Вейптерге тыйым салына ма?

0
226

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау жасөспірімдер арасында вейптер кеңінен тарап жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазіргі кезде елімізде құрамында белгісіз химиялық заттар мен никотиннің едәуір мөлшері, вейптердің балалар мен жастар арасында жоғары қарқында таралуы эпидемия сипатында десек болады. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2020 жылдан бастап «вейп» нарығы 292 есеге өсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылы Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сәйкес, 15 жастағы ұлдардың 14 пайызы, қыздардың 6 пайызы электронды темекіні бір рет қолданып көрген. 11-15 жас аралығындағы ұлдардың 8,5 пайызы, қыздардың 3,8 пайызы вейпті тұрақты түрде алған», – деді Нұргүл Тау Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында. Оның айтуынша, 2022 жылы жүргізілген зерттеулер бойынша 2018 жылғы деректермен салыстырғанда жасөспірімдер арасында вейптер кеңінен тарап жатқаны анықталды. «Әсіресе, екі есе өсім 13-15 жас аралығындағы балалалар арасында байқалды. Жалпы, вейпті алған балалар саны 1 миллионға жеткен. Бизнестің жоғары табысын ескерсек, вейп бойынша балалар мен жасөспірімдерге бағытталған маркетинг қолданылып келеді. Бұл тұрғыда вейптердің орташа есеппен 2000 теңгеден аспайды», – деді депутат. «Жоғарыда айтылғандардың негізінде, депутаттық сауалда қойылған мәселелерді қарауға және елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыру ұсынысын жасаймыз», – деді ол.