ШЫМКЕНТТЕ ТҰҢҒЫШ РЕСТОРАНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ БАСТАЛДЫ

0
441

Шымкент қаласында «Наурыз – Шымқалада» мерекелік бағдарламасы аясында «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесі бастау алды. Жәрмеңкеге қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, ресторандардың әзірлеген ас мәзірлерін тамашалап, өз бағасын берді. «Бұл шараның «Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз» мерекесі қарсаңында, «Ұлттық тағамдар күнінде» өтуі – заңдылық. Шымкент қаласы әртүрлі тағамдарды дәмді дайындауымен танымал екені белгілі. Бұл ретте, біздің жәрмеңкені өткізудегі басты мақсатымыз – сіздер мен біздің сүйікті шаһарымызды, шырайлы Шымкентімізді еліміздің гастрономиялық туризм орталығы ретінде брендін қалыптастыру болып табылады. Қала тұрғындары мен қонақтары шаһарымыздың қонақжайлылығын сезініп, мерекеден керемет эмоция алады деп сенім білдіремін», — деген қала басшысы барша қатысып жатқан жергілікті тамақтану орындарының ұжымына алғысын айтты. Жәрмеңкеге жергілікті Wok-Wok, BarVilka, Бахчи-Сарай, Кәусар, Kөk-Saray, TheПАПА, Ладушки, 19.06, Мадлен, The secret, Happy cake, Афрасиаб, Кофе молка, Блинчик сынды 50-ге жуық қатысып отыр. Олар «Ең үздік шымкенттік палау», «Ең үздік шымкенттік наурыз көже», «Ең үздік шымкенттік кондитерлік өнім», «Ең үздік шымкенттік фаст-фуд», «Ең үздік шымкенттік кәуап» және «Ең үздік шымкенттік самса» номинациялары бойынша бақ сынасады. Үздіктерді қазылар алқасының құрамындағы «Horeca Қазақстан» мейрамхана-қонақ үй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық қауымдастығының Президенті И.Копайлов және Томас Мюллер, С.Отарбаев, Р.Усманов сынды шеф-аспаздар, тележүргізуші Айгүл Мүкей, food-блогер және вайнер М.Мамраимов, Шымкент қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының президенті А. Архабаева, «GraMad» супермаркеттер желісінің бас директоры және мәслихат депутаты А. Наимбековалар анықтайды.Жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпаттар қарастырылған. Жәрмеңке барысында мерекелік кеш ұйымдастырылып, хедлайнер ретінде әнші Argonya және «Metis,s» тобы мен қалаға танымал өнер жұлдыздары қатысып, ән шырқауда. Сондай-ақ, келушілерге сағат сайын конкурстар мен ойындар ұйымдастырылуда. Айта кетейік, екі күнге созылатын шара таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жалғасады.