақсы адамдармен дос болуын қадағалау керек.

Баланы күш қолданып, ұрып жөнге салуға тырысқан ата-ана, баланың қызба мінезді, мейірімсіз, жауыз болып өсуіне және өз қиыншылықтарын күштеп шешуге тырысуына себеп болады. Жақсы істері мен сөздерін мақтап, марапаттау керек, ал жамандықтарының зиянын жұмсақ тілмен түсіндіру керек. «Былай істе, былай істеме» деудің орнына үлгі болуымыз керек. Өйткені әл-әрекеттеріміз сөзге қарағанда көбірек әсер етеді. Өзіміз халімізбен, әрекеттерімізбен жақсы үлгі, өнеге бола алсақ тәрбие ісі жартылай атқарылды деген сөз. Сосын пайғамбарымыздың, сахабалардың, әулиелердің, батырлар жырын, ақын жыраулардың өмірбаяндарын айтып, ғибратты оқиғаларын айтып оларға деген сүйіспеншілікті ұялату керек. Адам жақсы көрген адамдарына ұқсағысы келеді, жақсы көрген адамдарының сөздеріне мойынсұнады.

«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар. Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» депті педагог С. Макаренко.

                                                                           А.Оралбаев,
«Оңалту жұмыстары және діни психологиялық  қолдау»
бөлімінің басшысы

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *