Фейк хабар таратудың діндегі жазасы қандай?

0
419

Сұрақ: Бүгінде әлеуметтік желіде фейк ақпараттар көбейіп кетті. Жалпы өтірік хабар таратудың діндегі жазасы қандай?

Жауап: Өтірік айту, жалған куәлік беру деген сияқты алдап-арбауға қатысты бар амалдарға дінде тыйым салынған. Өтірік әңгіме немесе өтірік хабарламаның кесірін тек бір немесе бірнеше адам ғана тартпайды, мына жаһандану заманында мұның зардабын барлық дерлік қоғам мүшелері, ұлттар мен ұлыстар да тартуы мүмкін. Себебі желімен ойнауға болмайды. Желі жылдам әрі әрбір азаматтың қолында, үйінде, тіпті, жатын бөлмесінде бар.

Өкінішке орай, бүгінде желі арқылы фейк (өтірік) хабарларды тарататындар пайда болған. Біреу білместікпен фейк хабар таратады, екіншісі фейк хабарды әзілдеп таратуы мүмкін, үшіншісі фейкті қызық көріп таратуы ықтимал, бірақ қалай болғанда да өтірік хабарлама таратуға дінде ғана емес, ҚР Қылмыстық және Әкімшілік кодестеріне сәйкес көрнеу ақпаратты таратқан адам арнайы баппен жазаға тартылуы қарастырылған.

Шариғатқа сәйкес бұл дүниеде өтірікші адам ақыретке дейін өзінің айтқан өтіріктерін арқалап жүреді екен: Пайғамбар (с.ғ.с): «Бұл түні үйге екі кісі келді. Маған ол екеуінің ішіндегі езуі жыртылған, өтірікшісі сөйледі. Мен оның үстіне арқалаған өтірігі көкке жетіп тұрғанын көрдім. Ол осындай күйде қиямет күніне шейін жүреді», – деп айтқан (Бұһари).

Өтірік сөздің осындай зардабын білген Лұқман есімді тақуа өз ұлына: «Құлыным, өтірік сөзден аулақ болғай! Өтірік сөз, құстың еті сияқты дәмді, бірақ оның бір үзімі адамды күйдіріп жібереді», – деп кеңес беріпті.

Жағас САДУАХАСҰЛЫ