Шымкент: Аймақтық ата-аналар форумы өтті

0
216

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қалалық өкілдігі Дін істері басқармасымен бірлесіп «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында «ІЗГІ ҚОҒАМ – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ» тақырыбында аймақтық ата-аналар форумы өтті.

Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, сектордың Түркістан облысындағы жауапты өкілі Еңлік Әбиева және қалалық Әйел-қыздар секторы жетекшісі Балжан Досжан ұстаздар  қатысып, сөз сөйледі.

Тұңғыш ұйымдастырылған игі шараны шаһар бас имам орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров жүргізіп отырды.

Форум барысында баяндамалар мен көріністерге кезек берілді. Атап айтқанда: «Әйел-қыздар» секторына қарасты «Әжелер» мектебінің мүшесі Қалдыкүл Бекжанова  «Ұлттық тағамдар мәзірі» жайлы, орталық мешіттің ұстазы Күлсара Бекет «Киім кешек, әшекей бұйымдар»  туралы,  ал «Әбсаттар Сманов» мешітінің ұстазы Жамал Қадырова «Тәлім-тәрбие беру жолдары» баяндама жасады. Мұнымен қатар, «Байғұт баба» мешітінің ұстазы Гүлжан Омарова «Ұлттық жөн-жоралғы» тақырыптары аясында көріністер көрсетіп, баяндамалары өте сәтті шықты.

Сондай-ақ, форум барысында бата беру дәстүрі бойынша жазылған Мұхамеджан Естеміровтің «Діни баталар кітабы» еңбегінің танытымы ұйымдастырылып, тегін үлестірілді. 

Жалпы, игі шараға мешіт имамдары. қала тұрғындары, көпбалалы аналар, елімізге «Жусан» операциясы арқылы оралған қыз-келіншектер қатысты.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған салт-дәстүрге арналған шарадан қатысушылар мол мағлұмат алып, көкейде жүрген сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.