Шет елде діни білім алу мәселесі

0
437

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде еліміздегі жастардың жан-жақты білім алуы үшін көп мүмкіндіктер пайда болды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде мыңдаған қазақ жастары дамыған елдерге барып, білім алды. Дәл осы сәтте діни білім алуға ұмтылған жастардың да қатары көбейген. Көпқырлы мамандық игеру үшін бүгінде   араб елдері мен Түркия, Пәкістан және тағы басқа  мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Араб мемлекеттері мен Таяу Шығыс, Азияның кейбір елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие.

Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармастан,  өз балаларының  басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Бұл ретте балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс және бұл өте маңызды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, еліміздің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан сақтандырып, шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өтуге тиіспіз.

Жоғарыдағы мәселелерге байланысты еліміздің жастары қазіргі таңда діни білімді отандық діни оқу орындарында алғаны маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бір Ислам университеті мен тоғыз медресе жұмыс істейді. Алматыда Нұр Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті алғаш құрылған жылдан қазіргі кезге дейін еліміздің беделді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде жоғары оқу орындары – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттерінде дінтану мамандары даярланады.

         Қорыта айтқанда, шет елдердің діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде магистратура және докторантура оқуға болады. Ал бастапқы білімді, яғни бакалаврлық базалық білімді шет елдердің діни білім орталықтарында алудың қажеттілігі жоқ. Өз елімізде білікті мамандар дайындалып жатыр. Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.

Е.Айнабек,

ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.